Аталмыш конференция бизнестің ауқымын кеңейту үшін іскерлік машықты жетілдіруге және қаржылай қолдауға мұқтаж бизнеспен айналысып жүрген қыз-келіншектерге, атқарушы директорларға, екі жылдан бері өз ісін тұрақты дамытып жатқан шағын және орта бизнес өкілдеріне арналған.
«Бизнестегі әйелдер» бағдарламасы Еуропалық Қайта құру және дамыту банкінің және де ҚР үкіметі қаржыландыруымен 2015 жылдан бастап Қазақстанда қызмет етіп келеді.
WECON конференциясы – әйелдердің жасына қарамай, барлық экономикалық мүмкіндіктерін ашуға, бизнес барысындағы қажетті білім мен дағдыларды дамытуға, кәсіпкерліктің ауқымына қарамастан оған қолдау көрсетуді көздейді.
Сонымен Қарағанды, Шымкент, Өскемен, Ақтөбе, Атырау және Қостанай сынды Қазақстанның ең ірі қалаларында өткен бұл іс-шараға биыл 300-ден аса адам қатысты.
Конференция қатысушылары "Бизнесті көп табыс көзіне айналдыратындай қалай дамыту қажет?", "Жетекші бизнес-кеңесшілерді және тәжірибелі тәлімгерлерді қайдан табуға болады?" деген сауалдар төңірегінде машықтанды.
Сондай-ақ, іскер қыз-келіншектер сабақтас салалардағы мүдделес әріптестерімен танысып, тәжірибе алмасып, табысты әйелдердің мысалын естіп, шабыт алды.
Алматыда өткен баспасөз мәжілісінде конференцияның қорытындысын шығарамыз. Мәжіліс аясында кәсіпкер әйелдер арасындағы отандық бизнес-индустрияның жағдайы, еліміздің түрлі өңірлеріндегі кәсіпкерліктің ерекшеліктері талқыланып, шағын және орта бизнесті қолдауға арналған тәсілдерге шолу жасалды.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»