Қайта жасақталған құрама
Сауд Арабиясы құрамасы негізінен Азия біріншілігі, Азия ойындары секілді сары құрлық жарыстарында бар күшін салады. Талай жылдар бойы өз аймағында мықтылардың қатарында жүрсе де, сәті түсіп әлем чемпионатына шыға алмай жүрді. Ал 1994 жылдан бастап біріншіліктердің финалдық кезеңіне жолдама ала бастады. Бірақ кейіннен дүниежүзілік ойындарда қарсыластарда жеңіліп қайтатын. Мысалы, 2002 жылы жаһандық мундиальда ойнап, Германияға 8:0 есебімен ойсырай жеңіліп еді. Осы бір қаралы оқиға Сауд патшалығына қанжардай батты. Содан бері мемлекет ішінде спортқа, әсіресе футболға байланысты реформалар жүргізіліп, ұлттық құрама қайта жасақталды. Сауд Арабиясы чемпионатының деңгейі көтеріліп, еуропалық легионерлер келе бастады. Солардың бірі – «Астана» сапынан «әл-Наср» командасына ауысқан Джуниор Кабананга. Ел ішіндегі жастар құрамаларына шетелден мамандар шақыртылып, бапкерлер қызметі де жолға қойылды. Қазіргі таңда ұлттық құраманың да бас бапкері испаниялық маман Хуан Антония Пицци. Елдің бас командасының 3 ойыншысы Испан Ла-Лигасында ойнайды. Ал қалғандары «әл Иттихад» пен «әл Хилал» командаларының намысын қорғайды.
Бесінші мүмкіндік
Сауд Арабиясы құрамасы ең алғаш рет әлем чемпионатына 1994 жылы шықты. АҚШ-та өткен додада арабтар айды аспанға шығарып, күллі әлем қарап отырған бәсекеде сенсация жасады. Бірінші рет қатысып отырғанымен қоймай, өз тобынан шығып, 1/8 финалға дейін жетті. Бұл оқиға араб түбегіндегі аяқдоп өнерінің дамуына зор серпін берді. Бұрындары саудиялық футболшыларға өзге біріншіліктерде ойнауға қатаң тыйым салынған еді. Дегенмен, шабуылшы Самми әл-Джабер патшаның өзінен рұқсат сұрап, Англияның «Вулверхэмптон» клубына ауысты. Осылайша ол Англия премьер-лигасында доп тепкен ең алғашқы саудиялық ойыншы атанды. Футболшыларды Еуропа елдерінің біріншіліктеріне жібермеуінің де себебін айта кетейік. Ислам қағидаттарымен өмір сүретін мүмін адамға Батыстың азғындаған қоғамы кері әсерін беруі ықтимал деп саналады.
АҚШ жерінде сәтті өткен чемпионаттан соң Сауд Арабиясы құрамасы Франциядағы 1998 жылғы аламанға да қатысты. Бірақ бұл жолы құрама күткен нәтижені көрсете алмай, өз тобында 4-орын алды. Бұл оқиға 2002, 2006 жылдары да айна-қатесіз қайталанды. Енді биыл саудиялықтар бесінші мәрте бақтарын сынап көрмек.
Мақсат – топтан шығу
Сауд Арабиясы құрамасы ақпан айынан бастап әлем чемпионатына дайындалып жатыр. Әлгі айтқан Самми әл-Джабер қазір құраманың басшысы. Оқу-жаттығу жиындары мен жолдастық кездесулерін ұйымдастырды. Италия құрамасына қарсы жолдастық кездесу өткізіп 2:1 есебімен жеңілді. Алайда саудиялықтардың Италия қақпасына гол соққанының өзі қарсыластарын ойландырып тастады. Сондықтан да анық аутсайдер болып саналатын саудиялықтар бұл жолы өз тобымыздан шығуымыз керек деп мақсат қойып отыр. Алғашқы матчта алаң иелері Ресей құрамасымен кездеседі. Сосын, 20 маусым күні Ростов қаласында Уругваймен ойнайды да топтық кезеңнің үшінші кездесуінде 25 маусым күні Волгоградта Мысыр құрамасымен шайқасады. Хуан Антонио Пиццидің болжамы бойынша алғашқы ойында ресейліктердің қобалжуын дөп басып, жеңіске жету керек. Одан кейін Уругваймен тең түсіп, Мысыр құрамасынан басым болу. Бірақ әрине бұл тек бапкердің ғана болжамы деп қараңыздар. Төрт жылда бір келетін біріншілікте ешкімнің де намысты қолдан беріп, жарыстан ерте шығып кеткісі келмейді. Алайда барлығын жасыл алаң көрсетер. Шетелдік мамандар болса, Сауд Арабиясы әдеттен жаңылмай өз тобындағы соңғы орынға жайғасып, чемпионаттың аутсайдері атына сай болады дейді.
Ермұхамед МӘУЛЕН,
«Егемен Қазақстан»