Аймақтар • 30 Мамыр, 2018

Алматыда «Елдігіміз – бірлікте» көркемсөз байқауы өтті

455 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Рухани жаңғыру – ұлттық бітімімізді, болмысымызды сақтаудың басты көзі. Күн сайын өзгеріп жатқан әлемде ұлттық құндылығымызды сақтаудың жалғыз жолы осы рухани жаңғыру екеніне еш күмән жоқ. 

Алматыда «Елдігіміз – бірлікте» көркемсөз байқауы өтті

Өз тілін құрметтеген халықты ешқандай қиындық жасыта алмайды. Ұлттық рух, ар-намыс, ынта-жігер, өз халқы алдындағы жауапкершілік ұғымдары бір-бірімен тығыз байланысты екені сөзсіз. Бүгінде бабалар мұрасына қанығып, рухани жаңғыруға бет бұрған жастардың қатары көбейіп келе жатқаны да қуантады. Нақ­тырақ айтқанда, Алматыдағы Оқушылар сарайының ұйым­дас­тыруымен өткен мектеп оқушылары ара­сындағы «Елдігіміз – бірлікте» көркемсөз оқу шеберлігі қалалық байқауы дарынды жастарға жол ашқан шара болды. 

Қалалық байқауға 1-11 сынып ара­сындағы оқушылар қатысып, бақ сынады. Олар қазақ әдебиетінің белгілі ақындарының өлеңдерін жатқа айтып, прозалық шығармалардан үзінді оқып, өзара сынға түсті. 

Көркемсөз оқу сайысында ерекше көзге түскен №178 лицейдің 8 «Е» сынып оқу­шысы Әбдірәсіл Жалаладдин бас жүлдені иеленіп, дип­ломмен марапатталды. Сонымен қатар, проза жанры бойынша Ә.Әлімжановтың «Әкесі мен баласы» шығармасынан үзінді, поэзия жанрынан М.Шахановтың «Төртана» өлеңдерін жатқа айтқан 9 сынып оқушысы Әбдірәсіл Заңғар I орынды, 8 сынып оқушысы Асылбек Әли ІІІ орынды иеленіп, мадақталды. Ал орта топ арасынан проза жанры бойынша мәнерлеп оқу көркемдігімен ерекшеленген лицейіміздің 5 сынып оқушысы Әмина Жарылқасын мен Жанбота Мұханова ІІ орынды иеленсе, поэзия жанрында Мөлдір Еспанова ІІІ орын мадақтамасымен марапатталды.

Эльмира РАПИЛОВА,

№178 лицейдің қазақ тілі мен 

әдебиеті пәнінің мұғалімі

АЛМАТЫ