Өз тілін құрметтеген халықты ешқандай қиындық жасыта алмайды. Ұлттық рух, ар-намыс, ынта-жігер, өз халқы алдындағы жауапкершілік ұғымдары бір-бірімен тығыз байланысты екені сөзсіз. Бүгінде бабалар мұрасына қанығып, рухани жаңғыруға бет бұрған жастардың қатары көбейіп келе жатқаны да қуантады. Нақтырақ айтқанда, Алматыдағы Оқушылар сарайының ұйымдастыруымен өткен мектеп оқушылары арасындағы «Елдігіміз – бірлікте» көркемсөз оқу шеберлігі қалалық байқауы дарынды жастарға жол ашқан шара болды.
Қалалық байқауға 1-11 сынып арасындағы оқушылар қатысып, бақ сынады. Олар қазақ әдебиетінің белгілі ақындарының өлеңдерін жатқа айтып, прозалық шығармалардан үзінді оқып, өзара сынға түсті.
Көркемсөз оқу сайысында ерекше көзге түскен №178 лицейдің 8 «Е» сынып оқушысы Әбдірәсіл Жалаладдин бас жүлдені иеленіп, дипломмен марапатталды. Сонымен қатар, проза жанры бойынша Ә.Әлімжановтың «Әкесі мен баласы» шығармасынан үзінді, поэзия жанрынан М.Шахановтың «Төртана» өлеңдерін жатқа айтқан 9 сынып оқушысы Әбдірәсіл Заңғар I орынды, 8 сынып оқушысы Асылбек Әли ІІІ орынды иеленіп, мадақталды. Ал орта топ арасынан проза жанры бойынша мәнерлеп оқу көркемдігімен ерекшеленген лицейіміздің 5 сынып оқушысы Әмина Жарылқасын мен Жанбота Мұханова ІІ орынды иеленсе, поэзия жанрында Мөлдір Еспанова ІІІ орын мадақтамасымен марапатталды.
Эльмира РАПИЛОВА,
№178 лицейдің қазақ тілі мен
әдебиеті пәнінің мұғалімі
АЛМАТЫ