Бір рет жолда келе жатып, үлкен өзенге жете бере екеуміздің ерегесіп қалғанымыз бар. Мен етігімізді аяп, жыртылып қалмасын деп, суды жалаңаяқ кешіп өтейік деймін. Арғы бетке шыққаннан кейін аяғымызға қайта киіп алмақпыз ғой. Илгиз да мұны бұрын мақұл көріп, келісіп жүретін.
Бұл жолы, неге екенін білмеймін, күн өте суық па еді, әлде жылы ма, әйтеуір, есімде жоқ, інім шыдамай, жаңағы ережемізді бұзып, суды етігімен кешіп кетті. Мен оған айқайлап:
– Бері қара, аяғыңдағы етігіңді шеш! Онымен неге су кешіп бара жатырсың! – деймін.
– Аяғым жаурайды, – дейді ол.
– О не дегенің?!
Сөйтіп, сөзден сөз шығып, екеуміз ұрыса бастадық. Айналада ешкім жоқ. Мен оны, ол мені ұрды. Бір уақта ол менің етігімді қолымнан жұлып алып, арғы беттегі шөптің арасына лақтырып жіберді.
Қазір де екеуміз оңаша қалсақ, сол бір қылығымызды еске түсіріп, күліп аламыз. Етігімізді бүлдірмей, мұздай суды жалаңаяқ кешіп өтейік дегеніміз үшін де өстіп, шартпа-шұрт ұрсып қалғанымыз-ай дейміз. Бұл оқиға қазіргілер үшін күлкілі де болар... ал біз үшін...
Ол кезде сегізінші сыныпты бітіргенмін. Сондықтан өзімнің болашағым туралы ойлана бастайтын уақыт та жеткен. Тұрмыс-тіршілігіміз, ас-ауқатымыз өте жұпыны болғандықтан, күш-қуатымыз да онша емес, бұл түрімізбен Покровкадан там алып, көшіп бара қоятындай жағдайымыз жоқ. Бұдан соң Таластың суын кешіп, мектепке барғаннан басқа амал қайсы. Ал енді, мынандай суық қыста бұл біздің арқамызға аяздай бататын-ды. Осының бәрін ойлап, көңілі жабырқаған кезде апамның айласы таусылып:
– Шаһарға барып оқығаның жөн болар еді-ау, – деуші еді маған.
Біз ол кезде Жамбылға жиі қатынап, керек-жарағымызды сол жақтан базарлап қайтатынбыз. Осы шаһар негізгі сауда жасайтын жеріміз болатын. Мектепте жақсы оқығандықтан мен бұл қаладағы Ветеринарлық техникумға бірден қабылдандым. Ел ішінде мұндай кәсіп иелерін «мал техник» деп атаушы еді. Және ол ауылдық жерлерде өте сирек кездесетін мамандық болатын. Бірақ бізді тек үлкен колхоздардағы малдың ауру-сырқауын қарауға ғана емес, жалпы ірі шаруашылықтарға жауап беретін білікті мамандар есебінде де даярлап жатты. Сондықтан да, мал шаруашылығын өрістету, оларды әрқилы ауру-сырқаулардан сақтау, жем-шөбі, ішер суы туралы сабақтар өтеміз.
Негізі мен жаман оқыған студент емеспін. Бірақ тұрмыс жағдайымыз өте ауыр болды. Техникумның жатақханасында тұрамыз. Бір аптаға жететін тамағымды қамдап келу үшін Жамбылдан пойызға мініп Маймақ темір жол бекетіне жетемін де, одан әрі қарай Жидеге барамын. Жә болмаса, Шекерге – апамдыкіне жөнеймін.
Техникумдағы оқытушыларымыз өте жақсы азаматтар еді. Олардың көбі Мәскеу, Ленинградтан (қазіргі Санкт-Петербург) Орта Азияға жер аударылып жіберілген бұрынғы орыс зиялылары болатын. Кейін біразы өздерінің туған жеріне қайтып кетті, енді біразының жасы келіп, қартайып әрі осы жаққа үйренісіп, біржола Жамбылда қалып қойды. Күні бүгінге дейін майдангер ұстазымыз Тигрий Николаевичтің бейнесі көз алдымда тұрады. Иван Григориевич деген және бір ұстазымыз болды. Ол жылқы бағудың, аттарды қайтіп күтіп-баптаудың қыр-сырын жақсы білетін бапкер, шабандоз кісі еді. Бізге жылқыны күтуге байланысты көп нәрсені үйрететін. Осы сабақта мен кешегі қияметі мол қырғын соғысты, өзіміздің ілініп-салынып әрең күн көріп жүргенімізді, үй-ішіміздің қиналып, азап шегіп жатқанын мүлде ұмытып кететінмін.
Бірақ өстіп қиналып жүрген күндерде де аяғыма бір тәуір аяқ киім алып кисем, інімнің үстіне іліп алар бірдеңе тапсам деген ой басымнан шықпайды. Әйткенмен Иван Григориевичтің сабақтарының санамды сиқырлап, арбап алатыны соншалықты, мұндай нәрселерді де миымнан сыпырып тастап, күнделікті тұрмыс-тіршіліктің көй-гөйінен бір босап қалғандай боламын.
Ол кісінің бойында ақындық қабілет те бар еді. Жылқыны бағып-қағудан басқа да ішінде бұғып жатқан өнері бар екені анық сезіліп тұратын-ды. Әсіресе романтикалық жырларды, ескілікті әңгімелерді айтқанды ұнататын. Мәселен, аттың биологиялық ерекшеліктерін, шыққан тегін және оларды қалай күтіп-баптау керектігін айтумен ғана шектелмей, әртүрлі асыл тұқымдарға байланысты аңыз әңгімелерді, ескіден жеткен қызықты хикаяларды айтып, түсіндіретін. Мені әсіресе, сабақтың осындай бір ерекше тұстары сиқырлап алушы еді.
Бүгін де сабақ өте қызықты өтті. Келесі аптада жаңа тақырыпты бастайтынымызды айта келіп, Иван Григориевич:
– Ендігі сабақта есекті өтеміз. Ол үшін сендер арнайы практикаға барасыңдар, – демесі бар ма.
Біз оның бұл сөзіне қатты таң қалдық.
Ал ағай болса, бізге қарап, тағы да күлімсіреп:
– Неге сонша таңғалып жатырсыңдар? Жан-жануарлардың осындай да бір түрі бар. Ендеше есекті де зерттеп, оған байланысты барлық нәрсені білулерің керек. Сендер биыл ақырғы курста оқып жатырсыңдар, ертең елге барып жұмыс істейсіңдер. Сондықтан есек тақырыбының күлетұғын ештеңесі де жоқ. Жұрттың бәрі есекті ақымақ, қырсық жануар деп ойлайды. Оны әртүрлі ауыр жұмыстарға пайдаланады. Менің сендерге айтарым, егер есек болмаса, адамзат қоғамы осыншалықты өркениетке жете алмас еді. Баяғыда пойыз, кеме, машина, ұшақ, ат арба сияқты көлік түрлері жоқ болатын. Біз, адамдар жан-жануарлардың ішінен ең алғаш есекті қолға үйреттік. Одан кейін атты үйреттік. Ежелгі және Орта ғасырлардағы адамдардың көлігі дәл осы сендер күліп тұрған есек болған, – деді.
Иван Григориевич есектің адамзат тарихындағы алатын орнын осыншалықты байыптап түсіндіргендіктен бе, біз енді күлкіні доғардық.
– Адам баласы есекпен көптеген жолдарды жүріп өтті. Есек адамзат үшін өте ауыр жүктерді тасыды. Сондықтан да есекті әлемдік мәдениеттен бөліп қарау мүмкін емес.
Шекердегі Қарақыз апам менің техникумда оқып жүргенімді жалпақ жұртқа мақтанып айтып жүретін. Апамның маған деген көңілінің ризашылығы сондай – бір диқан ала жаздай тынбай жұмыс істеп, үй-ішінің ас-ауқатына қанша ақша жинап алатын болса, Қарақыз апам да бір тиынын өзіне жаратпай, маған соншама ақша жинап қоюға тырысатын. Әрине ол мұның бәрін де менің қиналып, оқуымды үзіп алмауым үшін жасайтын. Оның үстіне ветеринарлық кәсіпті өте жоғары мамандық деп есептейтін. Сондықтан да көршілерге:
– Біздің Шыңғыс мал доқтырдың оқуын оқып жатыр, – деп мақтанып отырушы еді.
Ол кездегі жоғары қызметтер адвокат, сот, милиция бастығы, партия ұйымының хатшысы, колхоз бастықтары болып келеді. Мен апамның көңілін, ішкі дүниесін жақсы түсінемін. Жазықсыз атылып кете барған туған бауырының қайғылы тағдырынан кейін одан қалған тұяқтың амандығын күндіз-түні құдайдан тілеп, бізді көзінің қарашығындай сақтағысы келетін. Төреқұл Айтматов бүкіл елдің бір саласын басқарып, ұлт тұлғасына айналған ірі азамат болған. Ел зиялыларының алдыңғы қатарынан көрініп, орталықтан – Мәскеуден білім алған. Міне, осындай інісі жазықсыздан жазықсыз халық жауы атанып, апақ-сапақта атылып кеткен соң апам оның ұлы ер жетіп, әкесінің ізін басып, елге оның ақ екендігін дәлелдесе деп үміттенетін. Апам өзінің осы ойын отырса да, тұрса да қайталап айта беруші еді.Жамбылда қандай оқу оқып жатқанымды толық ұға қоймаса да, әйтеуір, іс қылып, менің тура жолда кетіп бара жатқаныма шүкіршілік ететін.
Қашан болса да, Жамбылдан жүк таситын вагонға отырып, Маймаққа жетіп, одан соң Шекерге келгенімде апамның көңілі жер-көкке сыймай бір жасап қалушы еді. Қуанғанынан асып-сасып, жинап жүрген ақшасын беріп, қолындағы бар тәтті-дәмді асының бәрін алдыма жайып салушы еді. Реті кеп жатса, қалаға қайтарымда мені темір жол бекетіне дейін жеткізіп салатын кісіні де айылдан сұрастырып жүріп тауып қоюшы еді.Таң азанда Маймақтан өтетін пойызға үлгеруім үшін Шекерден түн ортасында жолға шығуым керек.
Кейін апам үшін үлкен уайымға айналған осы бір күлкілі оқиғаға жалпыға түсінікті болуы үшін арнайы тоқталып, айта кетпесем болмас.
Техникумда теория жүзінде оқығанымызды іс-тәжірибеде сынап көретін нәрселер жоқ болғандықтан, Иван Григориевич бізді әрдайым Атшабар базарына алып баратын-ды. Өйткені оқыған-тоқығанымызды іс жүзінде көруіміз керек те. Сабақта өткен малды теориялық жағынан ғана емес, өмір тәжірибесінен де байқап, білуіміз қажет емес пе. Жамбылдың шет жағында бір жылқы зауыты болушы еді. Ол атақты маршал Буденныйдың бұйрығымен 1947 жылы құрылған. Біз оған бір жолы барғанбыз да.
Буденныйдың бұл бұйрығы Жамбылда ерекше салтанатты оқиға ретінде аталып өтілді. Міне, сонда атақты Буденныйды да көріп қалғанбыз. Қартайып қалған кезі екен, Жамбылға пойызбен келіп, шаһарды үсті ашық машинамен бір айналып шықты. Біз оның жолын тосып, қолын қысып қалуға ұмтылып, жанұшырып жүрдік.
Жылқы зауытына бару ол кезде жұмаққа барумен бірдей еді. Жоғарыда айтқанымдай, Иван Григориевич бізді әрдайым базарға алып баратын да, практикалық сабақты сонда өткізетін.
Ол базар өте үлкен, ел көп жиналатын жер еді. Қой, жылқы, қара мал сатылатын. Бірақ онда есек сатылыпты дегенді ешқашан естіген емеспін. Бірақ жақын маңда тұратын кісілердің көбісі мұнда есекпен келетін.
Осы базарға келіп қайту біз үшін сыныпта отырып сабақ тыңдағаннан әлдеқайда қызық болушы еді. Көше-көшені кезіп, үлкен базарды бес-алты рет айналып шығатынбыз. Уақытты өстіп өткізгенімізге өзіміз мәзбіз.
Мал базарға тізіп қойған қойларға, сиырларға, жылқыға жақындап барамыз. Иван Григориевич ортамыздағы біреуімізді жанына шақырып алып:
– Сен, ия, менің қасыма кел. Мұнда тұр. Қане, мына жылқыға мінездеме бер. Тұқымы қандай? Түсі қандай? Жасы нешеде? Тұяқ, жалы келіскен бе? – деп, сабақта өтілген тақырыптарға байланысты сұрақтар қоя бастайды. Ал студент оған жауап беруі керек. Әлгі малдың жанында тұрып алып, әрбір мүшесін бізге көрсетіп, айтып шығуы қажет.
Жамбыл базарындағы біздің тәжірибе сабағымыз осылай өтуші еді.
Әңгімеміздің басында айтқан есек тақырыбына келгенде де ағайымыз бізді базарға алып барды. Бүкіл тобымызбен аралап жүрміз. Қай жерде болса да құмырсқаның ұясындай құжынаған ел. Базарға қой, сиырын алып келген сатарман да, аларман да мұнда ат не есек мініп келеді.
Ағайымыз бұл жолы басқаларға қарағанда түр-тұлғасы ірі, ат сияқты, құйрығы да келіскен бір боз есектің жанына барып кідірді. Шынында да, бабына келіп, әбден күш-қайраты толып, жетіліп тұрған кезі екен жануардың. Есек қартайса, көзге бірден байқалады. Бұты талтайып, құлақтары салпайып, көзімен жер тесіп, құдай ұрғандай арамза, кежір боп қалады. Ал мына есек тұяғымен жер тарпиды, өте тың. Әйтсе де маған мынау жануардың түр-түсі біртүрлі таныс сияқты. Қайдан көріп ем деп ойланып тұрсам, ағайым:
– Студент Айтматов! Кел мұнда! Сенің алдыңда бір жануар, дәлірек айтқанда, есек тұр. Қане, бері жақында. Қазір сен бізге бұл жануардың түр-сипатын таныстырып, мінездеме беріп шығасың, – дейді.
«Базарда бар мың кісі, бірінде жоқ бірінің ісі» дегендей, бізге не істеп жүрсіңдер деп ешкім мән беріп қарап жатқан жоқ. Әлгі есектің жанына келіп үңілсем, Шекердегі қоңсымыздыкі екен. Есегінің жанында тұрған көршіміз де мені көріп, қатты қуанып қалды:
– Ой, сен қаяқтан келесің? Базарда не істеп жүрсің? – дейді.
– Мен бе?.. Мен осында оқимын ғой...
– Қалың қалай, айналайын, жақсы оқып жүрсің бе? – Көршім менің қал-жағдайымды сұрай бастады.
Бірақ ағай осы тұста сөзімізді бөліп:
– Жетеді! Студент Айтматов, әркіммен сөйлескенді қой. Саған есек туралы не білетініңді айтып бер демедім бе? – деп даусын өктем-өктем шығарды.
Ойымда ештеңе жоқ, өзімді өте ыңғайсыз сезініп, ұяла бастадым. Бір жағынан көршім де жаны қалмай қалбалақтап:
– Әй, бұл кісі сені неге сұрақтың астына алып жатыр? Не боп қалды? – деп мазамды алуда.
– Мен бұл жерде сабақ оқып жатырмын, – деймін оған шекемнен шып-шып тер шығып.
– О-оу, солай ма? Базарда оқып жатырсың ба?
– Иә, бұл жаққа тәжірибе сабағын өтуге келеміз.
– Ол қандай тәжірибе?
– Есекті оқып жатырмыз.
– Не? Есекті оқып жатырмыз дейсің бе? Әй, қойшы, соған бола басыңды ауыртып... Аха-ха, қане, айтшы, есек туралы не білетініңді естиік? – деп көршім күліп, мені мазақ қыла бастады.
Содан соң, аузыма түскен нәрсені шатып-бұтамын деп, бұл жолы жаман баға алып қалдым. Ашуым келіп, базардан басым мең-зең болып қайттым. Көп өтпей-ақ мен бұл оқиғаны ұмытып та кеткенмін...
Бір айдан кейін бұрынғы әдетім бойынша пойызбен Маймаққа қарай тартып отырдым. Шекерге келдім. Жамбылдағы базарда болған оқиғаны ұмытып қалғанмын. Ешнәрседен хабарсыз қалпымда Қарақыз апамды сағынып жеттім. Ал апамның маған деген көзқарасы өзгеріп қалыпты. Оны ешқашан мұндай кейіпте көрген емеспін. Ашуы бетіне шығып, түксиіп алған.
Маған қарап шүйлігіп:
– Сен бұдан былай мен үшін бір шіріген жұмыртқасың! Тегі, осы күнге шейін кімді алдап жүргенсің өзі?! Оқып жүрмін дейді ғой тағы да! Нені?! Есекті ме?! Есекші болатыныңды о баста неге айтпағансың! – деп айқайға басты.
Мен үнімді әзер шығарып, ақырын ғана:
– Не боп қалды, тегі? – дедім шошынып.
– Енді келіп, ештеңе білмегендей өлімсіреуін қарашы! Анау қоңсымыз маған бәрін айтып келді. Оқимын деп бізді алдап, базарда теңселіп, шерменде болып жүрген көрінесің ғой! Мына мен соны енді білдім емес пе. Ол жаққа барып алып, базарда есекші болып жүреді екен деген кімнің ойына келіпті?!
Мен ақырын ғана:
– Иә-ә, – дедім.
– Олай болса, неменеге сандалып шаһарға барасың? Осы айылдағы өзіміздің есектер саған жетпей ме? Көшеге шығып ал да, қалағаныңды оқи бер. Әне жолдың арғы бетінде бір қора есек тұр. Бар соларға! Мен де сені... басыма бір бәле қылып алған екенмін де! – Қарақыз апам сөйтіп, ашуын бір ақтарып алды да, көзінің жасын төгіп-төгіп жылап жіберді. – Мен тісімнің суын сорып, ақырғы тиыныма шейін саған ауқат болсын деп жинап жүрсем. Саған есектен басқа оқитын нәрсе қалмаған екен де?!
Иә-ә, бұл оқиға міне, осылай болған...
Менің Қарақыз апам сондай бір керемет жан еді.
Шыңғыс АЙТМАТОВ
Тәржімалаған Нұрғали ОРАЗ