Осы күндері Семейде қазақ атты әскер полкі құрылғаны туралы «Сибирская речь» газеті «...Семейге қырдан қырғыз (қазақ) отрядтары келді. Маусымның алтысы күні кешкі сағат алтылар шамасында олар қалаға кірді. Никольск шіркеуінің қасындағы алаңда салтанатты шеру ұйымдастырылды. Кездесуге Ә.Бөкейханов келді. Оның құрметіне әскербасы Тоқтамышевтың ұсынысымен салт аттылар «Алла» деп жар салды. Ақ жалауларға «Жасасын Отанның адал ұлдары!» деген ұрандар жазылған» деген хабар таратыпты.
Жазбада айтылғандай, Семей қаласында жасақталған, тарихи құжаттарда «далалық І Алаш атты полкі» деген атауға ие, жасақтың командирі Хамит Тоқтамышев. Өткен жылы «Абай» журналының №1 санында жарияланған тарихшы Мұхаметбек Асылбековтің «Хамит Тоқтамышев» атты мақаласында бұл адамның 1918 жылы Омбыдан Семейге келіп, жоғарыдағы Алаш әскерін құруға атсалысқаны жайлы мәлімет берілсе, 2017 жылы жарық көрген зерттеуші Берік Әбдіғаниұлының «Войско Алаш» кітабында да айтылады.
Біздің айтпағымыз, Семей қалалық қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығының қорында Алаш атты әскерінің 1-ші полк командирі каптитан Хамит Тоқтамышевтың Алашорда үкіметі жалпыұлттық кеңесіне 1918 жылы 25 қыркүйекте жолдаған хаты сақталыпты. Хатта «Полкке жаңадан қабылданған жігіттерге ер-тұрман, ноқта-жүген, арқан-шылбыр жетіспейді. Сонымен қатар көп мөлшерде киіз тоқым қажет. Ол үшін 2500 аршын (метрді айтады) жақсы пісіріліп басылған киіз керек. Арқан-шылбыр үшін 1500 аршын иленген дайын тері керек. Осы мақсатқа полктің қажеттілігі үшін бөлінген Алашорда қаржы қорынан 5000 рубль жұмсауға ұлықсат етулеріңізді сұраймыз» делінген.
Сол заманның нарқымен алғанда 5000 рубль аз ақша емес. Бұл дерек алаш қайраткерлерінің әскер жасақтау жолындағы жанкештілігінің айғағы іспеттес. Бірақ бұл әрекет іске аспады. Жазушы Қалихан Алтынбаевтың 2002 жылы жарық көрген «Көкпекті» атты кітабында 1920 жылдың мамыр айында әйел бала-шағасын бастап Қытайға өтіп бара жатқан Тоқтамышевты «Қара кезеңде» қызылдар қолға түсіріп, отбасымен түгелдей атып тастағаны жайлы жазады.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»