«Қазіргі уақытта бұл вакцина тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне енбеген және мемлекет оның бағасын реттемейді. Кәсіпкерлер өздері ұйғарған бағаны бекітеді. Біздің 6 700 вакцина жеткізілді және олар бөлшек сауда нарығында медициналық орталықтар мен вакциналау кабинеттері арқылы таралуда. Қазір мемлекет тарапынан тегін вакцинация жүргізуге қатысты мәселе талқылануда. Ол Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің құзырында», - деді Арнұр Нұртаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Сонымен бірге, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитетінің төрағасы Людмила Бюрабекова Астанадағы жұқпалы аурулар ауруханасының қажетті препараттармен толық қамтылғанын хабарлады. «Ауру белгілері пайда болып, диагноз қойылған жағдайда науқастар жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізіледі. Жұқпалы аурулар ауруханасына қажетті дәрілер бірыңғай дистрибьютор тізімінде бар және сатып алынған. Жексенбі күні өзім Астанадағы Балаларға арналған жұқпалы аурулар ауруханасына барып, препараттарды тексердім. Барлық антибиотиктер бар. Пациентке қажетті барлық терапия тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында мемлекеттік бюджет есебінен қамтамасыз етілген», - деді Людмила Бюрабекова.