Сол үлкендердің, әке-шешемнің естеліктерінен отызыншы жылдары елді жайлаған ашаршылық, қырқыншы жылдары сұрапыл соғыс болғанын білеміз. «Соғыста жоқ боп кеткен» дегенді жиі еститінбіз, әкем туған ағасын, аталас туыстарын, анам өз бауырларын айтатын.
Ауылда жеміс ағаштары көп болатын. Әр үйдің ауласында алма, өрік, алмұрт, шие ағаштары жайқалып тұратын. Сол үлкендердің әңгімесінен мұның бәрі «Қазыбайдың бауынан» қалғанын білеміз. Ауылдың шетіндегі қураған ағаштан басқа түк қалмаған тоғайды неге олай атайтынын түсіне бермейтінбіз. Тандырға отын жинауға әжеммен ілесіп бала кезде талай барғанмын.
Арада көп жыл өткенде Тайыр ағамнан «Қазыбай бауының» тарихын естідім. Алматының шет жағында Қарғалы деген жерде тұратын Тайыр аға өмір бойы қалада тұрып келе жатқан, кезінде дөкей қызмет атқарған кісі болса да бойында таза қазақылығы сақталған, тұла бойынан кісілігі мен бекзаттығы есіп тұратын, адамды бір көргеннен танитын сұңғылалығы бар ғажап жан.
Ағамның айтуынша, ежелден Оңтүстікті емін-еркін жайлап өсіп-өнген Қоңыраттың Құлшығаш руынан тарайтын Байтелі, Будан, Әлібек ұрпақтары 1928 жылы Қызылқұм ауданында (Шардара) Еңбекші колхозын құрып, Сырдария өзенінің Жаушықұмнан шығысқа бұрылып, бес-алты шақырымнан соң тіке солтүстікке бұрылатын иінінде тоғай сыртын қоныстанған екен.
«Сол жылдардағы ел ішіндегі үркіншілік оларды да айналып өтпей, 1929 жылы дәулетті, өсіп-өнген біраз отбасы Кеңес өкіметінің қаһарына ұшырап, мал-мүлкі тәркіленіп, жер аударылады. Тайыр ағаның айтуынша, Будан атамыздан тарайтын дәулетті, оқыған азаматтары көп шыққан, өсіп-өнген бір отбасы сол қара науқанға ілігеді. Әулеттің үлкенінің атын Шақан деп айтып отырады екен қариялар. Жер аударылған сол әулеттің үлкендерінен ешкім қайтпапты, сол бойы ұшты-күйлі жоғалған. Сүйектері қай жерде қалды, ұрпақ қалды ма, жоқ па, беймәлім. Тек Тәшкен жақта бір өзбек отбасы 7-8 жасында балалар үйінен асырап алған Қазыбай 16-17 жасында елге келіп қосылады. Ол заманда (1935-1936 жж.) ел малынан айырылып, ашаршылықтан тірі қалғаны есін енді жиып жатқан кез, түйекештерге ілесіп Тәшкенге қыста сексеуіл, жазда арпа-бидай сабанын апарып сатып күнелтеді екен.
Елге келген бала Қазыбай «өзбек көргендігін» жасап, аңқау ағайындарын Тәшкен базарына бастап барып, саудаға үйреткен көрінеді, қайтарда алма, өрік, жүзім, тұт, акация көшеттерін ала келіп, «Еңбекші» колхозының сыртына егіп, бар уақытын сол ағаштарды күтуге арнайды екен, бір-екі жылда кәдімгі бау орнатады. Сыртынан айнала арық қазып, су жібереді.
Соғыстың алдында жеміс бере бастаған бау «Еңбекші» колхозын құрап отырған 45-50 үйдің құт-берекесіне айналып, қырық жыл бойы әжетіне жарапты. Кей жылдары бау жемісін ауданның 10 колхозының адамдары жеп тауыса алмайды екен, әсіресе соғыс жылдары айналадағы ел түгел ат, есек арбамен тасып жеп күн көріпті.
Ал енді бүкіл елдің ырзығына айналған, қанша жыл асыраған осындай ғажайып бақ орнатқан Қазыбайдың тағдыры не болды, соған келейік. Ел іші, ағайын дегенмен «бес саусақ бірдей емес», мүмкін әлдебіреулердің көреалмауы, көрсетуімен болар, «халық жауының ұрпағы, ел ішіне іріткі салған» деген айыппен 15 жылға сотталып, әкесінің, ағаларының ізімен Сібірге жер аударылады. Содан тек 13 жылдан кейін бостандыққа шығып елге оралады. Бірақ ағайыны қоныстанған, кіндік қаны тамған, әрі-беріден соң баяғы өзі талай жыл маңдай тер, білек күшін сарп етіп бақ орнатқан «Еңбекші» ауылына қайтып ат ізін салмапты. Шекаралас өзбек жерінде (Киров каналының бойында) қалған өмірін өткізіп, дүниеден өтіпті.
Алпысыншы жылдардың ортасына қарай үлкен арықпен су келмей Қазыбайдың бауы бірте-бірте түгел қурайды. Қалған 10-15 жыл ағаштары елге отын болып, ол да әжетке жарайды. Бүгінде орны да жоқ, жол төселіп, ел қоныстанып кеткен жерде бір кезде жеміс ағаштары сыңсыған қалың бау болғанын тек көзкөргендер ғана еске алады...
Меруерт ЕСЕНБЕКҚЫЗЫ,
журналист