Қазақстан • 31 Мамыр, 2018

Сахнаның киесіне ұшырамайық!

1382 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Шындық – қылыш. Не қолыңды ке­седі, не жолыңды кеседі. Ақиқатын біліп, көз көріп, құлақ естіп жүргеннен кейін қайтпек керек бұндайда!?

 

Сахнаның киесіне ұшырамайық!

Сахна – киелі орын. Абайламасаң, киесі ұрады. Бүгінгі күні сахнаның кие­сіне ұшырап жүргендер қаншама... Тіпті күн санап олардың қатары көбеюде де­сек, жаңыла қоймаспыз. Оларды кө­ріп, кезіндегі ата-бабаларымыздан ұлықталып келе жатқан ұлттық өнері­міздің сарқыты болған жастарға сана берсін дейсің! Кезіндегі «әу демейтін қазақ жоқ» деп кеңінен етек жайған сөз, бүгінде «аузы бардың бәрі әнші» деген заманауи нақылмен жалғасын тапты.

«Операға барғанда эстрадаға жаным ашиды», деп Талғат Теменов айт­қандай, бүгінгі эстраданың хал-жайы мәз емес. Өйткені саны көп, сапасы жоқ өнер иелері құмырсқадай құжынап жүр. Олар өнерімен дараланып жатса игі ғой, Батысқа еліктеп, өзінің ата-бабалары қалдырған өнерді дәріптеп жүргендей алаңсыз жүргендерін көрмейсің бе!?

Көк жәшіктің төрінен көрініп, дүйім жұртқа өнерін таныту – үлкен жауап­кершілік. Табиғи даусымен тамсантып, өнерімен өршеленіп, дарындылығымен дараланып көзге түссе елдің алғысын алады. Ал жағымсыз жағынан көзге түссе елдің қарғысын алады. Бұрын дау­сы барлар әнші еді. Қазір аузы бардың бәрі әнші. Дегенмен де тайраңдап танауын көкке көтеріп жүрген әншісымақтар, кезіндегі ән өнерін әуелеткен Бибігүл, Роза, Мәдина апаларымыздың деңгейіне жетпейтінін естен шығармаған жөн!

Байқасаңыз эстрада өнері түрлі әнші­лер мен түрлі топтармен жаңаруда. Шы­ны­мен де, әр күн сайын жаңа түр, жаңа стиль, жаңа топ. Құдды шетелде жүргендейсің! Образдары мүлде өзгеше! Қарапайым ғана қараторы қыз-жігіттерімізді адам танымастай өзгертетіндей Батыстың құдіреттілігі неде екен? Түсінбеймін! Айтпағанды айтып әкіреңдейді, мән-мағынасыз сөзімен мәңгүрт етеді, қисынсыз қылығымен қытығыңа тиеді, ұзын сөздің қысқасы, сахнадағы сайқымазақтарға сан жетпейді бүгінде.

Жаңа­шылдыққа жаны құмар жастарың өнерінен бұ­рын кескін-келбетіне ерекше кірпияздықпен қарап, көңіл бөлетіні де шындық. Бәрінен бұрын киген киім үлгісімен қазақ ұлтының намысына нұқсан келтіруде. Сананы улап тізбектелген сұрақтар өте көп, ал жауап... Өздерінен сұрасаң, «мұны тек жастар түсінеді», «заман ағымынан қалып кеткенсің», «заманына қарай адамы» деген сынды сылтауларды алға тартып сұрақтан жалтарады. Ал осыларды үлгі тұтып келе жатқан жасөспірімдердің саны артып келе жатқандығын көрсең, басыңды төмен салбыратып, кірерге тесік таппайсың! Ең өкініштісі де осы... Кезіндегі М.Жұмабаев сенген жастар қандай еді? Ал бүгінгі жастар қандай? Арасы жер мен көктей. «Жар басындағы жантақты жанынан безген нар жейді» демекші, жаннан безсек те, ардан безбеу керегін естен шығармаса екен жастар.

«Өнерге әркімнің де бар таласы» деп Абай атамыз айтпақшы, өнердің де өнері бар. Сахнада сайрап, білгенін істеу өнерге жатпайды. Бәлкім, бұл жай ғана еліктеушіліктен туған нәрсе шығар. Өзгеге еліктеуден не ұтамыз? Еліктеу – ессіздің ісі. Ойланайық! Киелі сахнаның киесіне ұшырамайық!

Зере МАХАМБЕТӘЛИЕВА

Қызылорда облысы,

Арал ауданы,

Қамыстыбас ауылы