Қызмет барысында араласып жүретін Жанар мен Жәнібектің Дариға, Рабиға деген егіз қыздары дүниеге келді. «Бауы берік болсын» айтып шықтым. Бір кезде:
– Көзіңде мұң, көңіліңде күрсініс бар деуші едіңіз. Өмірім енді ғана жадырайын деді, апай. Оқып шыққан соң қайтарып берерсіз. Енді бәрін осыдан білесіз, – деп Жанар қолыма көкшіл дәптер ұстатты.
* * *
...90-шы жылдың көктемі еді. Күтпеген жерден Үшбиіктен хабар жетті. Арғынның шешесі Дариға апамыз ауырып жатыр дейді! Екі-үш күн бұрын ғана әке-шешеммен сөйлесіп амандық білген едім. Айтқылары келмеген екен.
– Мама, саған не болды? Сөмкең жерге салбырап кетті ғой! – деген Әмірдің дауысынан селт ете түстім.
«Құдай-ау, дауысы да ұқсап кеткен бе?» Үшбиікте! Арғынның шешесі Дариғаның тұратынын ұмытып қалғаным ба? Қолымдағы телеграммада «Жанар тез келіңізші. Тәтем қатты ауырып жатыр. Әмірді көрсем дейді. Алып келіңізші! Баршын» деп жазылыпты.
Орталықтағы телефоннан сөйлесу үйіне жүгіріп тіпті, қалай жеткенімді де білмеймін.
– Баршын, күтіңдер, ертең жолға шығамыз, – дедім де, бірден Жәнібектің ауруханасына келдім.
– Бұл кемпірге өзі не болған! Біреудің баласында не шаруасы бар?! Ешқайда да бармайсың! – деді ол естігеннен-ақ ашуға басып.
– Сен, немене, оны әлі ұмыта алмай жүрсің бе!? Шешесі ауырып жатыр екен деп! Біреудің баласына жоламасын! Ол менің балам, білсін осыны! – деп айқай салды.
Бұдан әрі шыдай алмадым. Бастығыма телеграмманы көрсетіп, жұмыстан сұрандым. Үшбиікке баратын пойызға билет алып жолға шықтық.
– Мама, біз қайда барамыз? – дейді ұлым.
– Әжеге, ауылға барамыз, олар бізді күтіп отыр, – деймін.
Ойымнан Жәнібектің «Біреудің баласына жоламасын! Ұмыта алмай жүрсің бе?» – деген сөздері кетпей, іштей жылап келе жатырмын.
...Арғын, Жәнібек үшеуміз бір ауылда өстік. Арғын екеуміздің мектепте оқып жүрген кезден-ақ махаббатымыз жарасты. Ауыл іші Сабырханның сары қызын Дариғаның ұлы алатын болыпты дейтін. Мұғалімдеріміз де сабаққа дайындалмай келген күні «Махаббатты білеміз, математиканы білмейміз», деп ұялта беретін. Арғын мен Жәнібек екеуі асыл жанды достар еді. Үшеуміз түнгі ауылды кезіп ұзақ жүретінбіз. Сонан соң Жәнібек үйіне қайтып, Арғын мені шығарып салатын. Бізге бөгет болғысы келмей, «Ал, ғашықтар, сау тұрыңдар!» деп қалжыңмен күлдіріп кетіп қалатын.
Сөйтіп мектеп те бітірдік. Бәріміз арман қуып оқуға асықтық. Үшеуміз де оқуға түстік. Жәнібек дәрігерлік институтқа, Арғын екеуміз политехникалық институттың студенті болып қабылдандық. Кітапханадан шықпаймыз. Тау-кен барлау жұмыстары бойынша ұзақты күн ізденіп жазу жазамыз. Арғын геолог болсам деп армандайтын еді. Қайтсем де тау-тасты қопарып, тастарды зерттеймін, әр тастың құпиясы бар деуші еді. Біздің ауылдың өзі Үшбиік деп аталатын. Арғын Үшбиіктің әр тасын жатқа білетін. Демалыс күндері үшеуміз тау аралайтынбыз. Жәнібек болса, дәрігерлік институттың емдеу бөлімінде оқиды. Қолымыз сәл босай қалса Көктөбеге, Медеуге асығатынбыз. Арғынға дүниеде Үшбиіктен асқан тау жоқ.
Қайран Үшбиік!..
Арғын сені соңғы рет көре алмай кетті. Мен де сені сағындым, Үшбиік!
Жазда демалысқа шыққанда барып, ішіме жиналған мұң-шерімді тарқатсам, тыңдайсың ба, мені?!
Біз 2-ші курсты аяқтап қалғанда Арғынды әскер қатарына шақырды. Шақыру қағазы келген күні ағыл-тегіл жыладым. Ауылдан Дариға апай, қарындастары келіп оны шығарып салдық.
– Күт мені, Жанар! Жәнібек бар ғой, жалғызсырамайсың, – деді.
Бір-бірімізді қимай қоштастық.Тіпті, оқуды тастап соңынан кеткім де келді.
Сөйтіп күн артынан күн, айлар өтіп жатты. Ол кеткен соң құлазып қалдым. Бөлмелес қыздармен жүрсем де көңілім алай-дүлей. Өзімді алдарқата алмадым, хаттарын оқып жылап аламын: «Әскерге шақырылмай тұрып екеуміз тойымызды өткізгенде керемет болар еді. Мүмкін, сен бөпелі болып, екеулеп күтер едіңдер, сен жалғыз болмаушы ең», деп жазады.
Жазда демалысқа ауылға барғанда Жәнібек екеуміз Дариға апайға Алматыдан әкелген сыйлықтарымызды апардық. Арғынның әкесі ерте қайтыс болып, апай төрт баласын өзі өсірді.Үлкені осы менің Арғыным еді...
3-курсты аяқтап қалған жылым. Ауылшаруашылық жұмысында жүргенбіз.
– Жанар! Саған деканатқа келсін деді. Жүр, менімен бірге барасың! деді топ старостасы Ақтан келіп.
– Талғат, сен де жүр, Айша, Майра, Мәруа, Ақан, Самат сендер де жүріңдер тез, тез,машина күтіп тұр! – деді.
Асхананың жанында әскери машина тұр екен. Жүрегім су ете түсті.
– Не болды? Арғынға бірдене болды ма? –дедім.
– Жо-жоқ, жүріңдер, – деп Ақтан да асықтырып барады.
Келсек деканатта үш әскери адам отыр екен. Бір топ болып кірген бізді көріп әлгі офицерлердің бірі ұшып түрегелді.
– Жанар қайсың? – деді.
Одан арғы ештеңе есімде жоқ. Әскери жаттығу кезінде аяқ астынан жүрегі қысып қайтыс болды, – деген жолдарды оқып тұрған жасыл киімді кісіге қарай тұра ұмтылғанымды, шыңғыра айқайлағанымды ғана білемін...
* * *
...Ауруханада ұзақ жаттым. Арғынның әскери гарнизоны тұрған жер Красноярск өлкесінің маңайы болатын. Жәнібек сонау жерге барып, жағдайдың анық-қанығын біліп келді. Ауруханада жатқанымда ауылдан әке-шешем келді. Шешем жылайды.
– Осы жұрттың көзі тиді ғой. Бақұл болсын. Қайтейін енді? – деп жұбатады.
– Қой, шешесі, бір тоқтамға келейік. Жанарды ауылға алып кетейік. Келер жылы оқуын жалғастырар, – деді әкем.
Содан мен бір жылға оқуымды үзіп ауылға келдім. Үшбиікке қарап жылаймын. Дариға апайдың үйіне баруға қорқамын. Беттей алмаймын. Ұлынан айырылған ананың не күйде екені белгілі. Оңала алмады. Арғынды Үшбиіктің баурайындағы ауыл зиратына жерледі. Оның қазасы бүкіл ауылға, әке-шешеме де қатты батты.
Осындай күндердің бірінде ауылға Жәнібек келді. Келген бетте Арғынның қарындастарына барды. Бәріне бұрынғыдай сыйлықтар, ал маған әскерде жүргендегі суретін үлкейтіп әкеліпті.
– Дариға апайдың жағдайы қиын. Дәрілерін Алматыдан қарастырып көрейін, жақсы болып кетер. Қамықпа. Менен хат күт, хат жазамын, – дейді маңдайымнан сүйіп. Бір кезде:
– Арғынның кенеттен қаза тапқаны үшін әскери бөлімдегілер жазаларын алды. Оны сен білмей-ақ қой, – деді де, көз жасын көрсетпей шығып кетті.
Арада жыл өткенде Алматыға оралдым. Бір жыл бойы хат алысып, мені өзіне баурап алған Жәнібек қасымнан шықпайды. Өзім де ол келмей қалса елеңдеп, жалғызсырап тұрамын. Оны көрсем Арғынды көргендеймін.
Оқуды бітірер жылы Жәнібекке тұрмысқа шықтым. Алғашында әкесі қарсы болды. Ел іші, ағайын-туыс не дейді!? – депті рұқсат сұрап барғанда.
Тойымызға Арғынның қарындасы Баршын келді. Дариға апай сол күйі оңала алмады. Ауыра берді. Ал біздер... Тірі адам тіршілігін жасайды екен. Жәнібек екеуміз оқу бітірген соң басқа бір облыс орталығына жолдамамен келдік. Ол ауруханада, мен геологиялық зертханада жұмыс істеп, жақсы отбасы болып тұрып жаттық. Бірақ Жәнібек мені тірілер санатында жоқ Арғыннан қызғанады. Жұмыстан шаршап келсем, көңіл күйім болмай жүрсе:
– Кімді ойлап отырсың? – дейді.
– Ешкімді, кімді болушы еді? – деймін.
– Арғынды ойлап отырмын десеңші! – деп кекетеді.
Ұмыт десең де, ұмыту мүмкін бе?..
– Арғынның алдында кінәлі емеспіз. Шынына келгенде, мен сені мектепте жүргенде жақсы көретінмін. Енді одан сайын жақсы көріп, сыйлап өтемін, – дейтін еді алғашқы жылдары.
Әмірдің алты айлығында ауылға келдік. Үшбиіктегі Арғынның басына бардық. Дариға апай біз келгенде қатты қуанды:
– Әмір менің немерем! – деп қалады қайта-қайта.
Алғашында ауылға келген сайын Дариға апайға барып тұрдық. Жәнібек дәрігер ретінде барлық ем-домына көмектесті. Қалаға барып ауруханада жатып емделуге апамыз зауықсыз. Ұлымызды туған немересіндей көрді. Ата-енем де «Қайтсін-ай, қайғылы жан ғой» деп жандары ашитын. Бірақ сол-ақ екен:
– Біреудің баласында несі бар!? Менің әке-шешемнің қандай күйде жүргенін білесің бе сен? – деп Жәнібек қарадай ашуға басады.
– Онда тұрған не бар? Ауру адамның көңілі серпілсін. Сен дәрігерсің. Сен түсінбегенде, кім түсінеді?! – деймін.
– Сонда біз ауылға Арғынның шешесін жұбату үшін келеміз бе, а? Қайдағы немере! Бітті. Енді ұмыт ауылды! – деді бір күні тағы.
– Кім кінәлі? Мен бе? Сен бе? Арғын ба? – деймін жылап.
Содан кейін ауылға барған емеспіз.
* * *
Біз Үшбиікке келгенде апа қайтыс болып кетіпті. Кетерінде мені, Әмірді іздепті. Дариға апа Жәнібектің Әмірді қолынан жұлып кеп, тартып алғанын ылғи да жылап айта беріпті. Өмірде ашу-ыза, кек пен қызғаныштың отына күйіп опық жеген жандар аз ба? Жәнібек те солай, хабар алысымен асығыс жеткен бе, өңі сыныңқы, ешкімге қарай алмай, төменшіктей берді. Бір кезде барып үй сыртындағы бақ ішінде «Кешір мені, Арғын, кешірші!» деп жылап отырғанын көрдім...» деп аяқталыпты көк дәптердің соңы.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»