Өнер • 31 Мамыр, 2018

Жұт-жендет (Ашаршылық айғағы) (поэзия)

5464 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Жұт-жендет (Ашаршылық айғағы) (поэзия)

Неге аз болдық, қазағымның баласы?

Нәубет көріп, тиді жендет жаласы.

Нағыз сойқан көрді талай ұлтымыз,

Нала көрді, жала көрді даласы.

Өткен өтті, кеткен кетті демеңіз,

Өртке түсті, дертке түсті денеміз.

Өлмеу үшін күресумен келеміз,

Өрге жүзіп мақсат атты кемеміз.

 

Батыр болдық, батыл болдық майданда,

Бейқам болдық сұмдар ойын жайғанда.

Бейкүнә жұрт екенбіз ғой ақ жүрек,

Бауыр басқан келгендерді қайдан да.

 

Тарихты талдап-талдап қарасақ,

Ту ұстаппыз, туыстаппыз, тамаша-ақ.

Тіресіппіз, күресіппіз сан ғасыр,

Талып жетті содан бізге болашақ.

 

Ақ та шапты, қызыл салды қырғынды,

Арман-үміт қыл тұзақтан қылғынды.

Азаттықты ғұмыр бойы аңсаумен,

Алдық ақыр азат болған бұл күнді.

 

Даму үшін алғы күнге ұмтылып,

Дәлел керек түсінетін жұрт ұғып.

Дәуірлердің дәптеріне көз салсақ,

Деректердің көбі қалған жыртылып.

 

Сол жыртықты жамаймын мен

жырменен,

Сол бір күнді айтып көрші, нұрлы-өлең.

Сансыраған, қансыраған шежіре,

Сен де шықшы заңсыраған түрмеден.

 

Тарихымда тілі жұмбақ аян жүр,

Тылсым – уақыт, көңіліңді ояндыр.

Тәлім етіп, мәлім етіп сол күнді,

Теріп алып, тілге салдым баянжыр.

 

* * *

...Аяр келіп аямастан қысқанда,

Аяз – жантық көмек берді дұшпанға.

Алашымда аша тұяқ қалмады,

Ала қарға билік құрды ұшқанда.

 

 Иімеді сол бір кездің аспаны,

Иілмеді намыстының бастары.

Исай келіп ит тірлігін жүргізіп,

Иесіне хабар айтып бастады.

 

Біреулер бар сол қырғынды жақтайтын,

Біреулер бар сол сойқанды ақтайтын.

Білмегесін пәле кімнен келгенін,

Біреулер бар Сталинді мақтайтын.

 

Жарияның мәлім болды ақтығы,

Жамандықтың зәлім болды жаттығы.

Жауап біреу: Сталиннің үкімі,

Жұт - жендеттің солар еді авторы.

 

* * *

...Қара бұлттың қабағында дауыл жүр,

Қара аспанның талағында жауын жүр.

Қанды көзін тас қараңғы шел басқан,

Қоян жылы болған ылғи ауыр жыл.

 

Сұп-суық боп сақылдады сұр қоян,

Сараң болды ақ қоян мен ор қоян.

Сөнген оттың қоламтасын үрледім,

Сол бір кезді шежіре-жыр, қыл баян.

 

Ауыр жылдың түсті жанға назары,

Атойлады қыр басында мазары.

Ауыл жатты ауру жандай бүк түсіп,

Адыра қап ошағы мен қазаны.

 

Жанарында мұзды моншақ ананың,

Жүрегінде терең өксік баланың.

Жанға батқан жолбарыстың тырнағы –

Жаны дал-дұл жаза тартқан даланың.

 

Самайдағы шаштар ерте ағарды,

Сері самал сергелдең боп жоғалды.

Сенім деген көзі біткен құдықтай,

Сағынышқа шөлдейтұғын боп алды.

 

Жетім жылдар жүрегімде жаңғырды,

Жанарымнан түйдектетті жаңбырды.

Жас ананың қазан кірді түсіне,

Жас баланың түсіне тек нан кірді.

 

Қиял, үміт келер күнге бойлайды,

Қарын қасқа құр үмітке тоймайды.

Қара киім киген қатал қайғы-мұң,

Құлпытасқа қолын созып ойнайды.

Талды ғұмыр ернін тістеп, түнеріп,

Талай үйге тажал оғын жіберіп.

Таңдайына ұя салған шындықтың,

Тамағына өксік тұрды тіреліп.

 

Не түсер деп ырзық атты қармаққа,

Не де болса жолдан көріп алмаққа.

Небір жандар артқа тастап ошағын,

Нәпақа іздеп кетті ілбіп жан-жаққа.

 

Бәрінен де, ең алдымен нан керек,

Болар сонда күлкі ашық, ән бөлек.

Бір ауылда тұратұғын қарт аңшы,

Бесатармен тұрған біраз жан демеп.

 

Мерген еді атқан оғы құр кетпес,

Мәлім еді марқасқамен құрметтес.

Мәпелеген немересі бар еді,

Маңдайдағы байлығы еді пұл жетпес.

 

Көне көз-ді көпті көрген көреген,

Кішіпейіл кісілігі береген.

Көп жоқтықты қайтарады дейтұғын,

Көзден аман болса осы немерем.

 

Сақал тарап ойланатын сол абыз,

Сол күндерге енді жақын барамыз.

Сәтін сал деп аңға шықты қарт мерген,

Селдетіп тұр жыртық аспан, қара күз.

 

Немересі қалды үйінде, тым балаң,

Нансыз күннің мәнсіз әнін тыңдаған.

Намысына орап жетім жүрегін,

Найзағайдай жас жігерін шыңдаған.

 

Тәуекелге белді байлап шал кетті,

Табанынан сарсылумен таң да өтті.

Тастан қуат, жастан жігер күндер-ай,

Тізе қағып, аяғынан әл кетті.

 

Үш күн жүрді тау мен тасты аралап,

Үш күн жүрді кәрілігін табалап.

Үш күн жүрді үмітіне оқ байлап,

Үш күн жүрді аңның ізін шамалап.

 

Үш күн жүрді ой мен қырды аралап,

Үш күн жүрді бар мен жоқты саралап.

Үш күн жүрді бесатары белінде,

Үміт қуып, сай-саланы сағалап.

Аң да біткен аштық кезген далада,

Ажал оғы ысқырады санада.

Армандайды, тал қармайды қарт аңшы,

Алаңдайды артта қалған балаға.

 

Қыран көзі қойды тіпті дым көрмей,

Қоян мұны мазақ етіп күлгендей.

Қан жылайды қарт аңшының жүрегі,

Құлыныма қалам-ау деп үлгермей.

 

Көз алдына келді құйттай құлыны,

Көз алдына келді тәтті қылығы.

Кемсеңдеді немересін ойлап қарт,

Көңіліне келді аңшының ырымы.

 

Бұл кеткенде бала үйде қалатын,

Боз жарғағын иығына жабатын.

Бала байғұс қолдан келер дәрмен жоқ,

Болашаққа ойша қанат қағатын.

 

Үш күн өтті ол атасын күткелі,

Үш күн өтті соңғы талшық біткелі.

Үш күн өтті армандаумен, аңсаумен,

Үміт шіркін жібек жіптей мықты еді.

 

Қарт келеді азып-тозып, қалжырап,

Қос иығы еңкіш тартып, салбырап.

Қара бала үй алдында отырды,

Қиялынан бір-ақ үзім нан сұрап.

 

Қанжығасы майланбады аңшының,

Құр қол қайтса қараңғы үйде жан

шығын.

Қолындағы бесатары безеріп,

Қандамады, қайдан табар талшығын?

Шаршады қарт таусылды һәм шыдамы,

Шындықтың да болады екен ылаңы.

Шалғай тартып бара жатқан тағдырдан,

Шыдам бер деп шын ниетпен сұрады.

 

Жақындады кеткен аңшы үйіне,

Жолы болмай қайтқанына күйіне.

Жалт қарады аңшы кенет алдына,

Жар басында киік тұрды түйіле.

 

Атқан оғын жібермейтін далаға,

Асып-сасып алды аңшы шамаға.

Аң біткенді жібермейтін алдынан,

Ақ несібе бұйырсын, деп балама.

 

Басып салды, аунап түсті жүрегі,

Бордай тозды арманы мен тілегі.

Боз киік деп атқаны оның, дүние-ай,

Боз жарғағын киіп тұрған ұл еді.

 

Қара найза жүрегіне кіргендей,

Қош айтуға қалдың қартың үлгермей.

Қара бала құлап түсті күбірлеп,

«Қайран, атам, қайран атам,

бұл мен ғой».

 

Осылай деп сыр айтады бір аңыз,

Ойран қылған сол аштық та «мұрамыз».

Отан-ана, опат болған ұрпақтың,

Обалын да жендеттерден сұраңыз.

 

Ашаршылық сенің ащы айғағың,

Аян болған аяныш пен айбарың.

Арыз айтып кетті келер ұрпаққа,

Ауыр жылда құрбан болған қаймағың.

 

Қара ниет қай кезде де қан ұстар,

Қайғы-мұңы жігеріңді жаныштар.

Қадіріңді халқың бүгін айтады,

Қапияда қаза тапқан, арыстар.

 

Өтеген ОРАЛБАЙҰЛЫ