Қолға алынған бағдарлама ел игілігіне қызмет етіп, әсіресе жас отбасылардың пәтерлі болуына мүмкіндік ұсынуда. Мыңдаған тұрғынның басты мәселесін шешуге ықпал етіп отырған ауқымды жоба 2015-2019 жылдар аралығында жүзеге асырылуы жоспарланған инфрақұрылымды дамытуға арналған.
Еліміз егемендік алғалы бергі уақыттың ішінде қол жеткен жетістіктеріміз бен толайым табыстарымыз баршылық. Әрбір азаматтың тәуелсіз еліміздің еңсе тіктеп, бәсекеге қабілетті болуы жолында еңбек етуі үшін оның әлеуметтік жағдайының оң шешімін тапқаны дұрыс-ақ. Бүгінгі таңда мемлекеттің қолдауы нәтижесінде баспаналы болып, қоныс тойын тойлап жатқан отбасылар саны артып келеді. Соңғы жылдары еліміз бойынша жыл сайын 40 мың пәтер салынған болса, ендігі жерде «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жыл сайын 100 мың пәтер пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Бұл ретте тағы да миллиондаған азаматтың пәтерлі болуына жағдай жасалады.
«Нұрлы жер» бағдарламасының өңірлер үшін де тиімділігі жоғары. Бүгінгі таңда аталған бағдарлама аясында облигациялық құнды қағаздар шығару арқылы Тараз қаласындағы 43,8 мың шаршы метрлік аумақта 80 пәтерлі
10 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары жүргізіліп келеді. Жамбыл облыстық құрылыс, жолау-
шылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, бұл мақсатқа өткен жылы 1,8 миллиард теңге бөлініп, қаражат толығымен игерілген. Сонымен қатар былтырғы жылдан өтпелі және биылғы тұрғын үй құрылысы жұмыстарына барлығы 3,23 миллиард теңге бөлінген. Негізінен құрылыс жұмыстарының дені қаладағы Ы.Сүлейменов көшесінің соңындағы жер телімдерінде жүргізілуде. Аталған басқарманың басшысы Әділет Ахатаевтың айтуынша, халықтың аз қамтылған топтары үшін сатып алу құқығынсыз «Арай» алқабы мен «Бәйтерек» шағын ауданынан бой көтеретін тұрғын үй кешені беріледі. Аталған 3 нысанның құрылысына республикалық бюджеттен 1 531,302 миллион теңге бөлінген. Бұл нысандар биыл пайдалануға берілмек.
«Осы ретте «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Т.Рысқұлов ауданы, Құлан ауылындағы – «Арай», Тараз қаласындағы – «Барысхан», Ы.Сүлейменов көшесінің соңындағы тұрғын алқаптары мен «Бәйтерек» шағын ауданының бірқатар жер телімдерінің инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдарын дамытуға республикалық бюджет есебінен тиісінше қаржы бөлінгенін атап өткен жөн», дейді басқарма басшысы.
Бүгінгі таңда 2005-2006 жылдары кезекке тіркелген тараздық тұрғындар арасынан 565 адам қанатқақты жобаға қатысуға шешім қабылдапты. Олар өтініштерін Тараз қалалық әкімдігіне жолдаған. Ал ағымдағы жылдың екінші тоқсанында «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасының шартына сәйкес 205 қатысушы жаңа баспанаға қол жеткізіп, қоныс тойын тойлайтын болады.
Елімізде тұратын әрбір азаматтың баспаналы болуына арналған «Нұрлы жер» бағдарламасының жамбылдық жұртшылыққа берері көп. Өткен жылы Астана күні қарсаңында 800 отбасының пәтерлі болғаны ел есінде. Бұл көрсеткіш ағымдағы жылы да жалғасын тауып, тұрғындар қуанышын еселей береріне күмән жоқ.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы