Бүгін біз өсімдік карантині туралы заңдық тұрғыда сөз қозғамақпыз. Көпке түсінікті болу үшін әуелі анықтамадан бастайық. Өсімдік карантині мемлекетті немесе оның жеке бір бөлігін аурулар мен зиянкестердің және арамшөптердің таралуынан сақтау үшін ұйымдастырылады. Осыған байланысты бұл сыртқы және ішкі карантин болып екіге бөлінеді.
Сыртқы карантиннің негізгі мақсаты – ел аумағын карантиндік маңызы бар нысандардан қорғау. Осы мақсатта шекаралардағы арнайы бекеттерде елімізге әкелініп жатқан өсімдік өнімдерінің (дән, жеміс-жидек, орман және жеміс ағаштары, сәндік дақылдардың көшеттері мен тұқымдары) барлығы карантиндік тексеруден өтеді. Оны басқа елге тасымалдау үшін арнайы карантиндік сертификат болуы қажет. Карантиндік нысандардың бірі байқалған жағдайда барлық жүк залалсыздандырылады, жойылады немесе кері қайтарылады. Әр мемлекет үшін карантиндік нысан-
дардың тізімдері бекітіледі.
Ал еліміздің заңнамасы бойынша қандай объектiлерге карантиндік шаралар қабылдау қажет? «Өсімдіктер карантині туралы» заңға сәйкес, «карантинге жатқызылған өнiмдерге карантинді зиянды организмдерді тасығыштар болуы және олардың таралуына әсер етуі мүмкін, карантинге жатқызылған өнiм тізбесіне енген және карантиндік шаралар қабылдау қажет болатын өсімдіктер, өсімдіктен алынатын өнім, ыдыс, орам, жүктер, топырақ, организмдер немесе материалдар енеді. Бұл өнімдерді Қазақстан аумағында облысаралық тасымалдауға уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінің өсiмдiктер карантинi жөнiндегi мемлекеттiк инспекторы беретiн карантиндiк сертификат және Қазақстаннан тыс жерге шығаруға фитосанитарлық сертификат қажет. Аталған сертификаттарды Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің аумақтық инспекциялары береді. Мемлекеттiк қызметтi электронды және қағаз түрінде алуға болады.
Мемлекеттік қызметті көрсету мерзіміне тоқталсақ, карантиндік сертификат көрсетілетін қызметті берушіге құжаттардың топтамасын тапсырған сәттен бастап, сондай-ақ порталға жүгінген кезде 3 жұмыс күні ішінде, ал фитосанитарлық сертификат көрсетілетін қызметті берушіге құжаттардың топтамасын тапсырған сәттен бастап, сондай-ақ порталға жүгінген кезде 5 жұмыс күні ішінде беріледі.
Мемлекеттік қызмет алу үшін арнайы орталыққа жүгінген кезде осы мемлекеттік қызмет көрсету стандартына сәйкес нысан бойынша өтінім, жеке басын куәландыратын құжат және өкiлдiң өкiлеттiлiгiн растайтын құжат, импорттаушы елдің өсімдіктер карантині жөніндегі ұлттық қызметінің өсімдіктер карантині саласындағы талаптары қажет. Ал электронды порталда мемлекеттік қызмет көрсету стандартындағы қосымшаға сәйкес, электронды құжат нысанындағы өтінім, фитосанитарлық сертификат алу кезінде импорттаушы елдің өсімдіктер карантині жөніндегі ұлттық қызметінің өсімдіктер карантині саласындағы талаптары керек.
Сондай-ақ өтініш беруші карантинге жатқызылған өнімді тексеріп қарауға ұсынбаса, карантинге жатқызылған өнімде карантинді объектілер анықталса, импорттаушы елдің фитосанитарлық талаптарына сәйкессіздігі анықталса, өтініш беруші фитосанитарлық сертификат алудан бас тартса, мемлекеттік қызмет көрсетілмейді. Яғни, жоғарыда көрсетілген құжаттарсыз өнімдердерді тасымалдау «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 400-бабын бұзуға жатады. Сондықтан қажетті құжаттар әрдайым өзіңізбен бірге болуы керек.
Айдос ТІЛЕУЖАНОВ,
Астана қаласы бойынша аумақтық инспекцияның өсімдіктер карантині, қорғау және фитосанитариялық бақылау бекеттері жөніндегі мемлекеттік инспекция бөлімінің басшысы