Футбол • 31 Мамыр, 2018

Луис Суарес пен Эдинсон Кавани тандемі

560 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Биыл Ресейде өтетін футболдан әлем чемпионатына Оңтүстік Америка құрлығынан Уругвай құрамасы да қатысады. Тұңғыш футбол тойын өз елінде бастап берген аталған құрама ел тарихында жаһандық додада 13-ші мәрте бағын сынамақ. Құраманың биылғы мақсаты – әлем чемпионы атану.

Луис Суарес пен Эдинсон Кавани тандемі

Бұрынғы Уругвай

Жазбамыздың кіріспе сөзінде Уругвай футболдан әлем чемпио­натын бастап бергенін айтып қалдық қой. Халықаралық футбол федерациясының алғашқы басшыларының бірі, әлемдік доп додасын ұйымдастыру идеясының авторы Жюль Оимэ 1929 жылы бірінші әлем чемпионаты Уругвайда өтетінін айтқанымен, оған қандай құрамаларды қа­тыс­тыратынын білмей басы қатқан еді. Тіпті Еуропаның алпауыт құрамаларының талайы футболшыларды апарып-әкелуге қаржы тапшы деген себепті көлденең тартып, қатысудан бас тарта бастады.

Чемпионат басталуға екі ай қалғанда да футболы қатты дамыған қарт құрлықтан бірде-бір команда Атлант мұхитын ке­сіп, алғашқы чемпионатқа барғы­сы келген жоқ. Бұл жағдай уруг­вайлықтардың тіпті көңіл­деріне тигені анық. Өйткені Уруг­вай 1924 және 1928 жылдары мұхит кешіп, Париж бен Амстер­дамда өткен Олимпия ойын­дарына баруға тәуекел етті. Еу­ропа­лықтарға неге олай жасамасқа?

Ақыры уругвайлықтар ко­мандалардың бүкіл жатын орнын, ішіп-жемін ғана емес, күллі келу-кету жол қаражатын да өз мойнына алатынын айтқан соң ғана тиын санап қалған еуропалықтар көнген сыңай танытты. Бірақ 1930 жылдың 29 маусымы күні Уругвайды бетке алған кемеге Римэ тек төрт құраманың – Франция, Румыния, Югославия және Бельгия футболшыларын ғана отырғыза алды. Бұлар сол кезде Еуропаның орташа дең­гей­дегі командалары еді. Оларға Сол­түстік Американың 7 өкілі қо­сылды. Сөйтіп алғашқы бірін­шілікке 13 команда қатысты.

13 команда қатысқан тұңғыш әлем чемпионатында құрамалар 18 ойын өткізді. Қақпаға 70 доп соғылып (орта есеппен әр ойынға 3,89 голдан келеді), төрт пенальти белгіленді. Оның үшеуі соғылған жоқ. Тұңғыш чемпионаттың финалына жарыс қожайындары Уругвай мен Аргентина құрамалары шықты. Тартысты өткен ойында Уругвай құрамасы қарсыластарын 4:2 есебімен жеңіп, футболдан алғашқы әлем чемпионы ата­ғын жеңіп алды. Ал 1950 жылы Бра­зилияда өткен доп додасын­да Уругвай араға 20 жыл салып екінші рет бас бәйгеге қол жеткізді. Сол жылдан бері уругвай­лықтар әлем чемпионатында топ жара алмай келеді. Қазірге дейінгі ең үздік нәтижесі – төртін­ші орын. 1954, 1970 және 2010 жыл­дарғы әлем чемпионат­тарында жартылай финалда жеңіліп, төртінші орынды қанағат тұтқан.

Уругвай құрамасы екі әлем чемпионатына қатысудан бас тартып (1934, 1938), алты рет әлем біріншілігінің іріктеу кезеңінен өте алмаған. Соңғы рет төрт жылдықтың басты додасына 2014 жылы (Бразилия) қатысып, 1/8 финалда Колумбия құрамасынан (0:2) жеңілген. Хамес Родригестің екі голы уругвайлықтарды үй­лері­не ерте қайтарған-тын.

Бүгінгі Уругвай

Уругвай құрамасы биылғы әлем чемпионатына Оңтүстік Америка аймағынан іріктеу кезеңіне қатысып, 10 құраманың ішінде Бразилиядан кейінгі екінші орынды иеленді. Сөйтіп Ресейдегі чемпионатқа тікелей жолдама алды. Құраманың қазіргі жұлдыздары – Луис Суарес («Барселона») пен Эдинсон Кавани (ПСЖ). Суарес бүгінге дейін құрама сапында 97 матч өткізіп, 50 гол салған. Ал Кавани 100 ойында 42 доп енгізген.

Қазіргі таңда Уругвайды бі­лікті бапкер Оскар Табарес жат­тық­тырады. 71 жастағы маманмен Уругвай құрамасы үшінші мәр­те әлем чемпионатына қатыс­-
қалы тұр. Оскар Табарес ең ал­­ғаш Уругвай құрамасымен бірге 2010 және 2014 жылдарғы әлем бі­рін­ші­ліктеріне қатысқан еді. Екеу­інде де финалға жете алма­ған. Ал биыл финалға дейін жету­ді армандайды. Сондай-ақ Оскар­дың қол астында Уругвай 2011 жы­лы Америка кубогын иемденген.

Футбол мамандары қазіргі Уругвай құрамасын «А» тобы­ның сөзсіз үздігі деп санайды. Оскар Табарес шәкірттері чем­пио­наттағы алғашқы ойынын 15 мау­сым күні Мысыр құрамасына қарсы өткізеді. Ал екінші матчын­да Азия өкілі – Сауд Ара­бия­­сымен кездессе, соңғы турда алаң қожайындарымен ойнай­ды. Былайша айтқанда, уруг­вай­лықтардың бір аяғы турнирдің плей-офф кезеңінде тұр деп есеп­тей беруге болады. Егер Уруг­вай 1/8 финалға шығатын болса, онда оны Еуропаның азулы құ­ра­малары Испания немесе Пор­ту­галия күтіп тұрады. Бәлкім, Оң­түстік Америкадан келген құрама әлем чемпионатындағы жорығын 1/8 финалда аяқтауы мүмкін. Бұл, әрине тек болжам ғана. Барлығын Ресейдегі жасыл алаң анықтап беретін болады.

Әли БИТӨРЕ,

«Егемен Қазақстан»