Медицина • 31 Мамыр, 2018

«Оңай» оңай болмай тұр

444 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Соңғы уақытта алматылық жолаушылар тарапынан «Оңай» электронды жол жүру жүйесіне қатысты сын-пікірлер жиі айтылып қалып жүр. 

«Оңай» оңай болмай тұр

Соның ең сорақысы, қоғамдық көліктерде өзін «Оңай!» бақылаушыларымыз» деп таныстырып, жолаушылардың картасынан ақша шешіп алатын жалған бақылаушылар пайда болды деген ақпараттың қаулауы деуге болады. Осыған қатысты жауапты мамандар не дейді? 

Әлеуметтік желілерді аша қалсаңыз, мұндай ақпараттарды көптеп кездестіресіз. Мәсе­лен, Алматы қаласының тұрғы­ны Мақсат Дүйсенов өзі­нің «Оңай» картасындағы ақша­сы­ның бір емес, бірнеше мәр­те кеміп қалғанын айтады. «Күн сайын қоғамдық көлік қыз­метін қолданамын. Көп көлем­дегі қаражат болмаған соң тең­герімімдегі ақшам азайып қал­ғанына басында аса мән бермеген болатынмын. Кейін жақын досымнан «төлем тексерушілерміз деп жолаушыларды алдап ақ­ша жасайтын алаяқтар шығып­ты» дегенді есті­генде ойла­нып қал­дым. Содан бастап бақы­лау­шы­ларға картамды ұсынғанда сақ қарайтын болдым» дейді ол.

Өздерін «Оңай!» картасы­ның бақылаушылары деп та­ныс­тыратын бейтаныс адам­дардың көбейіп кетуіне байла­нысты жауапты мамандар қо­ғамдық көлік қызметін қол­да­­натын алматылықтарға сақ жү­ріп, мұқият болуға кеңес береді.

– Азаматтар бақылаушы­лардың жол ақысының төле­мін тексеру үшін картаны жолаушылардан сұрап алып, оларды мобильді терминал арқы­лы өткізіп, сол арқылы картадан қаражатты қайта ше­шіп алып жататынын айтып, жиі шағым түсіреді. Мұндай жағ­дайда жолаушы Алматы көлік холдингіне өтініш жазуына болады. Осылайша, қайталанып алын­ған сома картаның теңге­ріміне қайтарылады. Осын­дай келеңсіз жағдайлар қай­таланбас үшін картаны қоғам­дық көлік кондукторларына бермеуге кеңес береміз. Өйт­кені олар АХК-нің де, тасы­малдаушы-компанияның да ресми түрдегі қызметкерлері емес. Картаны тек арнайы форма киген, бейджі және жеке куәлік пен бақылаушының өкілеті бар, ресми түрде жұмыс атқаратын бақылаушыларға тексеру үшін беру қажет. Егер қоғамдық көлік­тен жалған ба­қы­­лаушыны бай­қаған болса­ңыз, тез арада «Оңай!» бай­ланыс орта­лығына хабар беруіңізді сұраймыз, – дейді Алматы көлік холдингінің директоры Садир Хамраев.

Әзірге еш жерде мұндай құқық бұзушылық фактісі ресми түрде тіркелмеген. Алайда жоғарыда келтіргеніміздей, бұл мәселеге қатысты дабыл қаққан жолаушылар жоқ емес. Қалай болғанда да, әңгіме бекер айтылмаса керек. «Оңай» оңай демеңіз, абай болыңыз!

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ