Форум «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыруға шетелдік студенттердің қатысу жобаларын талқылауға арналды. Қатысушылар «Рухани жаңғыру» бағдарламасының халықаралық деңгейдегі ақпараттық және мәдени кеңістігін кеңейту бағыттары бойынша өз ұсыныстарымен бөлісті.
«Бүгін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде жастардың бастамасымен үлкен форум өтуде. Оны ұйымдастырып, мақсатын айқындаушы осы жерде білім алып жатқан шетелдік студенттер. Бүгінгі таңда бұл университеттің қабырғасында 500-ге жуық шетелдік студент және 30 шақты әртүрлі елден келген профессорлар қызмет атқарады.
Міне, алдымызда демалыс айлары басталады. Осы уақытта шетелдік студенттер өз елдеріне қайтады. Сол кезде өздерінің Қазақстаннан алған әсерін өз елдеріне барып насихаттап, тарататын ниеттері бар. Жалпы, еліміздің жоғары оқу орындарында 13 000-дай шетелдік студент білім алып жатыр екен. Олардың барлығы елдеріне қайтқанда Қазақстан туралы терең біліп, жерлестеріне жеткізе алса, онда еліміздің имиджі көтеріліп, танымалдылығы арта түсер еді», деп атап өтті Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов.
Франция студенті Жереми Конверт ағымдағы жылдың аяғына дейін «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша бірнеше акцияларды қамтитын «1001 қадам» жастар жобасының іске қосылатынын хабарлады. Бұл жобаның аясында студенттер шетелдік университеттер мен кітапханаларға Қазақстан туралы кітаптар сыйлайды, дөңгелек үстелдер мен конферецияларға қатысады, газет-журналдарда мақала жариялайды, еліміздің жетістіктерін әлеуметтік желілерде кеңінен талқылайды. ЕҰУ студенттері Қазақстандағы барлық шетелдік студенттер мен шетелдегі білім алып жатқан қазақстандық студенттерді осы акцияға қолдау білдіруге шақырды.
Сонымен бірге форумда студент жастардың әлеуметтік желілердегі «Біз латынша жазамыз – латынды қолдаймыз» жобасының іске қосылуына қолдау білдірді.
Форум соңында студенттер қауымдастығы осындай халықаралық мазмұндағы форумды жыл сайын өткізу туралы шешім қабылдады.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»