Бұл жолы жандарын дерт, қабақтарын мұң шалған Әмір Ғабдуллин, Карина Баймолдина, Владислава Головыринаның ем-домына жұмсауға шешім қабылданды. Көп балалы отбасында тәрбиеленетін Карина мидың кистозды-глиозды өзгеруіне жастайынан шалдыққан. Буын ауруының созылмалы түрі меңдеген Владислава өмірінің көп бөлігін ауруханада өткізіп келеді. Әмірге қойылған ахондроплазия диагнозы түні бойы жанын жегідей жеп шығады. Ота жасалғанымен, алда тағы бір бейнет күтіп тұр. Украинада жасалатын кезекті операцияға бармақ.
Балмаскарад түрінде ұйымдастырылған кеште облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет Елбасының қолдауымен «Бірлік – қайырымдылық арқылы» шарасы жүйелі өткізіліп, жақсы дәстүр өңірде кең қанат жайғанын атап өтіп, аз қамтылған отбасылардың кембағал балаларына жан-жақты қаржылық қолдау көрсетуді діттейтін жобаға белсене атсалысуға шақырды.
Қайырымдылық балына ортақтасқан кәсіпкерлер, қалталы азаматтар кішкентай балдырғандардың өнерін қызыға тамашалады. Концерттік бағдарламадан кейін аукцион ұйымдастырылып, 4 миллион 642 мың теңгенің бұйымдары мен заттары сатылды.
Акция соңында балға қатысушылар флешмоб билеп, жиналғандарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы