Қазақстан • 31 Мамыр, 2018

Үлкен Алматы автомобиль айналма жолының құрылысы басталды

448 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының инфрақұрылым бағдарламасы бойынша жоспарланған Үлкен Алматы автомобиль айналма  жолының құрылысы басталды. Ұзындығы 66 шақырымды құрайтын 6 жолақты алып жол төрт жылда салынып бітпек.  Жобаның басталуына арналған арнайы іс-шараға  ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Асқар Мамин қатысты.

Үлкен Алматы автомобиль айналма жолының құрылысы басталды

Алматыны айналып өтетін автомобиль жолы I-техникалық санат бойынша  салынады. Бұл өз кезегінде Алматы қаласының аумағындағы қозғалыс ағынын азайтуға, транзиттік көліктер санын қысқартып, экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жоба үздіксіз және қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз етеді. Оған қоса Еуропа мен Азия арасын жалғайтын автокөлік дәлізімен жүретін қозғалысқа  да дем бермек.

Құны 180 млрд долларды құраған жол құрылысына  200-ге жуық техника мен 3 мыңнан астам жұмыс күші тартылады. Бір қуантарлығы,  құрылысшылардың 90 пайызын жергілікті азаматтар құрайтын болады. Құрылыс жұмысына  бетон, цемент, қиыршық тас сияқты түгелдей дерлік Отандық өнімдер қолданылмақ. Үлкен айналма жолды салуға бұған дейін еліміздегі Ақтөбе-Қостанай, Бейнеу-Атырау, Алматы-Қордай сынды үлкен жолдардың құрылысына қатысқан түрік және корей компаниялары жұмылдырылған.

«Үлкен Алматы автомобиль айналма жолы  ел инфрақұрылымының дамуына соны серпін береді.  Елбасының тікелей тапсырмасымен қолға алынған бұл бастама мемлекет пен жекеменшік сектордың   серіктестігі арқылы жүзеге асып отырған ең ауқымды жобалардың бірі. Сондықтан, бұл бәрімізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Аталған жұмыстар транспорт саласындағы үлкен істердің бастамасы ғана. Алда әлі талай маңызды істер күтіп тұр. Баршаңызды құрылыс жұмысының басталуымен құттықтаймын» деді іс-шарада сөйлеген сөзінде Асқар Мамин.

Сондай-ақ шараға қатысқан ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов ҚР ИДМ Автомобиль жолдары комитетінің, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Алматы филиалының, «Алматыжоллаборатория» РМК өкілдері аталған бастаманың ел экономикасы үшін аса маңызды екеніне тоқталып, құрылыс жобасының эскизімен таныстырды. 

Салтанатты шара аяқтала салысымен мамандар мен жұмысшылар тобы 50 айға жоспарланған алып жолдың құрылысына кірісіп те кетті.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ