Қазақстан • 31 Мамыр, 2018

Алматы облысы қуғын-сүргін құрбандарын аза тұтты

896 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай Алматы облысының Талғар ауданына қарасты Жаңалық ауылында аза тұту шарасы өтті. Жиналғандар саяси қуғын-сүргін құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алып, екерткішке гүл шоқтарын қойды. Осы күні боздақтарға құран бағышталып, ас берілді.

Алматы облысы қуғын-сүргін құрбандарын аза тұтты

Тағзым ету шарасын ескерткіш-мемориалға гүл шоқтарын қоюдан бастаған облыс әкімі Амандық Баталов көпшілік алдында сөз сөйлеп, 31 мамыр ел тарихындағы ең бір азалы күндердің бірі екеніне тоқталып өтті.

- Жыл сайын осы күні – ел тәуелсіздігі үшін күрескен, ұлтымыздың біртуар, аяулы ұл-қыздарын, жазықсыз жапа шеккен құрбандарды еске аламыз. Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау, заңсыз қудаланған азаматтардың құқығын қалпына келтіру жұмыстары қанша уақыт өтсе де тоқталмауы тиіс. Біз Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жазықсық құрбан болған бабалардың рухына арнап, Жаңалық ауылында музей салуды ұйғарып, биыл құрылысын бастадық. Музейдің экспозициялық залында ұлт қайраткерлері туралы материалдар қойылып, осы жерде жерленген саяси қуғын-сүргін құрбандарының аты-жөндері тас тақтаға ойылып жазылатын бодады, - деді аймақ басшысы.

Өз кезегінде сөз алған республикалық Қуғын-сүргінге ұшырағандар қауымдастығының төрағасы Жұмабек Ашуұлы қазақ жерінде әр кезеңде түрлі сипатта орын алған нәубеттердің тарихына, оның залалы мен болашақ үшін сол қаралы тарихты білудің маңызына тоқталды. Ал саяси қуғын-сүргін құрбаны, ақын, қоғам қайраткері Ілияс Жансүгіровтің ұлы Саят Жансүгіров әкесіне арнаған жоқтау жырын оқыды.

Облыс әкімі атап өткендей, осы Жаңалық аулында саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музей ірге көтеріп жатыр. Құрылыс жұмыстарына 288 млн. теңге бөлінген. Жалпы аумағы 535 шаршы метрді құрайтын тағзым үйі өткенге салауат айтып, қасіретті кезеңге тәубе ететін киелі орынға айналмақ.

- Осыдан 20 жыл бұрын «Әділет» қоғамдық бірлестігіне осы аумақтан 17 гектар жер берілген еді. Бірақ, әуелгіде ойға алғанымыздай, музей салу бастамасы кейінге қалып келді. Сол 20 жылдық арман-мақсаттарымыз биыл жүзеге асып жатыр. Осы үшін Алматы облысының басшылығына ризашылық білдереміз, - деді республикалық «Әділет» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғарифолла Әнес.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы