Аймақтар • 31 Мамыр, 2018

Батыс Қазақстан облысында репрессия құрбандарын еске алды

1028 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған кешенді шаралар өтті.

Батыс Қазақстан облысында репрессия құрбандарын еске алды

Орал қалалық зиратындағы «Қуғын-сүргін құрбандарына арналған» ескерткіш жанында өткен еске алу шарасына Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов, Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев, ардагерлер, қоғамдық бірлестіктер мен жастар ұйымдарының өкілдері, қатысты. Жазықсыз жала жабылып, қыршын кеткен арыстардың аруағына дұға оқылды.

Осы күні Орал қаласының әр жерінде – Мұнайшылар гүлбағындағы саяси құрбандар аллеясындағы ескерткішке, сондай-ақ Алаш қозғалысының жетекшісі Жаһанша Досмұхамедов ескерткішіне, саяси қуғын-сүргін құрбандары Есет Тоқсанов, Максим Амосов, Шахзада Қаратаеваға орнатылған ескерткіш тақталарға гүл шоғы қойылып, еске алу жиындары өтті. Оралдағы корей диаспорасы «Қазақ халқына мың алғыс» ескерткішіне жиналып, ел басына күн туған зұлмат күндерін еске алды.

Бұл күні Қаратөбе ауданында «Қаратөбе сиезі – Алаш тарихнамасының негізі» тақырыбында облыстық ғылыми конференция өтті. Жиынға қатысушылар 1918 жылы Алаш зиялыларының басын қосқан «Қаратөбе сиезі» өткен тарихи орынға орнатылған ескерткішке гүлдесте қойып, автономия жолында құрбан болған арыстарды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Дәл осындай шара Қазталов ауданының Жалпақтал ауылындағы орталық саябақта – «Қазақ халқын қорғаушылар одағы. Жалпақтал жасырын жастар ұйымы» атты ескерткіш жанында өтті. 1940-1941 жылдары өрімдей жастардан, студенттерден құрылған топ қазақ халқын отарлық езгіден, бодандық бұғаудан құтқармақ болып әрекет еткен еді. Топ басшысы Ғұбайдолла Әнесов ату жазасына кесілсе, қалған 13 мүшесі түрлі жылдарға түрмеге айдалды, көбі сол сапарынан оралмады.

Отызыншы жылдардың ойранын әсіресе Күнбатыс Алашорданың астанасы болған Жымпиты тұрғындары жақсы біледі. Бұл күні Жымпитыдағы Алаш саябағында саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған шара өтті. Жымпиты халық театры Алашорда қайраткерлерінің жанкештілігін баяндайтын «Мен жастарға сенемін!» атты театрландырылған қойылым көрсетті.

Тарихшылар Совет Одағында 1921-1953 жылдар аралығында 42,6 млн адам репрессияға ұшырағанын айтады. Қазақстанда 1927-1953 жылдар аралығында 103 мың адам жазаланып, 25 мың адам атылған. Батыс Қазақстан облыстық мұрағаттар басқармасы дайындаған «Азалы кітап» деректері бойынша Ақ Жайық өңірінде 1937 жылы 853 адам репрессияға ұшырап, оның 335-і атылған. 1938 жылы 936 адам тұтқындалып, 690-ы атылған.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан

Суретті түсірген Темірболат ТОҚМӘМБЕТОВ