Қазақстан • 31 Мамыр, 2018

Парламент Қауіпсіздік Кеңесі туралы заңды қабылдады

654 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының отырысы болды, деп хабарлайды Сенаттың баспасөз қызметі.

Парламент Қауіпсіздік Кеңесі туралы заңды қабылдады

Сенаторлар жан-жақты қарады және талқылай келіп, «Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі туралы» заңды қабылдады.

Заң Қауіпсіздік Кеңесінің құқықтық мәртебесін, құзыретін және қызметін ұйымдастыруды айқындайды.

Құжатта Қауіпсіздік Кеңесінің ішкі саяси тұрақтылықты сақтау, конституциялық құрылысты, мемлекеттік тәуелсіздікті, аумақтық тұтастықты және халықаралық аренада Қазақстанның ұлттық мүдделерін қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының Президенті құратын және Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету саласында бірыңғай мемлекеттік саясат жүргізуді үйлестіретін конституциялық орган болып табылатыны көзделеді.

Қауіпсіздік Кеңесінің құрамы Қазақстан Республикасы Президентінің Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасымен келісе отырып қалыптастыратыны ұсынылып отыр.

Қауіпсіздік Кеңесінің негізгі міндеттері елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қорғаныс қабілетін нығайту, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын жоспарлау, қарау және олардың іске асырылуын бағалау болып табылады.

Қауіпсіздік Кеңесінің мынадай міндеттерін айқындау ұсынылады:  

1) мемлекеттік органдар мен ұйымдардың елдің ұлттық қауіпсіздігі мен халықаралық ұстанымдарын, мемлекеттің қорғаныс қабілетін, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету саласындағы іс-шараларды іске асыру жөніндегі қызметін үйлестіру;

2) ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және Қауіпсіздік Кеңесінің шешімдерін іске асыру мақсатында құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру;

3) ел дамуының аса маңызды бағыттары бойынша мемлекеттің стратегиялық құжаттарының орындалу жай-күйіне мониторинг жүргізу және бағалау;

4) мемлекеттік бағдарламаларды, заң жобаларын, маңызды сыртқы саяси және мемлекеттік мәні бар өзге де бастамаларды, сондай-ақ елдегі жағдайдың дамуын, әлемдік және өңірлік үрдістерді кешенді талдау және бағалау, ұлттық қауіпсіздіктің ішкі және сыртқы қатерлерін болжау, олардың алдын алу және оларды бейтараптандыру жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу және шараларды айқындау;

5) Қазақстан Республикасы Үкіметінің ұлттық қауіпсіздікті, қорғаныс қабілетін, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету саласындағы қызметінің нәтижелері мен негізгі бағыттары туралы жыл сайынғы баяндамасын тыңдау;

6) елдің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру мәселелері бойынша мемлекеттік органдардың бірінші басшыларын тыңдау;

7) Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздікті, қорғаныс қабілетін және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету саласындағы заңдарының орындалуын, оның ішінде осы мақсаттарға жұмсалатын қаражаттың тиімді пайдаланылуын бақылауды ұйымдастыру;

8) орталық және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарының, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың бірінші басшы лауазымдарына тағайындауға ұсынылатын кандидатураларды талқылау;

9) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де функциялар.

Заңмен Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының және оның мүшелерінің өкілеттіктері белгіленеді, сондай-ақ Қауіпсіздік Кеңесі мен оның Аппаратының қызметін ұйымдастыру реттеледі.

Сенат отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң екі оқылымда қаралып, қабылданды.

Бұл заңмен еліміздің Бюджет кодексіне, «Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі туралы» және «Құқықтық актілер туралы» заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу ұсынылды.

Атап айтқанда, Бюджет кодексіне Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Аппаратына стратегиялық жоспарлар әзірлеу туралы талап қойылмайтыны туралы толықтыру енгізу көзделіп отыр.

«Құқықтық актілер туралы» заңға Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының актілері нормативтік құқықтық актілер сатысынан тыс тұратынын көздейтін толықтыру енгізіледі.

Палата «1992 жылғы 6 шілдедегі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Экономикалық Сотының мәртебесі туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы  ратификациялады.

Хаттама ТМД Экономикалық Сотының кызметін «ad hoc» кағидаты бойынша жаңа жұмыс icтey сипатына көшіру арқылы жетілдіру мақсатында әзірленген болатын. Бұл жұмыс icтey сипаты тұрақты негізде жұмыс істейтін Сот төрағасын қоспағанда, судьялардың нақты дауды қарау кезіндегі ғана қызметін көздейді.

Мұндай жұмыс сипаты Экономикалық Сотты күтіп-ұстауға жұмсалатын шығыстарды қысқартуға мүмкіндік береді, бұл ТМД органдарының бірыңғай бюджетінен қаражатты тиімді пайдалануға әкеледі.

Палата отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік cаласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралды.

Бұл құжаттың мақсаты зияткерлік меншік саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіру, зияткерлік меншік нысандарын тіркеу рәсімдерін оңайлату, құқықтық олқылықтарды жою, сондай-ақ зияткерлік меншікті қорғау саласындағы әкімшілік кедергілер туындатын ережелерді алып тастау болып табылады.

Азаматтық кодекс пен «Тауар таңбалары, қызмет көрсету таңбалары және тауар шығарылған жерлердің атаулары туралы» заңға құқық иеленушінің тауар шығарылатын жердің атауын пайдалану құқығын бұзған тұлғадан шеккен залалдардың орнына сот белгілеген көлемде өтемақы төлеуді талап ету құқығын көздейтін толықтыру енгізіледі.

Уәкілетті органның авторлық құқықпен қорғалатын туындыларға құқықтарды тіркеу, өнеркәсіп меншігіндегі нысандарға қорғау құжаттарын тіркеу мен беру жөніндегі құзыретін сараптама ұйымына («Ұлттық зияткерлік меншік институты» РМК) беру ұсынылып отыр. Осыған байланысты еліміздің Салық кодексіне уәкілетті органның жоғарыда айтылған іс-әрекеті үшін мемлекеттік бажды алып тастау бөлігіне түзетулер енгізіледі.

Заңнамалық актілерге коммерциялық емес ұйымдардың қызметі мәселелері бойынша түзетулер қабылданды.

Құжаттың мақсаты мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс саласындағы заңнаманы мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты іске асырудың тиімділігі мен ашықтығын арттыру, сондай-ақ уәкілетті органға мәліметтер беретін коммерциялық емес ұйымдардың тізбесін оңтайландыру арқылы жетілдіру болып табылады.

Құжат бірқатар заңнамалық актілердің мазмұнына өзгеріс енгізеді.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске түзетулер субъектілердің коммерциялық емес ұйымдар туралы заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік жауаптылығын нақтылауға бағытталған.

«Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар және сыйлықақылар туралы» заңға жаңа «мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастыру» және «мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың нәтижелерін бағалау» ұғымдары енгізіледі. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастыру және оның нәтижелерін бағалауды жүзеге асыру бөлігінде уәкілетті орган мен мемлекеттік органдардың құзыреті нақтыланды.     

«Коммерциялық емес ұйымдар туралы» заңға уәкілетті органға мәліметтер беретін үкіметтік емес ұйымдардың тізбесін қысқарту мақсатында түзетулер енгізіледі.

«Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» заңға Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Үкіметпен және мемлекеттік органдарымен өзара іс-қимылы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

«Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы», «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» және «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңдарға «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар және сыйлықақылар туралы» заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес келтіру бөлігіне түзетулер енгізілді.

Отырыс барысында сенаторлардың депутаттық сауалдары жария етілді. Сенатор Бірғаным Әйтімова орта мектептер мұғалімдерінің еңбекақысын көтеру және мектепте тамақпен қамтамасыз етудегі өзекті мәселелер туралы; Нұрлан Қылышбаева «Қорғас» шекара маңындағы ынтымақтастық халықаралық орталықтың қызметі туралы; Мұрат Бақтиярұлы өткен ғасырдағы халқымыз бастан кешекен қуғын-сүргін қасіреті мен ашаршылық құрбандарына ресми құқықтық, саяси баға беру және ашаршылықтың құрбаны болған отандастарымыздың мемлекеттік реестрін жасау мәселелерін көтерді.               

Соңғы жаңалықтар