
Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «Егемен Қазақстан»
Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2016 жылдың соңында әзірленді. 2018 жылы нақтыланған бюджетті ескере отырып, оны іске асыруға 106,9 млрд теңге қарастырылған.
1 мамырдағы жағдай бойынша бағдарламаға 160 500 адам қатысқан, олардың 95 900-і жұмыссыздар (59,7%), ал өзін-өзі жұмыспен қамтығандар –
10 800 адам (6,7%).
Жұмыс үш негізгі бағыт бойынша жүргізілуде. «Техникалық және кәсіптік біліммен (ТжКББ) және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету» атты бірінші бағыт аясында өткен жылдан бері ТжКББ бойынша 20 776 адам оқуын жалғастырып жатыр. Бағдарламаға қатысушылар стипендиямен, бір реттік ыстық тамақпен және жол жүру ақысымен қамтамасыз етілген. Осы жылдың төрт айында жоспарлы көрсеткіштің, яғни 37 249 адамның 16 896-сы еңбек нарығында сұранысқа ие дағдылар бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жіберілген.
Екінші «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағыты аясында алғашқы төрт айда 290 шағын несие беріліп, олардың 62-сі ауыл тұрғындары арасында, 228-і қала халқы арасында бөлінген. Барлығы 98 адам стартап-жобалар құрып, жеке бизнестерін ашып, кәсіпкер атанды. Сондай-ақ «Бастау-Бизнес» жобасы аясында алғаш рет өз бизнесін бастап жатқан азаматтар кәсіпкерлік негіздеріне оқытылады. Биыл 7347 қатысушы оқуға жіберілді.
Үшінші бағыт: «Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту».
2018 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша бос жұмыс орындарына 71 325 адам жұмысқа орналастырылды. 14 564 азаматқа әлеуметтік жұмыс орындары берілді, бұл жоспарды 86,6%-ға орындауға мүмкіндік берді (мақсатты көрсеткіш – 16 806). Бұл санатта 4324 адамды қамтыған Оңтүстік Қазақстан облысы жоғары көрсеткішке жетіп отыр.
10 405 адам немесе жоспарланған санның 51,4% жастар практикасына бағытталған. Бұдан өзге, биыл Қазақстанда 1706 қоныс аударушы отбасына және 622 оралмандар отбасына жұмыс күші көп аймақтардан (Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау және Оңтүстік Қазақстан облыстарынан) жұмыс күші аз өңірлерге (Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарына) көшу үшін квота қарастырылған.
Есепті кезеңде 206 отбасы немесе 820 адам көшірілген. Олардың ішінде еңбекке жарамды жастағылар – 394 адам, олардың 147-сі жұмысқа орналасқан.
Нұрсұлтан Назарбаевтың әлеуметтік бастамалары әрбір қазақстандықтың әл-ауқатын одан әрі жақсартуды көздейтіні белгілі. Төртінші бастама ауылдық жерлерде және қалаларда шағын несие беру көлемін кеңейтуге бағытталған. Ол кәсіпкерлікті дамытуға, жұмыс орындарын құруға, аз қамтылған халық санатының табысын өсіруге, сондай-ақ өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықты ресмилендіруге қатысты кешенді міндеттерді шешуге мүмкіндік береді.
Шағын несие беруді дамыту бүгінде 2017-2021 жылдарға арналған нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың ең тиімді тетігі болып табылады.
2018 жылы бекітілген бюджетте шағын несие беру бағдарламасына 42 млрд теңге, оның ішінде ауылдық жерлерге 31 млрд теңге және қалалар мен моноқалалар үшін 11 млрд теңге қарастырылған.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен қаржыландыру 20 млрд теңгеге ұлғайып, биыл 62 млрд теңгені құрайды. Соның нәтижесінде шағын несиемен қамтудың жалпы көлемі 14 000 адамнан асады, бұл 2017 жылғы деңгейден екі есе көп.
Бес әлеуметтік бастаманың төртінші бағытын тиімді іске асыру үшін бағдарламаға бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілген. Атап айтқанда, өндірісті ұлғайту және оның кепілдендірілген сатылымы үшін қайта өңдеуші ауылшаруашылық кәсіпорындары аясында зәкірлік кооперацияны дамыту қарастырылған. Осы мақсаттарға барлығы 10 млрд теңге бөлінген.
Ауылдық жерлерде –Ауыл шаруашылығы министрлігі, қалалар мен моноқалаларда Ұлттық экономика министрлігі шағын несие беру бағдарламасының әкімшілері болып табылады.
Биыл «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында үш ірі жоба іске қосылуда.
Біріншісі – Әлеуметтік-еңбек саласының бірыңғай ақпараттық жүйесін дамыту. Бүгінгі күні жүйе еңбек, жұмыспен қамту, әлеуметтік сақтандыру, зейнетақымен және әлеуметтік қамсыздандыру, әлеуметтік қолдау, арнайы әлеуметтік қызметтер және көші-қон секілді ведомство қызметінің барлық бағыттары бойынша 11 ақпараттық шағын жүйелерді қамтиды.
Екінші жоба – Электронды еңбек биржасы. Азаматтарды жұмысқа орналастыру процесі электронды форматқа көшіріліп, жұмыс іздеушілер мен вакансиялардың ірі базасы қалыптасқан.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректері бойынша қазіргі кезде биржаға жұмысқа орналастыруға қатысты 45 жеке агенттік пен 5 интернет-алаң қосылған. Ай сайын Электронды биржаға шамамен 141 мың адам кіреді, жыл басынан бері оның саны ай сайын 2,7 есеге өсіп отырды және 3 млн адамнан асты.
Үшінші үлкен жоба – электронды еңбек шарттарын есепке алу жүйесін енгізу. Жұмыскерлер үшін бұл, бірінші кезекте, жұмысқа орналасу процесін жеңілдетеді: құжаттар жинау қажет емес, жұмыс іздеушінің жеке ісі автоматты түрде қалыптастырылатын болады.
Осылайша, қабылданып жатқан шаралар мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру есебінен азаматтар мен мемлекеттің шығындарын 600 млн теңгеге дейін қысқартуға, электронды кадрлық іс қағаздарын жүргізуді енгізу есебінен бизнестің жыл сайынғы шығындарын 1 млрд теңгеге дейін төмендетуге мүмкіндік береді.
Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ,
«Егемен Қазақстан»