01 Маусым, 2018

Боталар боздаған уақыт

600 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ел басына күн туған қиын-қыстау кезеңдердің қайсысында болсын ең бақытсыз, ең дәрменсіз, ең мүшкіл де қорғансыз халде балалар қалады. Өткен ғасырдың 30-жылдарының басында Қазақстанды жайлаған ашаршылық кезінде де солай болды. Қазақ ұлтына жасалып жатқан қара қастандық зұлматтың ең ауыр да аянышты азабын балалар кешті. 

Боталар боздаған уақыт

Қаңыраған ауылдарда, қалаларда, үлкен жолдардың бойларында, вокзалдарда, базарларда, әрі-бері өткен пойыздарда аш-жалаңаш, қаңғырған кезбе балалар қаптап кетті. Мемлекеттік архивте сақталған құжаттарға қарағанда, 1932 жылғы желтоқсан айында Қазақстандағы балалар панасыздығы 47 409 адамға жеткен.

Ашаршылыққа қоса балалар панасызды­ғы үлкен дертке айналды. Осынау қайғы­лы құбылысқа байланысты шаралар қолданы­лып, балалар үйлері ұйымдастырыла бас­тады. Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан тарапынан да жәрдем берілмей қалмады. Бірақ бұл көмек-шаралар апат ауқымымен салыстырғанда тым мардымсыз еді. Балалар тілсіз жау ашаршылықтың, осындайда орын алар талай-талай жантүршігерлік сұмдықтардың басты құрбаны болған. Статистикалық деректер бойынша да 1-ден 14-15 жасқа дейінгі балалар өлімі аса көп болғандығы аңғарылады. Т.Рысқұловтың Ста­линге жазған хатында күнбе-күнгі көп­теген адам өлімдерімен қатар, 1933 жылдың 5-6 қаңтарында ғана Әулиеатаның шайхана­ларынан серейіп қатқан 20 баланың өлігі теріп алынғандығы келтіріледі. 

Ашаршылық аранынан шұбырынды босқын балалар пойыздарға мініп қашты. Қазақстандағы балалар босқыншылығы апатты ауқымға жетті. Сол кездегі ірі стансаларда жүдеп-жадаған, аш, арық қарадомалақ қазақ балаларынан аяқ алып жүру қиын-тын. Қабағы түксиген қатал тағдырға жаутаңдай көз сүзіп, қайдан бір жапырақ нан бұйырады деп дірдек қағып, жел айдаған қаңбақтай міскіндік күйге түскен. Ана баладан, апа ініден, аға қарындастан адасып, торғайдай тозып бытыраған мешін жылғы апаттың сұмырай сұрқы осындай еді. 

Көше-көшеде босып қаңғырып жүрген кезбе балаларды жинап орналастыру жөнінде сол кезде жұмыстар да жүргізілді. Әрине олай болмаған жағдайда құрбандық мөлшері әлдеқайда зор болар еді. 1933 жылдың 17 ақпанында Семейден жазылған ар­хивтік құжат былай дейді. «Он алтысында көше­лерден Семейдегі, Жаңасемейдегі, Затондағы панасыздарды жинауға кірістік. Қаладан 60 панасыз жиналды. Ол балалар жаңадан ұйымдастырылған қабылдағышқа әкелініп, санитарлық өңдеуден өткізілуде. Олар жаңа ашылған екі балалар үйіне орналастырылды. Балаларды жинау одан әрі жалғасуда».

Бұл уақыттағы балалар үйлерінің де жай-күйі, азық-түлікпен жабдықталуы мәз емес еді. Аштықтан бұратылып, құр сүйектері қалған әлсіз, әлжуаз, ауру балалар мұнда да өліп жатты. Әйтсе де көшедегі үйсіз-күйсіз, қайыршылық босқындықтан қайткенде де мемлекет қамқорлығында болу анағұрлым тәуірірек болғаны анық. Қазақ үкіметі көршілес республикалардағы панасыз қа­зақ балаларын елге қайтаруға, олардың ауыр жағдайын жеңілдетуге тырысты. Қазақ­станнан қайтарылып жатқан панасыз балаларға жәрдем ретінде бөлінген 30 мың сомның 15 мыңы Қордай балалар үйіне, 10 мыңы Шымкент облыстық балалар комиссиясына аударылған. 

Асығыс құрылған балалар үйлері төңірек­ті жайлаған ашаршылық, жоқшылық, тап­шылық жағдайында жұмыс істеді. Киім-кешек, төсек-орын жетіспеді. Қорғал­жындағы балалар үйлеріне 197 бала орналас­тырылған, ал ондағы жағдай ит байласа тұрғысыз күйде екен. Балалар топырласып, бүрісіп, аяқ-қолдарын бауырларына алып, жер едендерде жатады. Түрлі ауруға шалдыққан. 1932 жылдың желтоқсанынан бергі үш айда Түркістан қаласындағы балалар үйлерінде 74 панасыз жеткіншек өлген. 

1933 жылдың 17 сәуірінде Қазкрайком мен Халкомкеңестің өкілі Диваев былай деп жазады: «Панасыздыққа қарсы күресте үлкен бір кемшілік бар. Ол – тыйылмай отырған балалар өлімі». Ашаршылық тоқталды деп саналған 1933 жылдың ортасына таман, міне, осылай, қазақтың жас өндірлері жетпей желкесінен қиылып жатты. 

Қазақстандағы ғаламат ашаршылық, шектен шыққан балалар панасыздығы больше­виктік кеңес империясының басшылығына тым-ақ жақсы белгілі болатын. Олар Қазақстанның панасыз балаларына көмек көрсету жөнінде арнайы комиссия да құрды. Балалар панасыздығына қарсы тәп-тәуір шешімдер де қабылданады. Бірақ олардың жергілікті жердегі орындалу жағдайы ылғи алаң туғызып отырды. Бүкілодақтық комиссияның 1933 жылғы 11 ақпанындағы отырысында балалар мекемелеріндегі жәрдемге мұқтаж қазақстандық балалар саны 40 мың деп белгіленді. Бірақ есепке алынбаған панасыз қазақ балалары, әрине, бұдан әлдеқайда көп еді. 

Аштық пен жалаңаштық зардабынан күн сайын жүздеген балалар топ-тобымен қырылып жатты. Иә, бұл қазақ балалары, қазақтың қаракөз боталары боздаған кез болатын. Мұндай қасірет енді ешқашан қайталанбасын деп тілейік. 

Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан»