Қазақстан • 01 Маусым, 2018

2025 жылға дейінгі стратегиялық жоспар – дамыған 30 елдің қатарына қосылу кілті

3828 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

«Қазақстан-2050» Стратегиясы бойынша біздің алдымызда әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылу міндеті тұр. Бұл Стратегияны жүзеге асырудың негізгі құжаты 2025 жылға дейінгі стратегиялық жос­пар болып табылады. Ол Үкіметтің орта мерзімді кезеңдегі іс-қимылын айқындайды, сондай-ақ азаматтардың, мемлекеттің және бизнестің мүддесін танытады. 

2025 жылға дейінгі стратегиялық жоспар – дамыған 30 елдің қатарына қосылу кілті

Еліміздің 2025 жылға дейінгі стратегиялық жоспарының түбегейлі міндеті – ұлттық экономиканың мақ­сатты өсу траекториясына шығуы және оның құрылымын әлемдік эко­но­­ми­каның өсу қарқынын басып озатын ІЖӨ-нің орташа өсу қарқы­нын өзгерту. Бұл бізді жаңа экономи­калық шындық кезеңіндегі «үздік отыз­дыққа» сенімді түрде жеткізеді. 

2025 Стратегиялық жоспары – үшін­ші жаңғыру міндетін орындау­дағы кешенді жоспар. Ол тек эконо­ми­­ка­лық жаңғыру ғана емес, соны­мен қатар институттық және әлеуметтік жаң­ғыруға байланысты мәселелерді де қам­тиды. 2025 жылға дейінгі стра­­те­­гия­лық жоспар 2020 жылға де­йін­­гі стра­те­гиялық даму жоспа­рын ал­­мас­тыру үшін жасалып отыр. Ол қа­был­дан­ған кезден бастап ұлт­тық эко­но­ми­каның өсімін ұлғайту жөніндегі басты мақсатқа мерзімінен бұрын қол жеткізілді. ІЖӨ-нің 2020 жылға дейін 1/3-ге жоспарланған өсімі кезінде бұл көр­сеткіш 2009-2017 жылдары 43%-дан асып, негізгі міндеттер орындалды. Сегіз жылда қазақстандықтардың бол­­жалды өмір сүру ұзақтығы 3 жыл­ға ұза­рып, 2017 жылы 72,4 жасқа жетті. 8 қазақ­стандық ЖОО QS WUR әлемдік рей­тингінде белгіленіп, оның 2-еуі үз­дік 300 және 400 оқу орнының қата­рына енді. Табысы ең төменгі күн­кө­ріс дең­гейінен төмен халықтың үлесі 8,2%-дан 2,6%-ға азайды. 2020 жыл­ға де­йінгі стр­атегиялық жоспар жаһа­н­дық қарж­ы дағдарысының салдарын жұм­сар­тып, эк­ономиканың әртара­п­тан­ды­рыл­ған тұрақты өсіміне көшуді тездетті. 

Жалпы, стратегиялық жоспарға сапалы даму драйверлеріне (технология­лар, экспорт, инновациялар) көшуді және дамудың нарықтық тетіктерін (бәсекелестік, мемлекет иелігінен алу, капиталдандырудың өсуі) күшейтуді көздейтін экономикалық дамудың жаңа моделі негіз болып отыр. Жаңа модельге көшу еліміздің 2025 жыл­ға дейінгі экономикалық және әлеу­мет­тік өміріндегі өзгерістердің негізгі бағыт­тары бойынша жүйелі реформаларды жүргізумен ілесе жүреді. 

7 жүйелі реформа

Жаңа адами капитал. Әлем индус­т­риялық кеңістіктегі даму кезеңіне аяқ басқан кезде, басты стратегиялық ресурс сапалы адами капитал болады. Енді 5-7 жылда экономика 20-25% ақылды жұмыс орны мен маман қажет етеді. Бұл сын-қатерлерге жауап ретінде бізде сапалы адами капиталды дамыту үшін тиісті қадам­дар жа­салған. Мәселен, «Болашақ» бағ­дарламасы, QS рейтингінде көр­­се­­­тіл­­ген 8 қазақстандық ЖОО, «Назар­баев Уни­вер­ситет», Назарбаев зияткерлік мек­­те­­бі ж­үйесі. Осыған байланысты тиісті ре­фор­ма аясында экономика мен мем­ле­кет­тің қазіргі және бола­шақ­тағы жоға­­ры білікті кадрларға сұра­ны­сын қамта­­ма­сыз ету міндеті тұр.  

Жалпыұлттық электронды еңбек бир­жасының, жұмыспен қамту орта­лықтарын автоматтандырудың және оларды жеке салаға сенімді басқару­ға берудің есебінен еңбек нарығы­ның айқындығын арттыру және оның инфрақұрылымын дамыту жұмыс­тары жалғаса береді.

Технологиялық жаңару және цифрландыру. Болашақ пен тех­но­ло­гиялар біртұтас. Тек заманауи тех­­но­логиялар, цифрландыру, ин­но­­вация­лар ғана жұмыс істеп жат­қан салаларға жаңа импульс беріп, олар­дың бәс­е­кеге қа­бі­леттілігін арт­ты­рады. Қазақ­стан­ды алатын бол­сақ, көптеген кәсіпорындардың тех­но­логиялық дамуы автоматтандыру мен цифрлы технологиялардың енуінің төменгі дәрежесімен сипатталады. Еліміздің экономикасының барлық салаларында еңбек өнімділігі дамыған елдердің деңгейінен артта қалғаны байқалады. Мәселен, ауыл шаруашылығында мұндай артта қалушылық дәрежесі 12-15 есеге, кен өнеркәсібінде 5-10 есеге, өңдеу өнеркәсібінде 2-4 есеге жетеді. 

Жаппай цифрландырудың және техноло­ги­ялық қайта жарақтан­дыру­дың есебінен сапалы экономика­лық өсімді қамтамасыз ету жолын­дағы басты бөгет – төмен еңбек өнімді­лігін еңсеру міндеті тұр. 

Бәсекеге қабілеттілік және бәсе­кеге қабілетті бизнес. Мемлекет бұ­рын­­ғы­сын­ша нарықта маңызды рөл ат­қа­рады – ІЖӨ-дегі жалпы қосыл­ған құнның үлесі 18,6%-ға дейін жетті. Үкіметтің бизнесті қайта реттеу бойынша қабылдаған шаралары Қазақстанның өз көрсеткіштерін 14 тармаққа жақсарта отырып, 2018 жылы Дүниежүзілік банктің «Doing Business» рейтингінде 36-орынды ие­ленуіне мүмкіндік берді. Мем­ле­­­кеттің кәсіпкерлік қызметке қа­тысуын шектеуге және олардың тіз­бесін 47%-ға, яғни 652-ден 346-ға қыс­қар­туы­на мүмкіндік беретін Yellow Page халық­аралық қағидалары енгізілді. 

Аталған реформаның көмегімен жеке секторды жандандыруға, жеке­ше­­лендіру мен бәсекелестікті дамы­ту­ға, мемлекеттің бизнеске қаты­суы мен бөгеттерді азайтуға бет­алысы жалғаса береді. Шағын, орта кәсіп­орын­дар­ды дамытуға басымдық бері­леді. Экс­портқа бағдарлану бағыт­тарын дамы­туға ерекше назар аударылады.

Құқықтық мемлекет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл. Дүние­жүзілік экономикалық форум заңның сақталуы мен сыбайлас жем­қорлықты болдырмауды эконо­ми­калық өсімге едәуір әсер ететін фактор ретінде атап көрсетті. Осыған байланысты соңғы жылдары Қазақстанда заңның үстемдік құруы мен сыбайлас жемқорлықты түп-тамырымен құртуды қамтамасыз ету бойынша белсенді жұмыс жүргізілді. Бұл көрсеткіштерді тиісті индикаторлары бойынша жақсартуға ықпал етті. 

Сот жүйесі халықаралық стан­дарт­тарға сәйкестендіріледі, ол мен­шік құқығын кепілдендіруді, заң­нама­лардың тұрақтылығын арттыруды, азаматтарды құқықтық сауатты­лыққа тәрбиелеуді қамтамасыз етеді. Сыбайлас жемқорлық көрініс­терінің өрісі мен мүмкіндігін шектеу мақ­сатында басқару үдерісін оңтай­лан­дыру мен цифрландыру, ашық сатып алу рәсімін енгізу жоспарлануда. Бұл шаралар қолайлы әлеуметтік-экономикалық және инвестициялық климат қалыптастыруға барынша мүмкіндік беретіні сөзсіз.

Қуатты өңірлер және урбанизация. Бүгінгі таңда ел өңірлерінің да­муын­да теңсіздік сақталып отыр. Өңір­лердегі жан басына шаққандағы ІЖӨ деңгейінің ең жоғары (Атырау облысы) және төмен (Оңтүстік Қазақ­стан облысы) көрсеткішінде 7 есе айыр­машылық бар. Сондай-ақ елімізде халықтың орналасу тығыздығы төмен (орта есеппен 1 шаршы километрге – 6,6 адам), урбанизация деңгейі орташа (Ресейдегі – 74%, Малайзиядағы 77%-бен салыстырғанда 56,8%). Бұл әлеуметтік қызмет көрсету мен инфрақұрылым салу құнының қым­баттығына әсер етеді, қызмет көрсету саласының дамуын шектейді. 

Осы тектес мәселелерді шешу үшін тиісті реформа аясында өңірлер­дің дер­бестігін арттырып, халықтың тұр­мыс деңгейін жақсарта отырып, облыстарды экономикалық дамыту көзделуде. Осылайша қалаға қоныс­тану үдерісі біркелкі бола түседі. Реформаның локомотивтері тек ірі агломерациялар ғана емес, сонымен бірге орташа қалалар да болады. Нәтижесінде өңірлердің арасындағы әлеуметтік-экономикалық дамудағы алшақтық пен теңгерімсіздік азаяды. 

Қоғамдық сананы жаңғырту. Оның негізгі ұстанымдары Қазақстан Президентінің «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасында көрсетілген. Рефор­ма бұл бастаманың заңды жалғасы және ұлттық сәйкестіктің сақталуын, білімге бой ұру және азаматтардың сана-сезімінің ашықтығын дәріп­теу­ді көздейді. Сөйтіп тегеурінді және еліне адал адамдардың біртұтас ұлтқа айналуына ықпал етеді. 

Мемлекеттік сала өзгерістердің көш­­бас­­­шысы ретінде. Әлемдегі көп­те­ген та­бысты реформалар мемле­кет­тік ор­­ган­­дарды өзгертуден бастал­ған. Мә­­се­лен, Сингапур елдегі бас­қару­­шы­­лар мен менеджерлердің сапа­­сын жақ­­­сар­туды мемлекеттік қыз­мет­­ші­лер­­­ді бас­қаруға оқытудан, ал Эсто­ния цифр­­­лан­д­ыруды мемлекеттік аппаратты ком­­пью­тер­лендіруден және мемле­кеттік қыз­­мет­терді цифрландырудан бастаған. 

Реформа аясында мемлекеттік органдар мен ұйымдардың елді жаң­ғыртудың қозғаушы күші ретін­дегі рөлі артады. Басқарудың жаңа технологияларын және цифрландыруды енгізу мемлекеттік аппараттың тиімділігін күшейтеді. 

Жүйелі реформалармен қатар «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзе­ге асыру­дың 7 басым саясатын: макро­­эк­о­номикалық саясатты, эконо­мика са­ла­ларының бәсекеге қабілетті­лік саясатын, қаржы нарығын дамыту саясатын, жеке инвестицияларды белсенді түрде тарту саясатын, өмір сүру сапасын арттыру саясатын, «жасыл» экономика мен қоршаған орта­ны қорғау саласындағы саясатты жә­не про­активтік сыртқы экономи­ка­лық сая­сат­ты орындау бойынша ба­ғыт ал­дағы уақытта жалғаса беретін болады. 

2025 стратегиялық жоспарын одан әрі жүзеге асыру еліміздің дамуының болжалды схемасы, мемлекеттік бағдар­ламалар, мемлекеттік органдар­дың стратегиялық жоспарлары мен аймақтарды дамыту бағдарламалары, ұлттық холдингтерді дамыту стратегиялары арқылы орындалады. Осыған байланысты қолданыстағы стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды 2025 жылға дейінгі стра­тегиялық даму жоспарына сәй­кес­тендіру жұмысы жүргізілуде. 

Стратегиялық және бағдарлама­лық құжат­тармен қатар 2025 жылға дейінгі стра­те­гиялық жоспарды жүзе­ге асы­ру мемлекеттік органдар­да 2017 жыл­дың басында енгізіле баста­ған жоба­лық басқару құралдарын пай­да­лану арқы­лы іске асырылады. Бұл мем­лекет­тік бас­қарудың бар­лық дең­гейін рефо­р­ма жүргізуге жұ­мыл­­­дыру­­ға мүм­кін­дік береді, жүзеге асыру нә­ти­же­леріне жауап­тылық­ты, үдеріс­тер­дің айқын­ды­ғы мен есептілігін қамтамасыз етеді.

Стратегиялық жоспарды табысты жүзеге асыру үшін оған қатысатын барлық тараптар: мемлекеттік органдар, бизнес пен азаматтық қоғам үйлесімді әрекет етуге тиіс. 

Мәдина ЖҮНІСБЕКОВА, 
Ұлттық экономика вице-министрі