Қабырғалы қазақ деген халықтың ата-бабасынан, ақылды анасынан қалған қасиетті жерді береке-бірлікке ұйып, түбіміз бір деп мекен етіп келе жатқан көне этностардың бірі ұйғыр жұрты. Осы жұрттың бүкіл руханиятының алтын діңгегі саналатын киелі шаңырағы, ХХ ғасырдың айтулы композиторы КСРО халық әртісі Құдыс Қожамияров атындағы мемлекеттік ұйғыр музыкалық комедиялық театры дер едік. Бұл өнер ұжымының құрылғанына да 75 жыл болыпты. Бір замандары “...театр деген нәрсе – ермек емес, көңіл көтеруде емес, ол – үлгі, ол – тәрбие, өнер орны” деген екен Алаш арыстарының бірегейі Міржақып Дулатов. Осындай үлгі-өнеге, тәрбие орталығы болып келе жатқан театрдың директоры, талантты композитор Әділ ЖАНБАҚИЕВТЫ мерейтойға орай әңгімеге тартқан едік.
– Иә, театрдың ұлттың дамуында, өсіп-өркендеуінде алатын орны, беретін тағылымы мол екені белгілі. Сіз Міржақып Дулатовтың аталы сөзін мысалға келтірдіңіз. Осы сәт менің ойыма ұлы қаламгер Мұхтар Әуезовтің “Көркем өнер біздің ішкі дүниемізге, жан жүйемізге әсер етіп, адамдық қалпымызды тәрбиелейді” деген әдемі байламы ойыма оралып отыр. Ұлылар сөзінің астарында үлкен шындық жатқаны рас. Қоғам өзгеріп, заман қанша жерден жаңарғанмен өнер өзінің алтын арқауын ешқашанда үзген емес. Өз дәуірінің бейнесін өткен кезеңдермен жалғастырып, келер күнге ұмтыла береді. Ғасырлар құпиясын іздеушісі табылса, бүгіп қалмай сан қырын, алуан сырын алдыңа жаятын да өнер мен әдебиет. Мен бұған дәлел, дәйек келтірсем, әңгіме желісі ұзап кетер. Ұйғыр халқының қазақ топырағындағы рухани мекені саналатын біздің театр өткен ғасырдың отызыншы жылдары шаңырақ көтерген екен.
– Сол бір ойранды жылдарда отау тіккен театрдың өткен жолы, кемелдену кезеңі туралы да айта кетсеңіз.
– Алғашқы қойылымдарын шағын пьесалардан бастап, бірте-бірте күрделі туындылар қойып, қанат жайып келе жатқанда екінші дүниежүзілік соғыс басталып, театр ұжымы тыл еңбеккерлерінің жігерін жанып, рухын көтеру үшін ел ішіне барып, біраз жыл қызмет көрсетті. Қазақ жерін мекен еткен ұлттар қашанда достықты ту етіп, ынтымақты өмір сүріп келеді ғой. Біздің өнер ұжымының қалыптасуына да сол достық үлкен көмек жасауда. Соның арқасында абыройымыз асып, беделіміз көтерілу үстінде. Жоғарыда айтқанымдай, шағын пьесалардан театрдың алғашқы қадамы қалыптасса, ол бірте-бірте сүйекті драмаларға ұласты. Төрткүл дүниеге аты мәшһүр Шекспир, Гоголь, Гольдон, Мольер, Погодин, М.Әуезов, К.Яшен, С.Мұханов, А.Кахар, У.Гаджибеков, А.Садыров, М.Зұлпиқаров және тағы басқалардың драмалық дүниелері әр қырынан сахнаға қойылды. Осындай келелі еңбектерді әнмен кіргізіп, бимен өрнектеуде композиторлар Қ.Қожамияров, Г.Дуғашев, И.Мәсімов, М.Кибиров, И.Исаев, Ш.Шәймерденов және басқалар өз үлесін қосса, айтулы режиссерлер А.Ибрагимов, В.Азимов, А.Исмайлов, Ә.Мәмбетов, Б.Омаров, Қ.Жетпісбаев, С.Башоян секілді режиссерлер өрісті өнердің ажарын кіргізді. Драмалық дүниені жұртқа жеткізетін әртістердің шеберлігі мен таланты десек, ұлттық өнердің қаз-қаз тұрып, одан кейін қабырғасының қатаюына, іргесінің бекуіне, абыройының асуына, мәртебесінің биіктеуіне ерекше үлес қосқан өнер жұлдыздарының қатарында Қазақстанның халық әртістері А.Шамиев, С.Саттаров, М.Семятова, М.Бакиев, Р.Илахунова, М.Ахмадиев, Н.Маметова, А.Айсаев, тағы басқалар жүрді. Көбі қазір де сахна төрінде, жұрт назарында.
Театрымыз 1965 жылға дейін ұйғыр-музыкалық драма театры делініп келсе, одан бергі кезеңде мемлекеттік музыкалық комедиялық театры аталынады. 2005 ұлы композитор Құдыс Қожамияровтың аты берілді.
– Әділ Махеметұлы, театрларыңызда бірнеше шығармашылық ұйымдар қатар қызмет етіп келеді екен...
– Сұрағыңыздың төркінін түсіндім. Бұл уақыт талабы. Көркем сөз өнерін ән-бимен ұштастыру мақсатында драмалық труппа, халықаралық фестивальдердің лауреаты атағына әлденеше рет ие болған фольклорлық “Нава”, вокалдық-хореографиялық “Сада”, хореографиялық “Рухсара” ансамбльдері бар. Бұл ансамбльдер қазір қалың жұртшылыққа өз өнерлерін көрсетіп, ерекше ілтипатқа бөленіп жүр. Біздің өнер ордамыз отандық және әлемдік театрлар фестиваліне де қатысып, жақсы жағынан көрініп келе жатқанын да айта кетсем деймін. 1997 жылы халықаралық театрлар фестивалі Каирде өткенде біздің ұжым қатысып, жақсы жағынан танылды. Одан кейінгі жылдары Венгрия, Түркия, Қытай, Швейцария, Англия, АҚШ сияқты елдерде болған өнер жарысында да өз қарымымызды көрсеттік. 2003 жылы қазақтың жауынгер ақыны Махамбет Өтемісұлының мерейтойы қарсаңында көрнекті жазушы Әкім Таразиге өтінішпен шығып, “Махамбет” атты драма жаздырып, соны сахнаға шығарған едік. Бұл құнды дүние отандық театрлар арасында өткен он бірінші фестивальде екі номинацияны қанжығаға байлады. Оның біріншісі – драманы безендірген П.Ибрагимов пен әйел бейнесін шығарған Ә.Үсенова лауреат атанды.
Тағы бір айтайын дегенім, біздің театрдың ғимараты біраз жылдар бойы жөндеу көрмей келген еді. 2002 жылы театр үйі ине-жіптен шыққандай жаңарып, оның ашылуына Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, ақ тілегін білдірді. Шыны керек, Қазақстандағы өзге ұлттар секілді біз де мемлекетіміздің шарапатына бөленіп, әркез материалдық моральдық жағынан қамқорлыққа кенеліп келе жатырмыз.
– Қазір қандай қойылымдарды жұртшылыққа ұсынып отырсыздар? Мерейтой қарсаңында жаңа дүниелерді сахнаға шығардыңыздар ма?
– Бұл арада қойылымдарды мысалға келтіріп, таратып айтар болсам, қойылған еңбектер аз емес. Солардың бірі – ақын И.Сапарбайдың “Сыған серенадасы” атты музыкалық драмасы дер едім. Бұл туындыны ұйғыр тіліне ақын А.Дулятов аударған еді. Сонымен қатар, Ж.Асимов пен А.Садыровтың “Анархан”, И.Саттаров пен В.Дьяковтың “Ғарип пен Санам”, Ә.Аширов пен Қ.Абдурасуловтың “Идиқут” тарихи драмасын, Ә.Әхмәтовтың “Африкалық күйеу бала” М.Зулпиқаровтың “Лутпулла”, У.Гаджибековтің “Аршин мал алан”, Х.Ғуламның “Аманнисахан” сияқты туындыларымен қатар Шекспирдің “Король Лирі” де бар. Бұларға қоса драмалық труппа мен ансамбльдер өздерінің репертуарларын тың дүниелермен толықтырып, жаңа ән-билерді әрлеп, заман талабына жауап беретіндей етіп жасады.
Жалпы, театрымыздың қарыштап дамуына бұрынғы директорымыз, қазіргі Парламент Мәжілісінің депутаты Мұрат Ахмадиевтің қосып келе жатқан үлесін мен ерекше атап өткім келеді. Береке-бірлікке ұйыған театрдың атақты тұлғаларынан бастап, қарапайым қызметкеріне дейін бір мақсат, бір ниетке ұйысқан, ұйымдасқан. Мен мұны шын ілтипатпен ерекше атап айта кетуді парыз санаймын. Өнер ордасының бүгінгідей биікке көтерілуіне өздерінің айтулы үлесін қосып жүрген, драмалық шығармаларды көркемдік деңгейге көтеріп, көрерменнің көзайымына айналдырып келе жатқан бас режиссер Я.Шамиев пен музыкалық жағынан ажарын кіргізіп, жұрттың алғысына бөленген композитор А.Жамбақиев еңбектерін де ерекше атап өткім келеді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Сүлеймен МӘМЕТ.