Осыған дейін дене тәрбиесі сабақтарының стандартты жүктемесін көтере алмағандықтан сырқат немесе мүгедектікке ұшырап қалған балаларға айрықша көңіл бөлінбейтін. Ондайлар туабітті сырқаттар мен сыртқа білінбейтін науқастары бар оқушылар арасынан көбірек шығып отырды. Мәселен, сондайдың кесірінен Алматының №118, Ақтөбенің №41 мектебінде екі жас өскіннің құрбан болуына жол берілді.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметтеріне қарайтын болсақ, 14 жасқа дейінгі балалар арасында қайтыс болғандардың арасында созылмалы дерттер мен патологияға шалдыққандар жиі кездеседі. Екінші орында туабітті науқастар мен түрлі деформациялар. Ал 15-тен18 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы ажалдың негізгі бөлігі сыртқы дерттердің кесірінен болады екен.
Өкінішке қарай, жүректің кенеттен тоқтап қалуы себебінен біз жыл сайын 10-15 жасөспірімнен айырылып келеміз. Мұның ішінде мектеп оқушыларымен қатар колледждер мен ЖОО оқушылары мен студенттер де бар.
Дәрігерлердің айтуына қарағанда, ажалға себеп «Жедел жәрдемнің» кешігуі ғана емес, жүрегі ауырған адамдарға маңайындағылардың алғашқы медициналық көмек жасай алмауы көрінеді. Бұрын алғашқы медициналық көмекті жасауды ЖОО түгіл мектеп қабырғасында да үйрететін. Қазір оны артық білім ретінде алып тастаған.
Оның үстіне Бас прокуратура мектептердегі медбике мамандардың біліктілігі төмен, өзге түгіл алғашқы медициналық көмекті қалай жасауды да білмейтін адамдар екенін, сонымен қатар медициналық жарақтардың тапшы екенін анықтаған.
Осыған байланысты біз Премьер-Министрдің орынбасары Ерболат Досаевқа депутаттық сауал жолдап, Білім және ғылым, Денсаулық сақтау министрліктері арасындағы осы мәселеге байланысты өзара іс-қимылдарды жандандыру және дене тәрбиесі пәнінде жалпы жүктемелерді көтере алмайтын науқас балаларды анықтап, оларға емдік жаттығулар ұйымдастыру қажеттігін жеткіздік.
Артур ПЛАТОНОВ,
Мәжіліс депутаты