Қазақстан • 04 Маусым, 2018

Алматыда Қайрат Рысқұлбековті еске алуға арналған турнир өз мәресіне жетті

461 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыдағы Қазақтың Спорт және туризм академиясында Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековті еске түсіруге арналған халықаралық турнир өз мәресіне жетті.

Алматыда Қайрат Рысқұлбековті еске алуға арналған турнир өз мәресіне жетті

19 мәрте жалауы желбіреген дәстүрлі жарысқа биыл Қытай, Қырғызстан, Түркия және Қазақстанның бірқатар аймағынан келген былғары қолғап шеберлері қатысты. Шаршы алаңға көтерілген өрендер арасынан 25 жастағы Бекболат Құрамысовтың өнері көрермендер көңілінен шықты. 2016 жылы студенттер арасындағы Азия біріншілігінің қола және әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған Атырау облысының тумасы бірден қырағы мамандар назарына іліккен болатын. Былтыр Шымкентте өткен Қазақстан чемпионатында ол үшінші орынға табан тіреді. Сол кезден бастап Құрамысов Дүниежүзілік бокс сериясы додасында «Астана арландары» сапында өнер көрсетуде. Бұл жарыста да Бекболат өзін жақсы қырынан көрсетіп, жарыс жеңімпазы атанды. Алғашқы үш бәсекеде өз қарсыластарын оңай еңсерген Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген жаттықтырушы Дастан Сәдуақасовтың төл шәкірті финалда шымкенттік Әбіхалық Мұхаммедті екінші раундта айқын басымдықпен ұтты.

Өзге салмақ дәрежелерінде мына боксшылар жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді: 49 келі – Темірлан Зағиев (Қарағанды), 52 келі – Қуаныш Дүйсенбай (Маңғыстау), 56 келі – Жандос Шералы (Алматы қаласы), 60 келі – Мирас Ертанов (Қазақтың Спорт және туризм академиясы), 64 келі – Сұлтан Шаршов (Маңғыстау), 75 келі – Арман Нұрисламов (Маңғыстау), 81 келі – Нұржан Жақан (Қазақтың Спорт және туризм академиясы), 91 келі – Дінислам Әбдешов (Оңтүстік Қазақстан) және +91 келі – Әбілқайыр Тұрланбеков (Жамбыл).

Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековті еске түсіруге арналған турнирде ерекше көзге түскен боксшылар Қазақстанның студенттер құрама командасы сапына қабылданады. Ал біздің өрендер үшін биылғы жылдың басты жарысы – үстіміздегі жылдың қыркүйек айында Ресейдің Элиста қаласында жалауы желбірейтін әлем біріншілігі. Естеріңізде болса, осыдан екі жыл бұрын Тайландта ұйымдастырылған студенттердің дүниежүзілік додасына біздің елден 8 спортшы аттанып, соның алтауы елге олжалы оралды. Атап айтсақ, Дидар Өтелбаев (60 келі), Әли Ахмедов (81 келі) және Нұрсұлтан Аманжолов (+91 келі) бас жүлдені олжаласа, Бекболат Құрамысов (69 келі) күміс медальді иеленді. Ал Ертуған Зейнуллинов (56 келі) пен Рахат Маржықбаев (75 келі) қолаға қол созды. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Енді Элистада өтетін жарыста да Қазақ елінің өрендері өз жанкүйерлерін жерге қаратпайды деген ойдамыз, – дейді Қазақстанның студенттер құрамасының аға жаттықтырушысы Дастан Сәдуақасов.            

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»