Ондағы мақсат – осы бақ жолында кейін көпшілік шаралар ұйымдастыру арқылы отбасылық құндылықтарды насихаттау, қала халқын әсемдікке, тұрғылықты жеріне деген құрметке шақыру. Мәдени-эстетикалық жобаны «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында, облыстық ішкі саясат басқармасының әлеуметтік тапсырысымен, «Қарағанды облысының кәсіпкерлер қауымдастығы» ұйымдастырып отыр.
Отбасы аллеясын «Гильдия 3-S» ЖШС дайындаса, Махаббат пен адалдық аллеясын жастар – Қарағанды, Теміртау, Шахтинск қалаларындағы колледждердің студенттері өз қолдарымен жасаған.
– Жобаға жастардың үлес қосқанына қуаныштымыз. Осы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша жасалып жатқан жұмыстардың бәрі жас ұрпақтың келешегі үшін, – деді ашылу салтанатында Қарағанды облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Гүлнар Қасембаева.
«Рухани жаңғыру» жобалық тобының жетекшісі Гүлнар Құрбанбаева жаңа бақ жолдарын жасауға атсалысқан студенттерге, кәсіпкерлерге, қала тұрғындарына және «Қарағанды мәдениет және демалыс саябақтары басқармасы» КМК-нің қызметкерлеріне алғыс білдірді.
Жаңа бақ жолына ырымдап, жақында ғана отау құрған жас жұбайлар Жанболат Атаржанов пен Айнұр Дүйсебаева алдымен аяқ басты.
Аллеяны даярлау барысында студент жастар арасында сәкілерді безендіру шеберлігіне байқау жарияланған болатын. Салтанатты шара соңында сол байқаудың қорытындысы шығарылып, жеңімпаздарға сый-сияпаттар табыс етілді.
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ