Жоғарыдағы мақаласында Елбасының бізге астарлап жеткізгенінің бірі – кеңестік дәуір жылдарында, оған дейінгі ғасырларда ұлттық тарихымызды түзудегі, басқа да жазу-сызу мәселелеріндегі бұрмалаушылықты дұрыстау екеніне ең әуелі филологтар мен қаламгерлердің ой жүгірткені ләзім. Нендей жаңалықтың да практикалық өмірге сіңуінде азды-көпті қиындық болмай тұрмайды. сол секілді, соңғы сексен жылға жуық уақыт бойы қазақша жазуды кириллица алфавитімен орындап үйренген жұрт үшін латын графикасымен жазып-хаттауға төселуде өтпелі кедергілер ұшырасатыны бүгінде іске білек сыбана араласқан ғалым, мұғалім, қаламгерге мәлім.
Қашан қолға тиері уақыттың еншісіндегі жаңа сөздіктер әзір болғанша, қоғам болып ғалымдарға жәрдемдесіп, әркім-ақ өзінің кіші отанында ұшырасатын топонимикалық атауларды латынша бедерлеп ұсыну артық болмас еді. Сондай-ақ жаңа әліпби қабылдауды әркім өз аты-жөнінің жазылу транскрипциясын анықтаудан, тіл-әдебиетшілер курсының практикалық «әл-қиссасын» әрбір тыңдаушы өзінің және оқушыларының аты-жөндерін латыншамен сауатты бедерлеуден бастаса игі.
Кезінде қаһарман Бауыржан Момышұлының өз аты-жөнін қазақшалап жаздырғанын тарихи Қазан төңкерісі де жоя алмаған «ұлыорыстық шовинизм» елесінен қаймыққан атқамінерлер үлгі-өнеге ете алмапты. Қазақстан тәуелсіздігі жарияланған жылдан соң ғана Үкіметіміз әркімнің аты-жөнін төлқұжатына ежелгі айтылу-жазылу үлгісімен (тиісті тәртіп шеңберінде) қазақшалап жаздыруға мұрсат берген тұста, бірқатар қаламгер қауым бірден бастамашылық танытты. Сол кезеңде қазақтың маңдайына біткен біртуар азаматтардың бірі Ақселеу Сейдімбеков мақалаларына «Ақселеу ТАРАҚТЫ» деп қол қойып бір өнеге көрсеткен еді, аудандық «Қарқаралы» газетінде істейтін біздер орысша толтырылған паспорттарымызды дереу жаңа жекебас куәліктермен айырбастап, Сапарғали Ләмбекұлы, Шаймұрат Малғаждарұлы Оспан, Асқар Назипа Қожақызы деген аты-жөн куәліктерінің иесі атанған болатынбыз. Кезінде орыстілді АХАТ қызметшілерінің сауат-жетесінің «арқасында» Туу туралы куәлікке (одан паспортқа) өрескел бұрмаланып жазылған талай аты-жөндердің жаңа төлқұжаттарға дұрысталып (нақты фактімен айтсам: Аманбек Тюсютов – «Аманбек Түсіпов» болып, Айгүл Артакшинова – «Айгүл Артықша» болып, Маруа Конопьянова – «Мәруа Қанапияқызы» болып) қазақша жөнімен жазылғанына куәміз.
Паспорттағы «Ибраев» тегін газетке, экранға «Ыбыраев» деп, «Ибраимов» атауын «Ыбырайымов», Акбаров атауын «Ақпаров», «Слямов» атауын «Ісләмов», Сисенбековті «Сейсенбеков» деп «түзеткенімізге» аты-жөн иелерінің қабақ шытатынын ескерейік. Рахима, Рахимов, Илья, Ильяс аттарын да кез келген тілдегі БАҚ-та өзгертпей жазған жөн: сөз төркіні «раһим», «ибраһим» деген арабтық ұғымнан ғой. Күні ертең латыншаға көшкенімізде де бұл есімдер «һ» әрпі арқылы жазылмақ.
Бірден айтайын, мақаламда келтірілген аты-жөндердің бәрі теледидар титрынан, газеттен алынған нақты кісілердің есімдері. кім де болсын төлқұжаттағы аты-жөнінің баспасөзде бұрмаланғанын кінәлауға құқылы. Сондықтан танымал тұлғалардың да аты-жөндерін өздері өтінгендей, төлқұжаттағы үлгісімен жазған жөн (Аты-жөні түркілерге тән «ин» аффиксіне бітетін Айсарин, Төреғожин, Кейкин, Салахаддин, Байғанин, Жангелдин, Зейнуллин болып келетіндердің жағдайы бәрінен де ұтымды, әрине).
Ал енді тоталитаризм жылдары төлқұжатқа Урбисинов, Кидирмагамбетов, Бурбаев, Меерманов, Исенжулов болып өрескел жазылған отағалары әулеттен-әулетке кете беретін тегін паспорт айырбастау кезінде ата-бабаларының аруағын риза қылып, «Өрбісін», «Қыдырмағамбет», «Бөрібай», «Мейірман», «Есенжол» деп дұрыстатып алса ғанибет болмақ. Екі тілде бірдей шырқайтын эстрада әншісі Бейбіт Кушкалиевтің орыс титріндегі тегін журналистер қазақ титрінде біресе «Көшқалиев», біресе «Қошқалиев», енді бірде «Күшқалиев» деп жазып жүр. «Сол Бейбіт аты-жөнін латыншаға «Бейбіт Көшқали» үлгісімен түсірсе оңды болар еді...» деп қоямын ішімнен.
Енді бір айтатыны, өткеннің өкінішіне, ұлттық тілімізді ұмыта жаздағанымызға кеңестік дәуірдің тізгінін ұстаған ресейліктер кінәлі десек те, тәуелсіздікпен бірге қайтып оралған құндылықтарымызды жарқырата алмай жүрген жайымыз да бар. Бұған мысалды сәбилерге ат қою саласынан келтіруге болады. Ұлтымызда әйел затына жарасатын Жәмила, Нұриля, Үрниса, Гүлниса, Тоқмейіл, Жамал, Айтбану, Мәрия, Гүлбәден, Нәркес, Айнамкөз... сияқты, ер-азамат болар ұлдарға жарасатын Нартай, Айтмұқан, Заңғар, Байтұрсын, Имандос, Есенғали, Ерқара, Ануар, Жәнібек, Тәңір-Берген, Ғабдрахман, Сағынжан, Жарылғасын, Нұрділда... сияқты айбарлы есімдер барын ескермей жүрміз. Біздің орыстілді қазақтар ресейліктер секілді, Олжас Омаровты «Алжас Амаров», Орынтай Оспановты «Арынтай Аспанов» деп айтуын қоймай келеді.
Бір қарағанда ұсақ-түйек көрінетін осы жайттарды жас әріптестерімнің қаперіне салуды жөн көрдім. Бұларым – айсбергтің мұхит бетіндегі ұшы ғана, яғни филолог-ғалымдармен бірге қоғам болып ойластыратын тұстар баршылық. «Ө» әрпінің шекесіне үтір қойғанша, белінен сыза салмаймыз ба, «xeroх» секілді халықаралық термин түгілі, «Жексен, Сексен» секілді қазақ сөздерін жазарда да қажетті «х» (икс) әрпін әліпбиімізге қосу керек» дегендей пікірлердің айтылуы кәдік. «Ондайларын айттырмаймын» деп, демократия принципін тәрк етуге тағы болмайды.
Президентіміздің: «Заман ағымына саналы түрде қабілетті болу керек. Жаңа жаһандық үрдістер ешкімнен сұрамай, есік қақпастан бірден төрге озды, ...жаңғыру да тарихтың өзі сияқты жалғаса беретін процесс...» деп айтқанына сәйкес, аударма тілінің сапасын да жетілдіруіміз қажет. Елбасының шетелдік ақпарат алмасу тілінің нақтылыққа негізделгені туралы ескертуін ұғынып, жазу емлесін ауырлататын басы артық жалғау, шылаудан құтылуымыз, іскерлік тіл стилін оқырманға насихаттай жүруіміз дұрыс болар еді.
Назипа АСҚАР,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Қарағанды