Франция ашық чемпионатына Путинцевадан бөлек, Қазақстан құрамасынан Михаил Кукушкин, Александр Недовесов, Александр Бублик және Зарина Диас өз бақтарын сынау үшін Франция кортына шыққан болатын. Алайда аталған теннисшілеріміздің жолы болмай, қарсыластарынан жеңіліп қалады. Қазақстандық теннисшілерден тек Юлия Путинцева ғана жарысты әрі қарай жалғастыруға мүмкіндік алды.
Жексенбі күнгі жарыс күнінде Путинцева (әлемнің 98-ракеткасы) жүлде қоры 38 миллион еуроны құрайтын жарыстың төртінші айналымына шығып, «Ролан Гаррос» турниріндегі өзінің үздік нәтижесін қайталады. Бір жарым сағатқа жалғасқан үшінші айналымда чехиялық Барбора Стрыцованы (әлемнің 26-ракеткасы) жеңді. Бұл кездесуде Юлия қарсыласына қарағанда сауатты ойын көрсетіп, жеңіске әбден лайық екенін көрсетті. Кездесудің бірінші сетінде отандасымыз 6:4, екінші сетте 6:3 есебімен еш қиындықсыз басым түсті. Бұл екі теннисшінің өзара үшінші рет кездесуі. Бұған дейін Юлия Путинцева пен Барбора Стрыцова екі рет кездесіп, чехиялықтың жеңісімен аяқталған-ды.
Юлия Путинцева матчтан кейін ойын туралы өз пікірін айтты. «Неге екені белгісіз, әйтеуір Парижде үнемі жолым болғыш. Сондай-ақ маған бұл қала қосымша күш береді. Бірнеше турнирде жылдамдығым жетіспей жеңіліп қалып жататынмын. Осы жолғы турнирге физикалық мүмкіндігімді арттырып, тыңғылықты дайындықпен келдім», дейді ол.
Бір қызығы, Юлия Путинцева ширек финалға дейін «Роланд Гаррос» турнирінде өзінен рейтингі жоғары теннисшілерді қоғадай жапырып келеді. Мысалы, алдымен әлемнің 10-ракеткасы ағылшын Джоанна Контаны, кейін америкалық Брэди (86), қытайлық Ван Цянды (85) ұтты. Төртінші айналымда чех Барбора Стрыцовадан (26) екі сетте басым түсті. Тіпті Путинцевның ширек финалдағы қарсыласы да рейтинг жағынан жоғары тұр. Америкалық теннисші Мэдисон Киз әлемнің 16-ракетасы саналады. Сонымен қатар ол 2017 жылғы US Open турнирінің финалына дейін жеткен.
Айта кетейік, осы жарыстың ширек финалына шыққаны үшін отандасымыз да рейтингтегі жағдайын біршама жақсартып алды. Егер, Юлия Путинцева Кизді жеңетін болса, ТОП-50 теннисшінің қатарына кіреді. Франция ашық чемпионаты 10 маусымда аяқталады.
Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»