Мәселен, бұл күндері Парижде өтіп жатқан «Ролан Гарростың» жүлде қоры 39 197 000 еуроны құрайды. Бұл бәсекеде Қазақстанның теннисшілері арасында Юлия Путинцева ең жақсы нәтиже көрсетуде. Қазірдің өзінде Путинцева 380 000 еуроны әмиянына салды. Егер осы межеден отандасымыз сүрінбей өтсе, онда оның есеп-шотына 560 000 еуро аударылады. Яғни жартылай финалға шыққан ойыншыларға осыншама көлемде қаражат тиесілі. Ал ақтық айқасқа жолдама алғандар 1 120 000 еуроны иеленсе, «Ролан Гарростың» жеңімпаздары 2 200 000 еуроны олжалайды.
«Үлкен дулыға» турнирлерінің бір ерекшелігі – оған қатысудың өзі әр теннисші үшін зор абырой, үлкен мәртебе және материалдық жағдайын түзеп алуға тамаша мүмкіндік. Тіптен «Рол ан Гарростың» тұсаукесер кездесуінде сүрінген ойыншының өзі 40 000 долларды қалтаға басады. Екінші және үшінші айналымда өнер көрсеткендер 79 000 және 130 000 еуроға иелік етсе, төртінші кезеңге өткендер 222 000 еуроны еншіледі.
Осы орайда жоғарыда айтылған әңгіме тек ерлер мен әйелдердің жекелеген сайысына қатысушыларға ғана қатысты екенін ескерте кеткен жөн. Сонымен қатар жұптық және аралас жұптар арасындағы бәсекелерде бақ сынаушыларға берілетін қаражат тағы бар.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»