Аса жеңіл салмақта белдесетін Отгонцецег жарақатына байланысты ем-дом қабылдап, біраз уақыт боз кілемнен көрінбеген еді. Соған қарамастан ол Пиреней түбегінде өткен жарыста өзін жақсы қырынан көрсетті. Алғашқы екі белдесуде Испания мен Израиль өкілдерін ұтқан Олимпия ойындарының қола жүлдегері жартылай финалда жергілікті балуан Лаура Мартинеске есе жіберді. Ал қола медаль үшін өткен бәсекеде Галбадрах Бельгияның бетке ұстары София Анна Жураны жеңді. Ал осы турнирде өнер көрсеткен өзге қыздарымыз алғашқы бір-екі айналымнан аса алған жоқ.
Ерлер бәсекесінде екі өреніміз ғана татамиге шықты. Алайда екеуі де ел үмітін ақтай алмады. 60 кило салмақтағы Рамазан Мамаев бастапқыда Италия мен Израйль өкілдерінен айласын асырғанымен, үшінші кезеңде франциялық Лука Макензеге жол берді. Жұбаныш бәсекесінде қандасымыз Францияның тағы бір дзюдошысы Винсент Манквитске есе жіберді. 66 кило салмақ дәрежесінде белдескен Сұңғат Жұбатқан тұсаукесер кездесуінде испаниялық Сальвадор Рокадан ұтылды.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»