Қазақстан • 05 Маусым, 2018

Үкімет басшысы вакцина бағасын төмендетуді тапсырды

259 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Премьер-Министр күн тәртібіне кіріспестен бұрын Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың менингококк инфекциясының таралуы туралы есебін тыңдады.

"Елжан Амантайұлы, бұл мәселе расында да халық арасында алаңдаушылық туғызып отыр. Сол себепті, жай ғана айтып өткен аз, ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жандандыру қажет. Әлеуметтік желіде көп талқыға түсіп жатыр. Сіздер айтқан мәлімдемелер біріне жетсе, біріне жетпейді. Егер штаб құрсаңыз, штаб жұмысы жария түрде жүргізілуі керек. Әр облыста атқарылып жатқан жұмыстарды, әрбір болған жағдайды түсіндіру керек", деді Бақытжан Сағынтаев. 

Сонымен бірге, Премьер-Министр вакцинаны егу немесе екпеу сұрақтарының туындап отырғанын баса айтты. 

"Кеше үлкен кәсіпорынның басшысы келді, "Жұмысшыларымның арасында алаңдаушылық басталды, оларға егу жұмысын жүргізейін бе, жүргізбейін бе?" деп сұрады. Оны айтып, түсіндіріп жатқан ешкім жоқ. Вакцинаны өз еркімен алу, егу мәселесі де халық арасында күннен-күнге көтеріліп келе жатыр. Бағасы өте қымбат. Бір облыста 40 мың, бір облыста 20 мың тұрады. Осындай жағдай боп жатқанда министрліктер, құрметті әкім мырзалар, сіздер де бақылауға алып, керегінше көмек көрсетіп, бағасын түсіру керек. Дүрлігуге жол бермеу керек", - деді Сағынтаев. 

Ол ауруханалардың келушілерді облысқа қарасты, қалаға қарасты деп қабылдамайтынын да еске салды.

"Мұндай мәселелерді жылдам шешу керек қой, Елжан Амантайұлы. Кеше оқып отырмыз, Талғардан Қаскеленге дейін екі сағат. Ал анасы баласын үш сағатта жоғалттым деп отыр. Талғардан Қаскеленге жеткенше қай заман? Неге осындай мәселелерді жедел түрде бұйрықтарыңызды беріп, шешім шығармайсыздар? Әкімдердің шешімі болса, әкімдерге айту керек, мұндай жағдайларда барлық ауруханаға тапсырма берсін, осы инфекциямен келген науқастың бәрін бірден қабылдасын. Бұл жөнінен кемшіліктер бар. Бүгін жолға шықсаңыз, бәрін өз көзіңізбен көріп, қажетті шешімдерді қабылдап, халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізіңіз", деп өз сөзін түйіндеді Премьер-Министр.