Аймақтар • 05 Маусым, 2018

Қарағандыда заманауи білім орталығы ашылды

475 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Нұр Отан» партиясы елімізде бірқатар жаңа жобаларын жүзеге асыра бастады. Солардың бірі «Қазақстан кітапханалары – зама­науи білім орталықтары» деп ата­лады. Осы жобаның аясында жақында Шахтинск қаласындағы Бұқар жырау атындағы кітапханада уақыт талабымен үндескен білім орталығы (Coworking center) ашылды.

Қарағандыда заманауи білім орталығы ашылды

Орталықтың салтанатты тұсаукесер рәсіміне партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қадиша Оспанова мен Шахтинск қалалық филиалының төрағасы әрі осы шаһардың әкімі Сержан Аймақов, қала басшылығы, жергілікті мәслихат депутаттары, «Жас Отан» жастар қанатының мүшелері, мәдениет қыз­меткерлері мен бизнес өкілдері қа­тысты. Айта кету керек, жаңа орта­лықты ашуға бюджетпен бірге жеке демеушілер де қол ұшын берген.

Ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында ашылған кітапхананың қорында қазір 300 мыңға жуық кітап бар екен. Енді мұнда түрлі әде­биеттермен, оқу құралдарымен қатар, кез келген ақпаратты онлайн-режімде алуға мүмкіндік жасалған. Орталық интернет желісімен, цифрлы технологиялармен, қажетті жиһаздармен толықтай қамтамасыз етілген. Келу­шілер үшін мұнда қажетті ақпарат алып қана қоймай, өзара ой-пікір, тәжірибе алмасуға, шығармашылық еңбекпен айналысуға да мүмкіндік зор. Биыл Қарағанды облысының кітапханаларында осындай тағы 18 орталық ашу жоспарланған.

– Технологиялардың келешегі зор. Сондықтан инновациялық білім алуға мүмкіндік жасау – мемлекет саясатының маңызды бағыттарының бірі. «Қазақстан кітапханалары – заманауи білім орталықтары» жоба­сының шеңберінде қазір елімізде кітап­ханалар осындай уақыт талабына сай білім орталықтарына айналдырылып, тиісінше жабдықталып, электронды үлгіге көшірілуде, – дейді Қадиша Оспанова.

Бұл орталық кітаптың, түрлі әдебиеттердің қадірін арттырып, көпшіліктің өз уақытын тиімді пайдалануына мол септігін тигізері сөзсіз. Технологиялық жетістіктерді адам игілігіне тиімді пайдаланудың бір үлгісі де осы болмақ.

Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»

ҚАРАҒАНДЫ