Досым, әріптесім сол қағидатын «Егемен Қазақстан» газетіндегі ширек ғасырлық жұмысында үнемі жалаулатумен болды. 1992-2017 жылдар аралығында Көкшетау, Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстарында бас басылымның меншікті тілшісі жауапкершілігін арқалай жүріп, тәлім-тағылымы мол сан жанрда оқырманын толғандыра білді. Бақберген Амалбековтің «БАҚ саласының үздігі», «Мәдениет қайраткері», Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты атануы, бірнеше медальмен марапатталуы адал еңбектің ақталғандығын аңғартады.
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Б.Амалбеков «Қаржы полициясының қарымы», «Керімсал» (поэзия), «Әлемге әдемі қараңыз», «Қайығын қисайтпағандар қағидаты», «Сырын ұғу әлемнің – түзуімен сәлемнің» атты кітаптардың авторы. Ол сондай-ақ «Зеренді көктемі» жас ақындар жинағын құрастырып, қарт ақын Мәшһүрбек Аманжоловтың «Өткен күндер өрнегі», Кәрім Жүсіпбековтің «Сөнбес сәуле» кітаптарын әдеби өңдеп, баспаға дайындады. Аударма өлеңдері «Орыс поэзиясының антологиясына» енгенін де айта кеткіміз келеді. Оның ыстық ықыласты пікір-тілектері Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 70 жылдығына арналған кітапқа енген. Сондай-ақ ол Қазақстан халқы Ассамблеясы Ақмола бөлімшесі әнұранының қазақша мәтінінің авторы. Қазіргі күні облыс пен қаланың қоғамдық шараларына белсене қатысуда.
Зейнет жасындағы әріптесіміздің жақында жарық көрген «Әлемге әдемі қараңыз», «Сырын ұғу әлемнің – түзуімен сәлемнің», «Қайығын қисайтпағандар қағидаты» аталатын кітаптары «Егемен Қазақстандағы» жарқын күндердің оқырман алдындағы әдемі есебі сияқты тәтті әсер қалдырады. Бұл шығармаларда тұшымды мақалалар, сыршыл сұхбаттар, тағылымды очерктер топтастырылған. Мұнда өзекті тақырыптар өріліп, әдемі өмір сүру үшін әлемге әдемі қарай білу керектігі ұшқыр ой, көркем тізбелермен жатық баяндалады.
Кітаптар қалың оқырманның пайымын кеңейтіп, жас журналистердің кәсіби шыңдалуына септеседі деген ойдамыз.
Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан»