Аймақтар • 05 Маусым, 2018

Атырау облысында аймақтың агроөнеркәсіп кешенінін дамыту мәселесі талқыланды

352 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Атырауда аймақтың агроөнеркәсіп секторын дамыту мәселесі бойынша кеңейтілген мәжіліс өтті. Жиынға ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер, мемлекеттік органдар мен «Атамекен» ҚР ҰКП өкілдері қатысты.

Атырау облысында аймақтың агроөнеркәсіп кешенінін дамыту мәселесі талқыланды

​Кездесуді ашқан Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев аймақ экономикасы үшін агроөнеркәсіп кешенін дамытудың маңыздылығын атап айтты.
​«Атамекен» ҚР ҰКП өкілдері жиын барысында Атырау облысындағы агроөнеркәсіп кешенінің проблемаларына скрининг жүргізу бойынша жеке бағдарлама жасауды ұсынды.

​Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев өткен жылы жергілікті бюджет есебінен аймаққа керек мамандарды дайындауға 222 грант бөлінгенін айтты.

– 179 грант педагогикалық мамандықтарға бөлінді. 35 грант дәрігерлерді, 9 грант мал дәрігерлерін дайындауға арналды. Қажет мамандықтарға мониторинг жүргізіп отырамыз, - деді Нұрлан Ноғаев. – Жақында өңірде мұнай-химия кешені жобасын жүзеге асыру басталады. Осы бағытта да мамандар керек. Скрининг жағдайды нақты анықтау үшін де қажет болады.

​Аймақ басшысы «Бастау бизнес» бағдарламасына да назар аударды. Бағдарлама бойынша оқығандардың жартысынан көбі мақсаттарына жете алмаған. 

– Облыс бойынша  осы бағдарламаға сәйкес 750 адам оқытылды, соның 135-і ғана өз істерін ашты, ал қалғандары қайда? Сонша адамды оқыту қажет пе? Сан емес, сапа маңызды, осыған көңіл бөлу керек. Аз болса да, саз болсын деген сөз бар, – деді Нұрлан Ноғаев.

​Кәсіпкерлер палатасының өкілдері өңірдегі ауыл шаруашылығын дамытудың проблемаларын ашық айтты. Скрининг қортындысы ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 63 млрд теңге немесе 200 млн доллар болғанын көрсеткен. Мал шаруашылығы – 57 %, егін шаруашылығы - 42%.​

​– АӨК дамуына кедергі келтіретін факторлар да бар. Мысалы, суару бойынша инфрақұрылым жетіспейді. Қолданыстағы суару жүйелері техникалық жағынан тозған. Индер ауданында су қымбат болғандықтан суарылатын жер ауданы 20 есе азайған. Салыстыру үшін айтсақ, Атырауда судың құны Қазақстандағы орта есептен 4 есе қымбат. Бұл мал шаруашылығының дамуына кедергі келтіріп отыр. Жемнің орташа бағасы Атырауда басқа аймақтармен салыстырғанда 1,5 есе жоғары, сондықтан жергілікті фермерлерге біраз қымбатқа шығады, – деді «Атамекен» ҰКП өкілдері.

​Шынымен де аймақта сумен қамту проблемасы өзекті болып отыр. Жергілікті билік субсидиялау мәселесін жиі көтергенімен, нәтиже жоқ. Соған қарамастан әкімдік су каналдарының дұрыс жұмыс істеуін қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Республикалық баланстағы 15 каналдың төртеуі жергілікті билікке берілген. Қалғандары бойынша да мәселе шешілу үстінде. Суландыру каналдарын облыстың иелегіне беру каналдарды жөндеу мен тазарту жұмыстарын жергілікті бюджет есебінен қаржыландыруға жол ашады, бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге біраз көмек болады.

​Жиналыста балық саласының  ары қарай даму мәселесі де қозғалды. Квота бөлудің ашықтығы, балық аулау уақытын ұзарту, бекіре зауыттарын қайта құру мәселелері айтылды. Талқыланған проблемалар бойынша ұсыныстарды қаперге алып, Ауыл шаруашылығы министрлігінің талқылауына енгізуге шешім қабылданды.

– Өте өзекті сұрақтарды талқыға салдық. Жұмыс жүріп жатыр, оған аудан әкімдері, жалпы жұртшылық, депутаттар тартылды. Кәсіпкерлер палатасымен бірге проблемалық аумақтарға скрининг жасап, алда тұрған міндеттерді бағамдаймыз. Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын ел экономикасының драйвері деп үнемі айтып келеді. Әлеует бар, мемлекеттік бағдарламалар аясында қолдау да, қаржы да жеткілікті. Талқылау барысында айтылған жайттарды назарға алуымыз керек. Бірлесіп жұмыстанғанда ғана аймақтың агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасын лайықты жүзеге асыра аламыз, – деді жиналысты қортындылаған Нұрлан Ноғаев.