Қазақстан • 05 Маусым, 2018

Бас имам қала тұрғындарын менингококктан сақтануға шақырды

290 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы қаласы Орталық мешітінің Бас имамы Еркінбек Шоқаев қалада менингококк вирусының тіркелу оқиғаларының жиілеп кеткендігіне алаңдаушылығын білдіріп, Рамазан айында нақты ауырған кісінің оразасын ашуға болатындығын ескертеді.

Бас имам қала тұрғындарын менингококктан сақтануға шақырды

Науқастың «Ауырсам да ұстай беремін», - деп шешім қабылдауы дұрыс емес.

«Рамазан – әрбір мүмін асыға күтетін береке мен мейірімге толы ай. Бұл айдың әрбір сәтінде күллі әлемге Алла тағаланың рақымы үздіксіз төгіліп тұратыны ақиқат. Сол берекелі сәттерден құралақан қалмауымыз үшін шамамыз келгенінше Алланың парызын орындап, ораза ұстайтынымыз белгілі. Алайда, Алла тағала адам баласына тек қана жеңілдік қалайтынын естен шығармауымыз қажет. Сол үшін Алла тағала адамның түрлі жағдайлары мен күйін ескере отырып, қажеттілік туындаған кездерде оразасын үзіп, кейінірек қайта өтеуіне Құранда рұқсат берді. Дініміз ешкімге ауырлық жүктемейді. Біз қала тұрғындарын өз денсаулықтарын сақтауға шақырамыз. Алла тағала елімізді түрлі ауру-сырқаулардан аман сақтасын!», деді бас имам.

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ