Футбол • 05 Маусым, 2018

Әлемдік доп додасына Рафаэль Маркес бесінші мәрте қатысады

324 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

14 маусым мен 15 шілде аралағында футболдан Ресейде өтетін әлем чемпионатында Мексиканың ұлттық командасы қандай құрамда өнер көрсететі белгілі болды.

Әлемдік доп додасына Рафаэль Маркес бесінші мәрте қатысады

Ацтектер елінен келетін 23 футболшының арасынан Рафаэль Маркесті ерекше атап өтуге болады. 39 жастағы жартылай қорғаушы кезінде Францияның «Монако» және Испанияның «Барселона» клубтарында ойнап, аталмыш командалар сапында талай толағай табысқа қол жеткізді. Сонымен қатар, Маркес 2002, 2006, 2010 және 2014 жылдар жалауы желбіреген әлем чемпионаттарында шеберлігімен көзге түсті. Сол байрақты бәсекелерге ол жай ғана қатысып қоймай, команда капитаны ретінде өз әріптестерін жасыл алаңға шығарды. Енді Рафаэль Маркестің есімі дүниежүзілік доп додасында бес мәрте өнер көрсеткен ойыншы ретінде спорттық шежіреге алтын әріптермен жазылмақ. Ал футбол тарихында дәл сондай құрметке бөленген небары төрт-ақ адам бар!  

Бұл көшті даңқты Антонио Карбахаль бастап тұр. Ол 1950, 1957, 1958, 1962 және 1966 жылдары өткен әлем чемпионаттарында Мексика құрамасының қақпасын қорғады. Екіншісі – Лотар Маттеус. Германияның мақтанышы 1982, 1986, 1990, 1992 және 1998 жылдары өткен жарыстарда жасыл алаңда жасындай жарқырады. Үшіншісі – Джанлуиджи Буффон. Әйгілі қақпашы 1998, 2002, 2006, 2010 және 2014 жылдары өнер көрсетті. Буффонның Ресейдегі додаға қатысуға да ниеті болды. Алайда шешуші тұста Швецияға жол берген Италия құрамасы төртжылдықтың басты жарысының жолдамасынан қағылды.      

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»