«Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан» деп тегін айтпаса керек. Бүгінде ауданда жеке шаңырақ құрған А.Байқыдыров атындағы музыка мектебі, М.Имашев атындағы балалар спорт мектебі және орыс тілінде оқытатын мектептердің арасында үш қабатты ғимаратта орналасқан қазақ орта мектебі де жемісті еңбек жолын жалғастырып, ата-аналар қауымы мен мұғалімдер ұжымының, мыңдаған шәкірттері мен түлектерінің сағынып тұратын білім ордасы болып отыр.
Биыл Тарбағатай ауданының орталығында орналасқан К.Нұрбаев атындағы қазақ орта мектебіне – 90 жыл. Саналы ғұмырын жеткіншектерге білім мен тәрбие беруге арнаған осындағы оқу ісінің майталмандары мен қамқоршы азаматтардың атында бастауыш сынып, физика, жаратылыстану пәндерінің кабинеттері ашылуда. Аудан жұртшылығы, еліміздің түкпір-түкпірінен келген мектеп түлектері бас қосқан аудандық мәдениет үйінде өткен терең мазмұнды шежірелі жиын ғасырға жуық тарихы бар білім ұясының мерейін асырып, көпшілік көңілінен шықты.
Әлбетте, мектеп ұжымы жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беру ісіндегі басты тұлға мұғалімдерімен, оқуда озат, өнегелі шәкірттерімен, еңбектің әр саласында ел ықыласына бөленген түлектерімен мақтанады. Мектеп директоры Е.Абсалямов ұстаздар мен түлектердің білім ордасының мерейін өсіретін өлшеусіз қызметін айрықша атап өтті. Мәселен, әр жылдары осы мектептің орта білім ордасына айналуына атсалысқан, соғыс жылдарында жауынгерлік ерліктерімен ел құрметіне бөленген Тілеген Қинаубаев, Игембек Төлеутаев, Қасым Сәрсенбаев, Кәрім Нұрбаев есімдері ерекше аталды. Айталық, Зайсан педагогикалық училищесінің отызыншы жылдардағы түлегі, бас-
тауыш сыныптың орыс тілі пәнінің мұғалімі, аудандық оқу бөлімінің қызметкері, 1940-1941 оқу жылында Ақсуат орта мектебінің директоры Тілеген Қинаубаев майданға шақырылып, Мәскеуге әскери десанттар оқуына жіберілді. Сұрапыл шайқаста ерлігімен гвардия сержанты атағына жетті. Қызыл Жұлдыз орденін алды. 1945 жылы 16 наурызда Венгрия жерінде қаза тапты. Бүгінде Будапешт қаласындағы бауырластар зиратындағы мемориалдық тақтаға тасына есімі ойып жазылған. Жауынгерлік ерлік жолының құжаттары еліміздің Қорғаныс министрлігінің республикалық әскери-тарихи мұражайы қорында сақтаулы. Ұлы Жеңістің 70 жылдығында аудан орталығындағы көшелердің біріне есімі берілді. Сондай-ақ бұрынғы «Ақ мектеп» 1938-1939 оқу жылы орта білім ордасы болғанында бірінші директоры Кәрім Нұрбаев соғыстан қайтқаннан кейін жауапты басшылық қызметтер атқарып, мемлекет, қоғам қайраткері дәрежесіне көтерілген. Үш мәрте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланған. 2001 жылы осы мектепке есімі берілді. Елдің қиыр шетінде, облыс орталығынан 400 шақырым, темір жол бекетінен 300 шақырым шалғайда, жол қатынасы аса қиын кезеңде оқыған, өмір жолы аңызға айналған ақсуаттық түлектердің бірі – Қаби Мыңжанов. Ол жетіжылдықты бітіріп, Қарағанды қаласының жұмысшы факультетіне шақыруды естіп, жол-жөнекей жаяулап, кезіккен арба, машинамен селбесіп, қалаға жетіпті. Маман жұмысшы оқуын бітіріп, Қарсақпай көмір кенішінде еңбек жолын бастады. Ауыр жұмыстан қолы қалт еткенде газет-журналға мақала жолдап, қалам қуатымен танылды. Ағамыздың «Социалистік Қазақстан» газетіне келу тарихы осылай еді. Ұзақ жылдар бойы аға газеттің өнеркәсіп бөлімін басқарып, зейнетке шығып, дүниеден өтті. Сөйтіп баспасөзге барын арнаған атамызды о дүниелік болған мұғалімдермен, түлектермен бірге 90 жылдық салтанатқа жиналған қауымның бір минут орындарынан тұрып үнсіз еске алғаны жүректі шымырлатты. Еліміздің аса танымал журналисі Нұрғазы Шәкеев те осы мектептің түлегі. Нұрғазы ағамыздың еліміздің баспа ісіне сіңірген ерен еңбегі, қазақ баспасөзі тарихында сын-сықақ әлемінің көшін бастаған «Ара» журналының бас редакторы болғаны өскен жұрты мен оқыған мектебі ұжымы үшін зор мерей. Сондай-ақ мектепті ерекше биікке көтерген бір шыңы дейтіндей түлегі – КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген архитекторы, 1971-1983 жылдары Алматы қаласының бас архитекторы болған Адамбек Қапанов. Халқымыздың «өлі риза болмай, тірі байымайды» дейтін даналық салтын сақтай отырып, салтанатты жиында сахналық жүгіртпе бейнелерде көрініп, сондай-ақ мінберге көтерілген үлкен-кішінің естеліктерінде олар санамалап аталып, еске алынды. Математикада Тоқтар Нұрекенов, әдебиетте Төкен Абдрахманов, Өжікен Тыныбаева, Төкен Ибрагимов, жазушы Ахмет Жүнісов, қазақ тілі диалектология ілімінің білгірі Қабдолла Қалиев, әлем әртісі Балтабек Жұмағұлов, заңгер Қадыр Шыныбаев, дәрігер ғалым Қинаят Оразаев, техника ғалымы Мұса Шоқаев, подполковник Мәлік Тұрысбеков, мәдениет қайраткері Қонысбек Ақжасаров, күрестен КСРО спорт шебері Марат Имашев бар. Бұл тізімді жалғастыра беруге болады.
Абыройы асқақтаған білім ұясы мұғалімдерінің ел өркениетіне қосар үлесі жылдан-жылға еселене түсті. Шәкірттерінің шамшырақтай жарқыраған жұлдызды жолдары жалғаса берсін демекпіз.
Сайраш ӘБІШҚЫЗЫ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері