Қазақстан • 06 Маусым, 2018

Нобукадзу Ониси, иайдо чемпионы: Қазақстан дегенде көңіліме жылылық ұялайды

514 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қазақстан мен Жапония арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту мен жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында жақында Астанадағы Кендо спорт клубында аталған спорт түрінің құрал-жабдықтарын табыстау рәсімі өтті. Тарту ету рәсіміне жапониялық спорт шебері, иайдо чемпионы Нобукадзу Ониси қатысып, иайдо қылыш сермеу өнерін көпшілік назарына ұсынды. Сондай-ақ кендо бойынша жан-жақты мағлұмат берді. Іс-шара соңында редакциямызға арнайы соғып, жапондардың әйгілі спорт түрінің мәні мен маңызына тоқталған чемпион қазақ пен жапон халқы арасындағы рухани қарым-қатынастың маңыздылығын да айрықша атап өтті. 

Нобукадзу Ониси, иайдо чемпионы: Қазақстан дегенде көңіліме жылылық ұялайды

– Нобукадзу мырза, Астана­ға қош келдіңіз! Жалпы, бұл Қазақстанға алғаш келуіңіз бе? 20 жылдық тарихы бар жас қала жайлы пікіріңіз қандай? 

– Жоқ, бұған дейін де бірнеше мәрте Қазақстанда болдым. Әсі­ресе Астанаға жиі келіп тұ­рамын. Әр келген сайын қаланың өте жедел қарқынмен дамып келе жатқанына қарап таңғалудан жалыққан емеспін. Зәулім-зәу­лім ғимараттар, бір-бірін қайта­ламайтын ерекше архитекту­ра,­ көшедегі адамдардың қазақ ұл­ты­на ғана тән кеңпейіл дархан көңілі – Қазақстан дегенде менің көңіліме үнемі жылылық пен мейі­рім сыйлайды. Сондықтан да Астанаға, жалпы Қазақстанға жиі келіп тұру маған ұнайды. Тіпті мен кей сәтте Астана көше­ле­рін­де келе жатып шетелде емес, Жапонияда жүргендей әсерде қаламын. Біздің түр әлпетіміз ғана емес, мінезіміз, болмысымыз, өмірге деген көзқарасымыз бар­лығы егіз секілді сезімге бө­ле­немін. Сол себепті болса керек, Қазақстан менің өз елімдей жа­ныма жақын. 

– Жапониядағы қызметіңіз жайында айтып берсеңіз. Ресми жұмысыңыз тікелей осы кендо спортымен байланысты ма?

– Жоқ. Қызмет ететін салам­ның спортқа еш қатысы жоқ. Мен Жапонияның темекі шығарумен айналысатын JTI (Japan Tobacco International) компаниясының Мәскеу бөлімшесінде жарнама саласы бойынша қызмет істеймін. Бұл өндіріс орнының әлемнің 120-дан астам елінде жеке филиалы бар. Сол бөлімшелердің барлығы түскен табысының белгілі бір мөлшерін жапон мәдениетін жаһандық кеңістікте дамыту мен көркейтуге арнайды. Мәселен, елі­міздің мәдени мекемелері шетелдерге гастрольдік сапарлармен барып жатса, компанияның сол елдегі бөлімшесі концертінің не болмаса өзге де өнер сапары­ның жоғары деңгейде ұйымдас­ты­рылуына қаржылық тұрғыдан қолдау білдіреді. Сол арқылы жапон мәдениеті мен өнерін өркендетуге үлес қосып жатырмыз деп ойлаймын. Бұл – менің негізі кәсібім. Ал спортпен хобби ретінде, жұмыстан тыс уақытта айналысамын. Өзіңіз білетіндей, жапондар үшін спорт өмірлік үлкен маңызға ие. Біз спортқа тек спорт деп қарамаймыз, философиялық мән береміз. 

– Елімізге келу мақсатыңыз – кендо құрал-жабдықтарын тапсыру рәсімімен тікелей бай­ла­нысты екен. Жалпы, бұл іс-ша­раны ұйымдастырудың ма­ңыздылығы неде?

– Қазақстанға кендо спорты негізіндегі алғашқы сапарымыз 2016 жылы басталған болатын. Сол жолы Жапониядан шеберлер келіп, арнайы шеберлік сабағын өткізді. Олардың келу мақсаты аталған спорт түрімен қазақ халқын жан-жақты таныс­тыру және кендо мен иайдо өнерін әлемге кеңінен насихаттау болатын. Енді, міне биыл сол спорттық негіздегі достық байланысымызды одан әрі нығайтуды көздеп, Жапонияның Кендо федерациясы Қазақстандағы спортшылардың аталған спорт түрімен кәсіби тұрғыда айна­лысуы үшін кендо құрал-жаб­дықтарын табыс етуге шешім қабылдады. Бұл іс-шара 20 жыл бойы жалғасып келеді. Жыл са­йын бірнеше мемлекет таңдалып алынып, сол елдерге осындай сыйлықтар тарту етіледі. Биылғы таңдауымыз 8 мемлекетке түсті. Оның ішінде Қазақстан да бар.

Кендода синай деген болады. Бұл – кендоның бас­ты құ­ралы, яғни қылыш іспет­тес етіп жасалған ұзын ағаш. Шай­қас түріндегі спорт болған­дықтан, арнайы киімсіз кендомен айналысу мүмкін емес. Жат­ты­ғушыларға міндетті түрде қор­ға­ныс қажет. Сол үшін де бұл спорт түрімен айналысатын ше­бер­лер үшін дене мүшелерін қорғайтын арнайы киім керек. Ал кендоның отаны Жапония болғандықтан, оның киімдері мен құрал-жабдықтары барлық елге бірдей қолжетімді деп айта алмаймыз. Сондықтан да спортпен айналысуға қызығушылығы бар, бірақ арнайы киім мен құрал жабдықтың жетіспеуі салдарынан кендоға келе алмай жүрген спорт­шыларға стимул болсын деп, арнайы осындай сыйлық жа­сауды ұйғардық. Кендомен айна­лысатын адамдардың саны бір адамға болсын көбейсе, біз өте қуаныштымыз. Бұл шара тек спорт­шылар үшін ғана емес, жалпы екі ел арасындағы рухани-достық қарым-қатынасымызды одан әрі нығайтып, жандандыруға ықпал етеді деп сенемін. 

– Кендо – Жапонияда туған спорт түрі болғандықтан, бұл та­рапта Қазақстан үйрену­ші. Осы тұрғыдан келгенде, атал­ған спорт түрінің Қазақстан­да­ғы даму деңгейін кәсіби маман ретінде қалай бағалайсыз?

– Қазақстанда кендомен айна­лысатын адамдармен өз басым осы іс-шара барысында ал­ғаш рет таныстым. Олардың спортқа атүсті қарамай, өте тың­­ғы­лықты, ыждаһатты айналысып жүргеніне көзім жетті. Кендоның негізгі мақсаты – жеңу немесе жеңілу емес, дайындық барысында жасалатын қиын жат­тығулар арқылы рухани жа­ғы­нан ішкі психологиялық күйді күшейту. Осы талапты жіті түсін­ген қазақстандық спорт­шы­ларға риза болдым. Алдағы уақыт­та бірлесе жұмыс істейтін бол­сақ, кендомен айналысатын спорт­шылардың кәсіби деңгейде үлкен жетістіктерге жететініне сенемін. 

– Әлем бойынша 20 жыл бойы үздіксіз насихатталып­ келе жатқан бұл спорт түрінен әр елдегі кендо шеберлерінің ба­сын қосатын халықаралық дең­гейде жарыстар ұйымдасты­рылып тұра ма?

– Әрине! Кендо бойын­ша 3 жылда бір рет әлем чемпио­на­­ты өтеді. Ол жерде кендомен ай­налысып жүрген әлем­нің түкпір-түкпірінен үздік спортшылар жиналып өнер көр­се­теді. Жарыстың деңгейі бұл спорт түрінің бүгінде дүние жүзі бо­йынша үлкен қызығушылық тудырып отырғанын дәлелдеп келеді. Кендоға деген әлемнің көз­қарасы да, қызығушылығы да ерек. 

– Кендомен айналысатын спортшыға қойылатын ең бас­ты талап не?

– Кендо сайысында спортшы­ға ең әуелі жүректің мықтылығы керек. Менің айтып тұрғаным – рухани тұрғыдағы ішкі дайын­дық. Неліктен десеңіз, синайды сермегенде де, сонымен қатар қарсылас қай жағыңнан келсе де лайықты, сауатты жауап бере алу қажет. Дәл сол кезде жүректің мықтылығымен қа­тар сезімталдық қажет болады. Кендо – қарсыласың қай жа­ғынан келсе де, соққысын қа­был­дауға дайын болуға, әлсіз тұсыңды білдірмеуге және эмо­цияң­ды басқаруға үйретеді. Кен­дода қара күштен бұрын, ішкі психологиялық күйдің мық­тылығы маңызды. Сондықтан да спортшы 70-80 жасқа келсе де, жастармен бірге сайысқа түсіп, айла мен әккілігінің арқасында тіпті жастарды жеңіп шыға алады. Кендоның ерекшелігі сонда. 

– Демек, мұның спорт ре­тінде ғана емес, жалпы өмір сү­руде де пайдасы зор секілді... 

– Иә, дұрыс түсініпсіз. Кен­доның тек спорт түрі ретінде ғана емес, адамның өмір сүру дағ­дысында да пайдасы зор. Бұл – екі адамның бір-бірімен қарсыласатын сайыс негізіндегі спорт түрі. Яғни кендо шайқас үстінде қарсылас не ойлап тұр­ғанын, ішкі сезімдерін түйсік арқылы оқуға үйрететін өнер. Ал бұл жай өмірге келген жағдайда керісінше. «Менің сөйлесіп отырған адамым не ойлап отыр екен, бұл адамды қуанту үшін, не болмаса көңілін табу үшін мен не істей аламын?» деген сынды игі ойларға беріліп, жаныңдағы жақындарың мен достарың үшін үнемі жақсылық жасауға ұмтылу дағдысына тәрбиелейді. Сондықтан кендоның жай өмірде де пайдасы мол. 

– Жалпы, бұл спорт түрін ертедегі самурайлардың қы­лышт­ы игеру техникасының заң­ды жалғасы, яғни самурайлар дәстүрінің модерндік үлгісі деп айтуға бола ма?

– Әрине, әбден болады. Екеуінің түп тамыры бір. Әйт­се де оларды бөлетін үлкен айыр­машылық – самурайлар зама­нында соғыс өршіп тұрды. Яғни самурайлардың басты мақсаты – қарсыласын, жауын жеңу, өлтіру болды. Ал бейбіт өмірдегі кендоның мақсаты да, міндеті де, құндылығы да бас­қада. Ол – жаттығу арқылы ішкі қуатты нығайту. Яғни кендоны өлтіру емес, керісінше қар­сыласыңның ішкі күйін зерттеу мен өзіңнің эмоцияңды басқаруға бастайтын сипатқа ауысқан, өнер деңгейіне көтерілген самурайлар дәстүрінің сарқыты десек қателеспейміз. Кендоның мақсаты – сайыс ар­қылы қылыштасу техни­касын өнер биігінде насихат­тау. Сайыскерлерге де, жанкүйер­лерге де рухани һәм эстетикалық ләззат сыйлау. Осы тұрғыдан келгенде, кендоны спорттан бұ­рын, өнер деп бағалау лайықты дер едім. 

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Назерке ЖҰМАБАЙ, 

«Егемен Қазақстан»