Қазақтың ауыз әдебиетінде Қараөткел аты жиі кездеседі, ал әндері мен күйлеріне келсек қазақ түгілі өзін шалақазақпын дейтін Ғазиз ақынның: «Атандым Ғазиз ақын бала жастан, Ақын жоқ Қараөткелде менен асқан» дейтінін еске түсірсек болар.
Менен оқушыларым біздің байтағымыздың ең көне ескерткіші қайсы деп сұрайды. Астананың ең ескі құрылыстары қаланың өз ішінде, ол – қазіргі Сине-Темпоре, бұрынғы Керуен сарай. Ресей осы жерге келіп бекініс қорғанын салған соң Керуен сарайды «Гостиный двор» деп атап жіберді. Ерте замандарда Қараөткел меридианалды сауданың орталығы болды. Сонау Қазан, Астрахан, Еуропадан Есілді өрлеп келе жатқан керуендер қазіргі Кенесары көшесінің бойында Түркістаннан келген керуендермен табысады. Қараөткелден бастап Ащыөзекке (Соляная балка, Гребной канал, Ақбұлақ) дейін созылған Кенесары көшесі ол кезде Үлкен базар көшесі аталды. Сауданың нағыз қайнаған жері Кенесары мен Бейбітшілік көшелері қиылысатын алаң ол кезде Кіші базар көшесі аталды. Бұл Керуен сарай ерте заманда салынды деуімізге ең бірінші себеп.
Астана қаласының іргесінде орналасқан Күйгенжар өткелі туралы өте қызықты деректер бар. Солардың бірі әз Тәуке ханның ордасы Күйгенжардың қорымының ішінде орналасқан. Қорғанның оңтүстік жағы 60 метрдей, солтүстік жағы 40 метр, яғни қорған тік төрт бұрыш емес, бір жағының ені аздау. Қорғанның ұзындығы 100 метр. Бекініс қорғанның сыртынан да, ішінен де терең ор қазылған және ол орлар Есілмен арық арқылы жалғасады.
Ертеде Қараөткелдің жан-жағында жүздеген жел және су диірмендері болды. ХХ ғасырдың басында қаланы сипаттай келе П.Головачев: «Город окружен с одной стороны целой сотней ветряных мельниц» дейді. Нақты статистикалық деректерге қарағанда Қараөткелде 1913 жылы 70 шақты жел диірмені болған. Есіл мен Нұра өзендерінің бойында, судың ағысын пайдаланып жасалған су диірмендерді ешкім санаған да жоқ шығар.
ХХ ғасыр басында Қараөткелдің жалғыз фотографы К.П.Шахов түсірген суреттердің бірінде екі қабатты сәнді, еңселі құрылыс көрінеді. Астыңғы қабаты кірпіштен, үсті ағаштан салынған өте сәнді үйдің бұрыштары мұнара тәрізді көтерілген. Шатыры көтеріңкі, орта тұсынан жоғары өрлеп ерекше сатыланған, терезе жақтаулары мен шатырдың етегі бай ою-өрнектермен безендірілген. Бұл үй Керуен сарай алаңын (қазіргі Сине-Темпоре маңы) Шіркеу көшесінен бөліп тұр, қазіргі көшелер ретіне қарасақ Абай мен Бейбітшіліктің қиылысы. Қазақстан үкіметі Ақмолаға көшіп келген уақытта осы үйдің орнына Парламент ғимараты салынды. К.П.Шахов фотосуретіндегі үйдің иесі Ақмоланың атақты көпесі Ғалиасқар Халфин болатын.
Астана маңында киелі ескерткіштер аз емес, солардың ішінде Целиноград ауданы Семеновка ауылы жанындағы Қараменді батыр кесенесі ерекше. 1922 жылы Қазақстанда Кеңес үкіметі жаңа орнап жатқан аласапыран тұста қараөткелдік қазақ азаматтары қаланың Атбасарға шығатын жағында Қараменді батырдың бейіті маңында (қазіргі Семеновка ауылы) Кенесары мен Наурызбайдың қаза тапқанына 75 жыл толуына арнап ат шаптырып, ас берген. Осы аста қазақтың Хан Кенесі, оның соңынан ерген серіктері Наурызбай, Ағыбай, Жанайдар, Жеке батыр, Бұғыбай, Танаш, Басығаралардың аттары аталып, олардың аруақтарына дұға оқылыпты.
Ақмоланың көне ескерткіштерінің бірі және көпшілікке белгісізі, жергілікті қазақ «ішкі түрме» деп атайтын ХХ ғасырдың басындағы сәулет өнерінің бірегей ескерткіші әуелде «Мүгедектер үйі» атанған. Біз бұл жерде осы ғимаратты архитектуралық ескерткіш деп атағанымызбен, шын мәнінде ол ескі құрылыстардың тізімінде де жоқ.
Қазіргі Т.Бигельдинов көшесінде орналасқан үш қабатты үй Совет кезінде НКВД-ның ішкі түрмесі аталған. 1914 жылы бірінші жаһан соғысы басталғаннан кейін екі қабатты болып қызыл кірпіштен өрілген бұл үй қазыналық ақшаның есебінен 1915-1917 жылдары бұрыңғы Училищная көшесінде салынды. Ішкі түрме біздің тарихымыздың қаралы кезеңімен тығыз байланысты.
Бұрыңғы-соңғы тарихты парақтасақ Қараөткел ешқашан дін орталығы болған емес, бірақ қазақ заманында өткел маңында шағын мешіттер болған. Оның негізгі себебі біреу – бұл қоныс ежелден Ұлы даладағы үлкен сауда орталығы, тоғыз жолдың торабы, оның үстіне Есілдің осы тұсы даланың ұлы билеушілерінің тақ орнатқан жері. Ресей билігі орнағаннан кейін, Ақмола округінің аға сұлтаны Қоңырқұлжа Құдаймендіұлы осы дәстүрді жалғастырып бекініс жанынан мешіт салғызады. Белгілі өлкентанушы А.Ф.Дубицкий Қараөткелдің алғашқы мұсылман мешіті 1838 жылы салынды деп жазады (А.Ф.Дубицкий. Пройдемся по улицам Целинограда. Целиноград,1990. с.22). Оның пікірінше, мешітті патша үкіметі Ресей мен Орталық Азия арасындағы сауданы қолдау мақсатымен салған.
Қараөткелдің алғашқы мешіті қорғанның ішінен емес, сыртына ағаштан салынды. Қараөткелдің ескі мешіті 1920 жылы Совет үкіметі орнасымен отқа оранды. Ескі мешіттің жанып кеткеніне ызалы мұсылмандар қаражат жинай бастады. Осы бір азамат соғысынан жаңа ғана құтылған, елдің қолындағы мал селдіріп қалған жоқшылық уақытта қазақтың өз арасынан шыққан ірі сауда әулеті Қосшығұловтар мешітті қайта жаңғыртуды өз мойындарына алды. Осылайша жанып кеткен ағаш мешіттің орнына қүйген қызыл кірпіштен көтерді.
Кірпіштен соғылған мешіттің өмірі ұзақ болған жоқ. Бір сөзбен айтқанда 1930 жылдардың басында қазақ жеріне ұлы апат аштықты пайдаланып большевиктердің мешітті жапқаны анық.
Большевиктер мешітті бірден қиратқан жоқ, алдымен оны тарихи-өлкетану мұражайына берді. А.Ф.Дубицкий мұражай мешітке 1930 жылы көшіп келді дейді, яғни мешіттің де осы жылы жабылғанына дәлелдің бірі. Мұражай болған уақытта мешіттің сәулеттік бейнесіне еш өзгеріс енген жоқ, оның биік мұнарасы да, күмбез шатыры да, тастан өрген сыртқы шарбағының бағандары да сақталды... Мешіттің шарбағынаның сыртынан мұражайдың шыныдан фотопавильоны салынды. 1940 жылы тарихи-өлкетану мұражайы казачья слободадағы Константин-Елена шіркеуіне көшірілді де, ескі мешітті үкімет «Казпиво» аталатын зауытқа берді. Ақыры коммунистер бертіңгі уақытта оны тас-талқан қылып бұзып, орнын бес қабатты тұрғын үймен жапты.
Астананың Абай атындағы көшесін бойлап қаланың ескі орталығына жақындасаңыз оң жағыңыздан биік қызыл кірпіштен қаланған, жасыл қаңылтыр телпек киген бағандары, темірден иілген шарбақ аркасы, биік қақпа кездеседі. Бұл заманында Жасыл мешіт немесе Татар мешіт аталған құрылыстан қалған қалдық.
Татар мешітінің құрылысы кезінде осы қаланың ең бай адамы атанған Нүркей Зәбировтің қаражатына салынған. Көпестің бір әдеті қандай құрылыс салса да жасыл бояумен сырлайды екен. Осы себепті «Жасыл мешіт» атанып кетті. Бұл мешіттің қай жылы жабылғаны туралы мәлімет жоқ, бірақ осы құрылыстың көп жылдар Пионерлер үйі ретінде қызмет жасағанын қаланың ескі тұрғындары біледі. Кейін келе Пионерлер үйі қалалық партия комитетінің ғимаратына көшірілді. Осы кезде мешіттің ағаштарын отынға алу белсенді жүргізілді. Мешіт қызметін қайта қалпына келтіру мүмкін емес еді. Ақыр түбінде оның орнына үш қабатты тұрғын үй салынды.
Қазақ арасында біз саудаға бейім халық емеспіз деген ұғым қалыптасқан. Оның себебін кейбір бауырларымыз көшпелі өмір салтынан, жалқаулығымыздан, не табиғи кеңдігімізден іздейді. Бұл ешқандай тарихи негізі жоқ бос әңгіме. Қазақтың өзінің ішкі саудасы, айырбасы болғаны ешкімге де жасырын емес шығар, мал жеке меншікте болғандықтан, әр адам жеке басының мүлік дүниесіне иелік жасағандықтан сауда мен айырбастың болуы заңды. Қараөткел өңірінен шыққан, І гильдия көпесі деген биік дәрежеге көтерілген Қосшығұловтар соның дәлелі.
Өкінішке қарай Қосшығұловтармен байланысты құрылыстардың негізгілерін Совет үкіметі қиратқан. Қосшығұловтардың қара шаңырағында 1975 жылға дейін Ақмола облыстық соты отырды. Сот өзге жерге қоныс аударғаннан кейін, Жастар сарайын саламыз деген сылтаумен бұл жердегі көпес үйлері қиратылды. Қазіргі Абай мен Республиканың қиылысында совет заманында Горсовет отырған үйде Уәли Қосшығұловтың отбасы мекен етті. Совет заманында Насос заводы деп атақ алған мөлтек ауданда Мұқан Қосшығұловтың от басының үлкен ағаш үйі болды. Қосшығұловтардың Абай мен Республиканың қиылысында қызыл кірпіштен салынған (бұрыңғы Ленин көшесі, 77-үй) екі қабат атақты кәмпит-тоқаш фабрикасы Целиоградта Тұрмыстық үй (Дом быта) және Мәскеу қонақ үйлерін салған кезде 1975 жылдары қиратылып, орны бір заман бос тұрды.
Қосшығұловтар 1890 жылы Қараөткелдің тура ортасында қазына қаржысына «Керуен сарай», орысша «Гостиный дворды» қайтадан қалпына келтірді. Керуен сарайда 72 ірі дүкен және 10 ұсақ сауда сөрелері ашылды, бұл кезде қала саудасының ішкі айналымы 1,5 миллион рубльге жеткен еді. Керуен сарайдың алдында аттар мен түйелерді байлайтын керме, шойын бағаналарға сүйенген күнқағарлар, кириллица мен араб жазуымен жазылған дүкен атаулары, жарнамалар Керуен сарайдың кіре берісіне көрік беріп тұрды. Қараөткелге еңбектері сіңген, Совет дәуірінде жазықсыз жапа шеккен, қаланың тарихынан аттары күшпен өшірілген осынау әулетке бір назар аудармай тұр. Астанадағы мыңға жақын көшенің біреуінің атын осы әулетке беруге болады деп есептейміз.
Ф.Назаров сияқты елшілердің деректеріне қарап ХІХ ғасырдың басында Қараөткел маңында Құдайменді сұлтан, кейіннен оның ұлы Қоңырқұлжа сұлтан сияқты Шыңғыс тұқымының өкілдері жайлағанын білеміз. Қазақтың ауызша айтылатын шежіре аңыздары бұл кезең туралы тамаша мәліметтерді сақтаған. Ол кезде қазақ төрелерінің мықты әулеттері, соның ішінде Сәмеке хан ұрпақтары, әлі де Түркістанмен байланысын үзбеген. Белгілі дәрежеде Мәуреннахр мен Түркістан-Ташкент аймақтарынан Қараөткел арқылы солтүстікке өтетін сауда керуендері де Сәмеке және Әбілмәмбет хандардың ұрпақтарының бақылауында және қамқорлығында болуы керек. Біздің есебімізше подполковник Шубиннің ұсынысына қарамастан Қараөткелдің орнына Ақмоланы округ орталығына, яғни бұйрыққа (приказ), қазақтың бұрыңғы ұғымымен айтсақ дуанға (диван) арнап таңдаған Сәмеке ханның тұқымы Қоңырқұлжа Құдаймендіұлы. Негізгі себеп қазақтың Сарыарқа аймағына шеңгелін сала бастаған орыстарды меридианалдық саудаға араластырмау, Қараөткелден түсетін пайдаға ортақтастырмау, қазақтың көші-қон және қатынас жолына бөгет жасамау.
Қараөткелдің алғашқы аға сұлтаны Қоңырқұлжа Құдаймендіұлына да, осы жерде заманында билік құрған оның аталары Сәмеке, Әбілмәмбет хандарға да қаламызда бір ескерткіш жоқ. Тіпті бұл жердің хан жайлауы болғанын да ешкім білмейді. Біз Сәмеке, Әбілмәмбет хандар арқылы қазақ тарихын тануға, Қараөткелдің Түркістан сияқты қалалық аймақпен байланысы туралы түсінігімізге қажетті тамаша дерек алар едік.
№19 Ақмола бекінісі туралы өлкетану әдебиетінде көп жазылған, ол түсінікті де Ресей және Совет заманында қазақ даласына өркениетті осы бекіністер әкелген сияқты суреттеді. Бекіністің алғашқы құрылыстарын салған инженер-подпоручик Попов деген адам екен. Оның жанына Сібір әскерінен 52 солдат бекітілген. Осы солдаттардың көмегімен 1834 жылы Попов Ақмола дуанының басқармасы отыратын үйді, орыс деректерінде «приказ» деп атайды, қызметкерлерге арналған бір-екі үйді аяқтағанға ұқсайды.
Қазақстанды әскери отарлау кезеңінің аяқталуына байланысты 1860-шы жылдары бұрыңғы бекіністерге қала статусын беру саясаты жүргізілгені белгілі. 1862 жылдың 7 мамырында Ішкі істер министрлігі Сібір комитетіне Ақмоланы қала атауға болатыны туралы ұсыныс жасап, Сенат осы жылдың 23 қазанында жарлығын шығарды. Ресми түрде Ақмоланың округтік қала мәртебесін алғаны туралы жұртшылықты таныстыру 1863 жылдың 16 маусымында болды.
1864 жылғы санақ бойынша Қараөткелде 4777 адам өмір сүрсе, соның басым көпшілігі «Казачья станица» мен «Татарская слободкада» мекендейтін. Бекіністің өз ішінде 36 мекеме үйі, 39 жеке меншік үй болды. Стансада 119 үй, 4 қазыналық мекеме үйі болды. Татар слободасында 105 үй. Қаланың өзі осы кезеңде 25 шаршы шақырым аймақты алып жатқанымен, оның шаруашылық мүдделері қала аймағынан ондаған шақырым сыртқа шығып кетті.
1876 жылы Ақмола бекінісі ресми түрде жабылды, бұдан әрі Ақмоланың азаматтық қала есебінде тіршілігі толыққанды жүрді.
Айта берсек, Ақмолаға байланысты шертер шежіре көп. Оның біразын жеке кітап етіп жазғанымыз бар. Көзі қарақты оқырман одан хабардар болар. Бұл жолы көкейдегі көп ойлардың кейбіріне ғана тоқталдық.
...Арқа төсіндегі ажарлы Астанамыз бүгінде Алаштың алтын алқасындай көз жауын алады. Көркіне көз тоймайды. Ел дамуының локомотивіне айналды. Елбасының төл туындысы саналатын сәулетті шаһардың тарихи түп-тамыры арғы ғасырларда жатқанын кейінгі жастар біле жүрсе дұрыс болар еді.
Жамбыл Артықбаев,
тарих ғылымдарының докторы, профессор