Қазақстанның қазіргі заманға лайық жаңа астанасын салу идеясы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі екені мәлім. 1994 жылдың 6 шілдесінде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешімді қабылдады. Көшу процесі ресми түрде 1997 жылғы 10 желтоқсанда жүзеге асты. Ал 1998 жылғы 6 мамырда Президенттің Жарлығымен Ақмоланың атауы Астана болып өзгертілді. Міне, содан бері зуылдап 20 жыл өтті...
Қиын-қыстау кезеңде Елбасының осындай батыл қадамға баруына түрлі факторлардың себеп болғаны анық. Ең бастысы ол Қазақстанның экономикалық және геосаяси мүддесіне байланысты осындай шешім қабылдады. Астана ел аумағы ортасында орналасып, Еуропа мен Азияны жалғастыратын алтын көпір болып тұр. Алайда сол кездегі және қазіргі қаланы еш салыстыруға болмайды. Астананы еліміздің астанасы етіп қалыптастыруға бір емес, бірнеше жылдар кетті. Көп қаржы құйылып, көп күш жұмсалды. Бүгінде Астана – жедел қарқынмен дамып келе жатқан заманауи қала. Бүгінде оны бүкіл әлем мойындап отыр. Астана – Еуразияның дәл кіндігінде орналасқан әсем шаһарлардың бірі әрі бірегейі.
Астананың 20 жылдық мерейтойына орай Алматыда ұйымдастырылған дөңгелек үстелге Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының директоры Әлібек Асқаров, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асылы Осман, журналист-жазушы Қанат Әбілқайыр және қалада шоғырланған түрлі колледж оқушылары қатысты. Олар Астананың өткен тарихы, кешегісі мен бүгінгісі жайында кеңінен әңгіме қозғап, әсем шаһардың мемлекетіміздің дамуына, өсіп-өркендеуіне қосқан үлесі және онда атқарылып жатқан ауқымды істер туралы баяндады.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ