Тарихы XIX ғасырда өмір сүрген ағайынды орыс көпестері Павел мен Сергей Третьяковтардың есімдерімен астасып жатқан Мәскеу қалалық көркемсурет галереясы заманалар келбетінде аса жоғары бағаланған айшықты картиналарды қамтыған. Оның ішінде қазақ суретшілерінің де шоқтығы биік шығармалары бар. Молдахмет Кенбаевтың қазақ жігіттерінің асқақ рухын танытқан «Асауға құрық салу» картинасының түпнұсқасы, Әбілхан Қастеевтің бірқатар іргелі еңбектері, Камиль Муллашевтің «Жер және уақыт. Қазақстан», «Таң» сынды туындыларын айрықша айтуға болады. Коллекциясы жеке қорлар мен өзге де мұражайлардағы бейнелеу өнерінің ең үздік туындыларымен ұдайы толығып отыратын мәдениет ошағының қорында 150 мыңнан астам туынды бар деседі. Елордалық көрерменге ұсынылып отырған экспозиция соның бір парасы ғана. Десе де мұндағы әр картинаның том-том кітапқа арқау боларлық тарихы бар.
Көрме негізінен үш кезеңді қамтыған. XX ғасырдың басынан Қазан төңкерісіне дейінгі Ресей өнерінің негізі қаланған импрессионизм, кубизм кезеңдері, ал келесі төңкерістен кейінгі кезеңнен импрессионизмнен алшақтап қарапайымдылық пен шынайылыққа ұмтылудың лебі еседі. Үшінші кезең соғыс жылдарынан кейінгі жылымық кезең. Ол кездегі туындылардан социалистік реализм, дала өзгерістері, көрерменге күш беруді мақсат тұтқан мотивациялық образдарды көптеп кездестіресіз.
Мәселен, Николай Андроповтың бастан-аяқ суық түсті гамманы қолдану арқылы жылымық кезеңдегі жұмысшының портретін бейнелеген «Монтаждаушы» картинасы қарапайым еңбек адамының қыз-қыз қайнаған тіршілігін танытса, Исаак Бродскийдың «Сарғайып түскен жапырақтар» картинасы жасырын әсемдікті нәзік сызықтармен жеткізген. Көрмеде бұдан бөлек Абрам Архиповтың «Шаруа әйел», Константин Коровиннің «Бауда. Гурзуф», Аркадий Рыловтың «Жасыл шу», Федор Решетниковтың «Тағы да екілік», Татьяна Яблонскаяның «Таңертең», Юрий Пименовтың «Болашақ көшедегі той» сынды әйгілі еңбектерін табасыз. Экспозицияланатын суреттердің көпшілігін орыс бейнелеу өнерінің ұлттық дәстүрінің мәйегі саналатын есімдері Мәскеу көркем сурет мектебімен байланысты шеберлер жасаған. Суретшілердің өздеріне ғана тән дербес мәнеріне, бағыттарына, темпераментіне, көркем сурет тобына қатыстылығына қарамастан дәстүрлердің ұрпақтан-ұрпаққа, шеберден-шеберге беріліп отырғаны еріксіз таңғалдырады.
– Біз Астанада алғаш рет өз коллекциямызды ұсынып отырмыз. Бізді біріктіретін ұлы күш – өнер дейтін құдірет. Мұнда әкелінген шығармалар бейнелеу өнерінің шеберлік шыңын әйгілейтін әлемдік дәрежедегі тарихи еңбектер. Бұл талай суретшілердің шығармашылығына қанат бітіреді деп сенеміз, – дейді Третьяков галереясының Бас директоры Зельфира Трегулова.
Көрменің ашылу салтанатына қатысқан Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы аталған көрме Ресей мен Қазақстан мәдениетін бір арнадан тоғыстырып өнер- сүйер қауымды рухани тұрғыдан жақындата түсетін айтулы шара екенін айтып, Мәскеуден арнайы келген Третьяков галереясының Бас директоры Зельфира Трегуловаға алғысын білдірді. Көрме қыркүйек айының онына дейін жалғасатын болады.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»