– Исламбек бауырым, біз танысып-біліскелі де, міне, біраз жылдың жүзі болыпты. Танысқанымыз рас, бірақ «біліскелі» деп ауыз толтырып айтуға әлі ерте. Әуелі Ақтөбеде ұшырастық, сонан соң Астанада, бір-екі рет Алматыда. Ылғи іссапарда жүресің. Бір аяғың шетелде, бір аяғың өзің туған мекенде, демекші?..
– Бизнестік білім-біліктің бітпейтін де күтпейтін қиыр-шиыры көп. Шетелге жол түсіп тұрады. Әлем есігінің кілті – өзіңіз білесіз, тіл ғой, баяғы. «Тілді білмес – дымды білмес» демекші, тілді түсініп сөйлеу бір басқа, тұшынып бойға сіңіру бір басқа. Бұрын бір ғана ұстаздан дәріс алып келсем, бұл жолы бірнешеуімен таныстым, білістім. Бірі бизнес ілімінің ілкі маманы, бірі кәнігі кәсіпкер, бірі өрікті тісімен емес, ісімен шағып, ішіндегі дәмді дәнегіне дәніккен данагөй профессор...
– Қаймана қазақтың көбісі әлі күнге «әриайдайымды» әндетіп-әуендетіп жүргенде, кешегі қарадомалақ ауыл баласының бүгін шеңберден шығып, шетел асып, құлашты кеңге сермеп жүргені, шынымды айтсам, мендей шығармашылық адамы үшін жаңа үрдіс, жанкешті қадам. Әрине шаруаның бітуі мен ыңғайға келуі барушыға емес, алдымен берушіге байланысты. Тауың шағылып, тауаның қайтқан кездер де аз болмаған шығар-ау...
– Әрине. Қазақы қонақжайлық қайда?.. Түсіңе де, ісіңе де қарайтыны бар. Алдымен ішіңді ақтаруға тырысады. Бұл – кәнігі іскердің кәдуілгі қасиеті. Кім екендігіңе әбден көзі жеткен соң ғана бетін бері бұрып, іштартатыны бар. Құдайға шүкір, әзірге құралақан қайтып жүргенім жоқ. Оларда «біз тойдық, болдық, енді ешкімнің керегі жоқ!» деген тоқмейілсу, кекірік аздыру мүлде кездеспейді. Шынтуайтына келгенде, олар бізге, біз оларға керекпіз. «Адамның күні – адаммен» демейтін бе еді қазақ, тілдесе білсең ғана тірлігің бітеді, түндігің ашылады.
– Бір сөзіңде алты жыл оқып дәрігер мамандығын алғаныңды, бірақ оның түкке жарамай қалғанын айтып едің. Зәру мамандық екенінде зәредей күмәнім жоқ, әсіресе, дерттің демігіп, аурудың асқынып тұрған қазіргі әлетінде. Жас адамның алып ұшқан арман-мақсатынан бір-ақ сәтте қол үзіп, мүлдем басқа арнаның ағысымен алысып-қағысып кете барғаны жан-дүниеңнің жаратылысына жайлы әсер ете қоймаған шығар-ау, қалай ойлайсың?
– Үйелмелі-сүйелмелі алтау едік, анамыздан ерте айрылып қалдық. Әкеміз періште салған ақ жолды пір тұтқан қақ-соғы жоқ бір ғазиз жан еді. Бертінде дүние салды... Тетелес алтауымыз, біріміз ұл, біріміз қыз дегендей, жетелесіп жүріп бір Алланың арқасында бүгінге әупірімдеп жеттік-ау, әйтеуір. «Жетімнің жеті пірі болады» демекші, солардың ішіндегі еті тірі епсектісі мен болып шықтым. Ерте есейдім. Әуелгіде заңгер болғым келген, оған қоса Алматыға бару, көру бір арман... Бала үшін анадан артық кім бар? Қарап тұрсам, үй берекесінің ұйытқысы сол бір ғазиз жан екен ғой. Ажалға арашашы бола алмаудан артық өкініш бар ма? Алғашқы ойымнан күрт айныдым да, аттестатымды алысымен Ақтөбеге барып медицина институтына емтихан тапсырдым. Оқуды тәмамдап, диплом қолыма тигені сол еді, онсыз да жайдақ дүние асты үстіне төңкеріліп түсті емес пе? Амал жоқ, күнкөріс қамына кірісіп кеттік. «Өз күніңді өзің көр, менен қайыр-мейір күтпе!» деген қатыгез өмірдің қатал өкімі, сенесіз бе, құлағымнан әлі күнге кетер емес. Бәлкім, кетпейтін де шығар, жер бетінде соңғы жетім қалғанша...
– Жер бетінде соңғы жетім қалғанша... Мына сөзің менің де қай-қайдағымды есіме салып отыр. Мейлі, ата-анаң болсын, мейлі, туыс-бауырың болсын, мейілі, дос-жораң болсын, мына дүниеден әр адам кеткен сайын Жердің өзі жетім қалатындай көрінеді. Кеткендердің орнын келгендер толтыра ала ма?
– «Менің де қай-қайдағымды...» деп қалдыңыз, соған қарағанда...Сіздің де бала кезіңіз кедірлі-бұдырлы болған-ау, шамасы?..
– Иә, бір ұқсастық бар. Анамыз он төртінде күйеуге шығып, отызға дейін сегіз құрсақ көтеріпті. Төртеуі шетінеп, төртеуі аман қалған екен. Мен сол төртеудің бірімін. Қалай өсіп, қалай жетілгенімізді білетін анамыз да бүгін арамызда жоқ, бірақ жиі түске енеді, жарықтық...Өңін білмеген соң ба, әкем түсіме бір рет те аян берген емес. Бүгінде Исраил деген атым болса – сол қалақтай ғана әзіз анамның арқасы. Тіпті ауылдың көнекөз адамдары бізді «Балалар үйіне» де бермек болған екен... Қысқасы, мұның өзі бір көш жерге жететін хикая...
– Анаңыз әулие екен. Ол кісі жөнінде, өмір тағдырын айтам, жазған дүниеңіз бар ма еді? Кейінгіге ғибрат бола ма дегенім ғой.
– Түсіме жиі енеді... Ән де шығарғам, өлең де жаздым бірталай. Бірақ қайдан орны толсын... Айтпақшы, сіздің әкей қай шаруаның кісісі еді?
– Ауылдың жәй ғана шопыры болатын. Ала арқанды былай тұрсын, кісі есігін бейсәрі аттамаушы еді. Сөйте тұрып көрген-білгені, көңілге тоқығаны көп болатын. Жар қосағынан айрылу, алты баланы бағып-қағу кімге оңай тисін, ертелі-кеш бітпейтін де, күтпейтін шаруаның ішінде жүретін. Ауыл болған соң әркімнің есігі алдында қора-қопсысы, тігерге бірер тұяғы бар. Біздің жақта қыс қатал, қай қыстың қай ыңғаймен келетінін білмейсің. Мұндайда әлгі көлікке де, әкейге де тыным жоқ, әр үйге жемшөп әкелумен әуре. Дағдыланып кеткені сонша, мұнысын күнделікті шаруаның біріне балайтын. Қысқасы, күндіз өкіметтің ісі, кешке көрші-қолаңның бұйымтайы. Ақысыз-пұлсыз, бірақ құнсыз емес, біреудің алғысы, біреудің сауабы дегендей... «Адал еңбегің ғой, алсаңшы?» деп ұсынып жатса, кәдімгідей ренжіп қалатын, тіпті «аулаңа бұдан былай бас сұқпаймын!» деп қорқытып та қоятын әдеті бар еді жарықтықтың.
– Сонда бұл тақуалық, тазалықтың төркін, төрі қайда? Әлде, кішіпейіл мінезінен бе, бәлкім, тым қарапайымдылығы шығар... Қайсыбіреулер қолына қамшы алса болды атқа мінгісі келіп адыраңдап тұрады ғой. Бүгінгідей емес, ауылдағы жапа-жалғыз көлік кімнің жаппасына жамау, қақпасына қарауыл болады дейсің де кейде...
– Е, оның «әлқиссасы» әріде жатыр ғой, аға... Әкеміздің әкесі – Салжан атамыз кәдімгідей әл-қуатты, бақуатты кісі болған екен. Кәмпеске кезінде кәнігі кәззаптардың кәріне ұшырап, ет-жақындарын ала-мала сонаудағы башқұрт жұртына барып бас сауғалаған. Баршаның басына түскен бұл нәубеттің аты да, заты да «Балапан басымен, тұрымтай тұсымен» деп аталып кетті емес пе. Содан атамыз Атажұртқа отыз жылдан кейін барып бір-ақ оралған ғой.
– Апырай, бұл тағдыр дегенді қойсаңшы, біз де отыз жылдан кейін сонау Самарқан тауынан Мырзашөл өңіріне иек артқан екенбіз. Ол жылдары мен бес-алты жастағы баламын. Бірақ бәрі ап-анық, қолмен қойғандай санамда сайрап тұр: бір есек, бір ат, төрт бала және ақ жаулықты пәруана анамыз... Сонда бізді – екі жүздей отбасын Өзбекстанның қақ ортасына төкпей-шашпай аман-есен алып барған халқымыздың аяулы ұлы, арда азаматы Нәзір Төреқұлов екен ғой! Мұны да тым кейін, тіпті кеше ғана біліп жатырмыз...
– Әкемнен қалған сөз бар: «көкірегі көмбе, көзі ашық кісі еді...» деген. Әлде, өсиеті, әлде, өнегесі болар: «Көршіңе қарайлас, бүтін нанды бөліп жегеннің ырысы ортақ болады, біреуге жақсылық жасасаң оның қайтарымын ешқашанда сұраушы болма, өйткені ол қарыз емес, парыз, осыны өнебойы жадыңда тұт...» деп құлағына құйып отырады екен.
– Кісілігіне иманы кәміл адам болған екен де, жарықтық. Сауаттылық дегеннен шығады, Имам Исмаил Бұхаридың ақықи хадисінде де бұл жай аз айтылмайды. Серіктес, сапарлас сахабаларының бірі Мұхаммед пайғамбарымыздан /с.а.с\ : «Қайсы парыз мұсылмандықта ең қадырлы, қасиетті саналады?» деп сұрағанда, Расулулла: «Жетім-жесір мен кәріп-кәсірге жәрдем бергенің, танитын-танымайтынға сәлем бергенің» деген екен. Атадан қалған үйірлі әулеттің үркерлі шаңырағын уыста ұстап қалу да бір қайырлы қасиет. Ал енді Әкеден не қалды, нені алдың?
–Қарашаңырақ қалды. Сонан соң... қарапайымдылық, ең бастысы, қанағат қалды-ау деп ойлаймын. Шынымды айтсам, мектепте оқу, ұстаздан дәріс алу бір басқа екен де, әке-шешеден ауызба-ауыз өмірлік өнеге тану бір басқа екен ғой. Құдайға шүкір, біреуінің көз алдында балғын балалығым өтті, біреуінің көз алдында жігіт шағым қалыптасты. Тағдырыма ризамын, мендегі қасиет екеуіне бірдей қатысты.
– Байқасам, әуелгіде қара базардың қарабайыр қам-харекетінен бастап, айналдырған бес-алты жылдың беделінде әлемдік бизнестің машығына бейімделіп, нарықтың есеп-қисабына қаныға бастапсың. Арада бос жүріс, сәйкі-саяқ сенделіс жоқ сияқты. Бәрі тығыз, тынымсыз шалқар шаруа, жұмыс, оқу, тоқу... Осының бәріне дерлік уақыт табасың. «Алтын қыран» компаниялар тобы жылдан-жылға қанатын жайып, өрісін кеңейтіп келеді. Алда атқарылмақ жаңа жобалар, ауқымды, аумақты іс-шаралар тұр. Компанияның директоры да, маркетологы да, менеджері де өзіңсің. Бір сөзіңде: «Алладан алғанымды халыққа беремін...» дегенің бар еді. Мен осыған ұйыдым.
– Адамның ішкі әлемі әр сөзінен аңғарылып тұрады ғой, аға. Дағдарысқа да дағдылана білу керек. Сабырмен, санамен, ақылмен. Ұмтылып жатқан жігіттер қатары бүгінде аз емес. Бірі епсекті, бірі тәуекелшіл, бірақ, әлеуметтік ахуалға немкетті, әлемдік нарыққа бейім емес. Шаруаларының бірі ақсақ, бірі тоқсақ болып жататыны содан. Ісі оңға басып сәл байи бастаса болды оң-солын танудан қалады. Бизнес дегеніміз – білік, болдым-толдым оған жат. Біліктің өзі тәжірибемен тандем. Күнделікті жетілдіріп отырмасаң діттеген мақсатыңа жетуің қиын. Оның үстіне біздің қазақ, нарықты былай қойғанда, сауда-саттықты сарттың ісі деп келген ғой кешеге дейін. Ал сауда-саттық, өзіңізге белгілі, күнделікті тұрмыстың ғана емес, баюдың, басалқалы болудың алғышарты. Біз бұрын беріп үйренген халық едік, енді беріп те, алып та үйренуге тиістіміз.
– Кезінде бір жерден оқығаным бар еді. «Өркениетке қол жеткізген елде имандылық, қайырымдылық қорлары жыл санап, уақыт санап көбейе түседі...» дегенді. Өз айтуымызша, өркениетке жеткен сияқтымыз, Адамдар арақатынасындағы тұрмыстық деңгей де тиісінше жоғарғы, ортаңғы, төменгі дәрежеде жіктелді. Бірақ күннен-күнге қордалана түскен мәселелер көп те, әлгі қорларымыз жоқтың қасы. Әуелгіде бірен-сараны болған еді... «Алтын қыранның» әріптестері қайда деп жатқаным ғой?
– Ол үшін халықтың тұрмысы жақсарып, қоғамдағы әлеуметтік сана-сезім ашық күнгі аспандай айқындала түсуі керек. Өкінішке қарай, бізде қазір дүмшебайлық, дүниеқоңыздық, өзімшілдік, тойымсыздық, қанағатсыздық психологиясы етек алып кетті. Қысқасы, бүгінгі қазақ бұрынғы қазаққа ұқсамай барады. Баю, тою бақыттың басыбайлы категориясына айналған сайын «эго»-ның /эгоизм, эгоцентризм, т.б.\ ауруы асқына түседі. «Ауызы қисық болса да бай баласы сөйлесін» деп мұны атам қазақ баяғыда айтқан.
– Осыдан біраз жыл бұрын, тәуелсіздігіміздің алғашқы тұсында ғой деймін, біздің рухани өмірімізге «Қазақстан меценаттар клубы» деген айтулы бір жаңалық жарқ ете қалып еді. Әдебиет, ғылым, музыка, театр, бейнелеу өнері, кинематорафия және ағарту саласына сәйкес қазақтың талай марғасқалары Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының иегері атанды. Бірақ ең өкініштісі сол, еркін, тәуелсіз бастама өміршең бола алмады. Қалай қарайсың, осынау ұлтжандылық үрдісті бүгін, әсіресе, дәп қазіргі «Рухани жаңғыру» аясында қайта қолға алуға болмас па екен?..
– Мемлекет тарапынан таңдау, қоғамдық ортадан қолдау табылып жатса, көлденең кесір, кедергі кезікпесе, елжанды елгезек азаматтар ортақ мүддеге ождан біріктірсе, ояға келмейтін іс, ұяға қонбайтын құс жоқ. Бүгінгі кәсіпкер – ертеңгі меценат, ертеңгі меценат – елдің тұтқасы да тұлғасы. Оның үстіне бізде кәсіпкерлер қатарының өсуіне, көбеюіне мүдделі «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы бар. Мен соның президиум мүшесімін. Соңғы бір отырыста ортаға «Періште кәсіпкерлер» ұйымын құрсақ қайтеді деген ұсыныс түсті. Ойлап отырсам, бұл әлгі өзіңіз айтқан «Меценаттар клубына» сәйкес келетін сияқты. Бәлкім, жуық арада тура соны қайталамасақ та, бел шешіп бір шешімге келудің жөн-жобасын іздестірерміз. Тақ-тұқ емеспіз, ұлтжанды азаматтар, құдайға шүкір, әр салада арамызда жүр ғой...
– Аузыңа май, айналайын, айтқаның келсін! Исламбек, бүгінгі әңгімеміздің мәйегі – жан-дүниеңе, ішкі әлеміңе, тағдыр-талайыңа, одан қалса, екеуміз өмір сүріп жатқан қазақы қоғамның қайсыбір түйткіл тұстарына назарымызды бөлдік, ықыласымызды аудардық. Бір сөзіңде: «...Бізге қазір ұлттық аристократияны қалыптастыру қажет. Аристократ – ол тек қалтасы толған адам емес, ол рухани бай, тарихы мен мәдениетін жақсы білетін, ұлтқа жаны ашитын, ұлттың мүддесін қорғайтын адам...» деген екенсің. Қазақшалап айтсақ, бұл дегеніңіз нағыз Бекзаттық болмыс, елжандылық ерекшелік қой! «Жақсы ниет – жарым ырыс» деген, Алла жарылқасын, аман жүр!..
Әңгімелескен
Исраил САПАРБАЙ,
ақын, Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты