Күрес • 08 Маусым, 2018

Алтын тұғыр арман болып тұр?!

505 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Биылғы жылдың сәуір және мамыр айларында «Егемен Қазақстан» газетінде елі­міз­дегі еркін күрестің проб­лемалары жайында «Ең­сесі төмен еркін күрес» және «Олжа салар ұл болса...» атты көлемді екі мақа­ла жарияланған еді. Бүгін ма­қа­ламыз соның жалғасы іспет­тес. Бұл жолы біз Қа­зақ­станның грек-рим кү­ре­сі туралы азды-кемді әң­гіме қозғауды жөн көріп отыр­мыз. 

Алтын тұғыр арман болып тұр?!

Біздің елде еркін күреске қа­рағанда грек-рим күресінің көші әлдеқайда ілгері екені еш дау туғызбаса керек. Бұл ретте бар­шамыз жеңіспен өрілген бай дә­с­түріміз, мықты бапкерлік мек­тебіміз және даңқы алысқа жайыл­ған балуандардың көпті­гімен мақтана аламыз. КСРО дәуірінде осы спорт түрін серік еткен Қазақстанның оғландары Олимпия ойындарында 6 рет жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Олар – Анатолий Колесов (1964 жылы), Валерий Резанцев (1972 мен 1976 жылдары), Анатолий Быков (1976) және Жақсылық Үшкемпіров пен Шәміл Серіков (1980). Төр­т-

­жыл­дықтың басты додасын­да Валерий Бакулин (1968), Анатолий Назаренко (1972), Анатолий Быков (1980) және Дәулет Тұрлыханов (1988) күміс ал­ды. Сондай-ақ 1992 жылы Бар­се­лонада алауы тұтанған жа­рыс­та ТМД құрамасы сапын­да өнер көрсеткен Дәулет Тұр­лы­ханов (1992) қола медальді кеу­десінде жарқыратты. 

Әлем чемпионатында жеңіп алған жүлделеріміз одан да көп. Жалғыз ғана Валерий Резанцевтің та­бы­сының өзі талайларды там­сан­­дырады. Вадим Псаревтай даңқ­ты бапкерден тәлім-тәрбие ал­ған нар тұлғалы жігіт 1970-1975 жылдары аралығында өткен дү­ниежүзілік додаларда қата­ры­нан бес мәрте бас жүлдені олжалады. Қарағандылық Анатолий Колесов (1962, 1963, 1965) пен алматылық Анатолий Назаренко (1970, 1974, 1975) осы белесті үш реттен бағындырса, Шәміл Серіков (1978, 1979) пен Игорь Ростороцкий (1985, 1987) екі рет­тен топ жарды. Валерий Ани­симов (1965), Владимир Баку­лин (1967), Анатолий Быков (1975), Жақсылық Үшкемпіров (1981) және Дәулет Тұрлыханов (1989) бір мәрте чемпиондық атаққа қол жеткізді. Ал Валерий Анисимов (1966) пен Анатолий Назаренко (1971) күмісті иеленсе, Дәулет Тұр­лыханов (1987) қолаға қол созды. 

Міне, КСРО дәуірінде Қазақ­станның грек-рим күресі ше­бер­лері Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттарында осын­дай толағай табысқа қол жет­кізді. Осы орайда біз тек спорт саласындағы ең негізгі екі жарыстың ғана нәтижелерін есеп­ке алғанымызды естеріңізге сала кетейік. Одан бөлек, әлем кубогы мен Еуропа чемпионаты және басқа да толып жатқан байрақты бәсекелер бар. 

Тәуелсіздік алғаннан кейін де Қазақстанның грек-рим күресі ше­бер­лері халықаралық аре­на­­да жақсы нәтиже көрсетті. Олим­пия ойындарында Юрий Мель­ниченко (1994) алтын алса, Георгий Цурцумия (2004) мен Нұрбақыт Теңізбаев (2008) кү­міс медальді олжалады. Мкхитар Манукян (2004) мен Да­ниял Гаджиев (2012) қола жүл­дені еншіледі. 2008 жылы Бей­жіңде Әсет Мәмбетов қола жүл­де жеңіп алған еді. Өкінішке қа­рай, қандасымызға «допинг қол­дан­ды» деген айып тағылып, ара­да бі­раз уақыт өткенде ол сол ата­ғы­нан айырылды. 

Әлем чемпионатында Юрий Мельниченко (1994, 1997) мен Мкхитар Манукян (1998, 1999) екі мәрте дара шықса, Бақ­ти­яр Байсейітов (1998) бір рет же­ңім­паз атанды. 1993 жылы Дәулет Тұрлыханов, 1995 жылы Юрий Мельниченко мен Бақтияр Байсейітов, 1999 жылы қайта сол Мельниченко, 2011 жылы Алмат Кебісбаев және 2017 жы­лы Мейрамбек Айнағұлов пен Демеу Жадыраев күміске қол созды. Ал қола медальді иелен­гендер қатарында Георгий Цур­цумия (2003), Ермек Көкетов (2005), Нұрбақыт Теңізбаев (2009) және Досжан Қартықов (2015) сынды саңлақтар бар. Сондай-ақ Нұрмахан Тыналиев үш мәрте (2010, 2011, 2013) және Алмат Кебісбаев (2010, 2015) екі рет сол межеден көрінді. 

Әрине грек-рим күресінен Қазақстан құрамасының бұл табы­сын жақсы деп бағалауға бо­лады. Алайда «әттеген-ай!» де­ген тұстарымыз да жоқ емес. Мә­селен, тәуелсіздік алғалы бері Олим­пия ойындарында жалғыз ға­на алтын медаль олжаладық. Қазақстан секілді іргелі мемлекет, балуандық өнерде же­ңіспен өрілген бай дәстүрі бар қа­бырғалы ел үшін бұл нәтиженің аздық ететіні сөзсіз. 1996 жылы Атланта Олимпиадасында Юрий Мельниченко атой салғаннан кейін грек-рим күресін серік еткен ешбір өреніміз осы биіктен көріне алған жоқ. Содан бері табаны күректей 22 жыл өтсе де, төртжылдықтың басты додасында Қазақ елінің әнұраны бірде-бір рет шырқалған жоқ. 

Әлем чемпионатында алтын медальдің сыңғырын естімегелі де 20 жылға жуықтап қалды. 1999 жылы Афиныда Мкхитар Манукянға тең келер ешкім та­был­­маған еді. Содан бергі уақыт­та айтулы жарыстың жалауы 16 рет желбіреген екен. Бірақ бас жүл­де Қазақстанның балуанда­ры­на бұйырған емес. 

Қандастарымыз жайында айтар болсақ, 1998 жылы Шве­ция­ның Евле қаласында Бақ­ти­яр

Байсейітов әлем чемпионы атанып, барша Алаш жұртын қуа­ныш пен шаттыққа бөледі. Болмысы бөлек балуанның сол ерлігін қайталауға 2011 жы­лы Ыстанбұлда Алмат Кебіс­ба­ев­тың және 2017 жылы Париж­де Мейрамбек Айнағұлов пен Демеу Жадыраевтың тамаша мүмкіндіктері болды. Бірақ үшеуі де финалда ұтылып, күміс ме­­дальді қанағат тұтты. Міне, қа­зақ­стандық жанкүйерлерді қын­жылтып, көңіліне селкеу тү­сіретін осы жайттар. 

Былтырғы жылдың мамыр айында Үндістанның Нью-Дели қа­ласында Азия күрес феде­ра­ция­сының конгресі өтіп, аталмыш ұйымның басшысы болып Алаштың мақтан тұтар ұлы Дәулет Тұрлыхановтың сайланғаны баршаға мәлім. Да­ңқ­ты балуан, әйгілі бапкер, бі­лікті басшының осындай жауап­ты қызметке келуін бар­ша жұрт жылы қабылдады. Бұл жаңалықты естігенде қазақ жан­күйерлері қатты қуанды. Жа­сы­ратыны жоқ, бүгінгі таңда бел­ді ұйымда қолдаушың болмаса, балуандардың боз кілемде төккен терлері зая кетіп жатады. Түрлі алаяқтар мен арамза төрешілердің қитұрқы әрекеттері сал­дарынан талай мықтының жо­лы бөгеліп, жігіттердің жігері ж­а­сығанына талай куә болдық емес пе?! 

Енді Азия күрес федера­ция­сының тізгіні ұлт патриоты, кү­рес өнерінің жанашыры, нағыз май­талман маманның қолында. Жау­апты жарыстарда біздің жі­гіт­терге енді ешкім себеп-салдар­сыз килігіп, өздігінен тіс батыра қоймас. Олай болса, алдағы бай­рақ­ты бәсекелерде барымызды са­луға тиіспіз. Биылғы жылы бізді Будапеште өтетін әлем чемпионаты мен Джакартада алауы тұтанатын жазғы Азия ойындары күтіп тұр. Сол жарыстарда қазақстандық балуандардың, қазақтың өр мінезді өрендерін алтын тұғырдан көрсек деп армандаймыз... 

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан» 

АЛМАТЫ