Қазақстан • 08 Маусым, 2018

Блокчейн технологияларға бетбұрыс бар

541 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеше Астанада тағы бір ауқымды халықаралық жиын – «Блокчейнді реттеу: оның келешегі мен тәуекелі» атты конференциясы өз жұмысын бастады. Екі күнге жоспарланған халықаралық конференцияның ашылу салтанатына Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары Асқар Жұмағалиев қатысты.

Блокчейн технологияларға бетбұрыс бар

Жиында сөйлеген сөзінде А.Жұма­ғалиев Қазақстанда жаңа технология­ларды қолданудың маңыздылығына тоқталып, оларды дамытудың қажетті шарттарын атап өтті. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының бағыттары аясында интернет, аддитивтік технологиялар, жасанды интеллект, блокчейн сияқтыларды дамытуға баса назар аударылып отыр. Блокчейн технологияларды қолдану мәмілелер немесе операцияларды жүргізу кезінде делдалдарға тәуелді болмай, кедергілерді жоюға септігін тигізеді, деді Премьер-Министрдің орынбасары. Ол сондай-ақ бүгінгі таңда Қазақстанда блокчейн технологияларының негізінде түрлі салаларда жобалар жүзеге асырылып жатқанын тілге тиек етті. Бұған Ұлттық банктің ел тұрғындары үшін қысқа мерзімді ноталар шығаруы, Ауыл шаруашылығы министрлігінің электронды астық қолхаттарын жүргізуде блокчейнді қолдануы мысал бола алады. Бұдан басқа Қаржы министрлігі, «Қазпошта» АҚ, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы блокчейн технологиялар негізіндегі жобаларды іске асырып келеді. А.Жұмағалиев бұл технологияларды одан әрі дамыту үшін заңнамалық база мен қажетті инфрақұрылым қажет екенін айтты. Осыған байланысты Ақпарат және коммуникациялар министрлігі және «Зерде» ҰАХ» АҚ назарын аталған мәселелерді шешуді жылдамдату қажеттілігіне аударды.

Жалпы, конференцияға басқа да министрліктер мен түрлі мемлекет­тік органдардың, ірі ұлттық компа­ния­лар­дың, зерттеу институттары­ның универ­си­тет­тердің, шетелдік және локальды ІТ, телеком, энергетика, консалтинг ком­паниялардың өкілдері, сарап­­шы тұлғалар қатысты. Ал шараны ұйым­дастырушы – Қазақстан Респуб­ликасында Блокчейн және крип­тотех­нологияларды дамыту ұлттық қауым­дастығы екен. Бұл ретте конферен­цияны ұйымдастырушылар тарапынан аталған қауымдастықтың президенті Алан Доржиев сөз сөйледі. Ол мемлекеттің кәсіби қоғамдастықпен және бейінді қауым­дастықтарымен өзара ықпалдастығы елдің алдында тұрған мақсаттарға жету үшін маңызды әрі басты тетіктердің бірі екенін айтты. Конференцияны ұйымдастырудағы бас­ты мақсат – осы саладағы әлемдік үз­дік тәжірибелерді жинау және өңдеу. Ұйым­дастырушы ретінде біз мемлекетпен тығыз ынтымақтастықта осы тәжірибені үйреніп, оның негізінде Ұлттық банктің, ірі шетелдік компаниялардың, басқа да мүдделі тараптардың мүдделерін ескере отырып, қажетті құқықтық құжаттарды әзірлеу үшін мүмкіндігінше барлық қажетті құралдарды жеткізуге әрекет жасадық, деді А.Доржиев.

Конференцияға IBM, Hyperledger, KPMG, Infosys, Еуропа Қайта Құру және даму банкі, АХҚО секілді жетекші әлемдік компаниялар, қаржы инс­титут­тары мен реттеушілері қолдау білдір­ген. Конференция жұмысы бүгін де жалғасуда, онда блокчейн технологияларды экономика, білім беру, мемлекеттік қызметтер және өндірістің түрлі салаларында қолдану секілді мәселелер қаралуда. Спикерлер блокчейн технологияларды қолдану бойынша жеке тәжірибелерін бөлісіп, әлемнің түрлі елдерінде оларды реттеу тәжірибелері туралы әңгімелейді. Екінші күннің маңызды бөлігі АХҚО-ның виртуалды активтерді реттеу саласындағы заңнаманы таныстыруы, сондай-ақ АХҚО қаржы қызметтерін реттеу комитетінің (Astana International Financial Authority, AFSA) виртуалды криптовалюталарды реттеу және жеке орналасымның кеңейтілген режімдері мәселелері жөніндегі консультативтік құжатын талқылаудың ашылуы болмақ.

Динара БІТІК,
«Егемен Қазақстан»