13 Желтоқсан, 2011

Дәуір дауысы

478 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Жас ақын әрі аудармашы, республикалық қоғамдық-саяси «Президент және халық» газетінің тілшісі Бауыржан Сегізбаев құрас­тырған «Кемеңгер келбеті» атты антоло­гия­лық жинақтың тұсаукесер рәсімі өткізілді. Онда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың елі мен халқына қызметі жан-жақты ашып көрсетілген. Қазақстан Тәуелсіздігіне 20 жыл толуы мерейлі мерекесі қарсаңында көптеген жаңа өндіріс орындары мен ғимараттар бой көте­ру­де. Мұның барлығы да Елбасының сарабдал саясатының арқасында жүзеге асып жат­қан шаруалар. «Кемеңгер келбеті» кітабы ар­қылы Тәуелсіздік пен Елбасының еліміз­дің өркендеуіне қосқан сүбелі үлесін жан-жақты ашып көрсету мақсаты қойылған. Ол сәтті шыққан. Б.Сегізбаев өзінің бұл жи­на­ғына әр түрлі басылымдарда жарық көрген Қадыр Мырза Әли мен Тұманбай Молда­ға­лиев бастаған арқалы ақындардан бастап жас ақын Жамбыл Дүйсеновтің өлеңдерін кіргізіпті. Сондай-ақ жинақта Қазақстан Рес­­пуб­ли­касының Тұңғыш Президенті, Ұлт көш­бас­шысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жай­лы елге танымал сазгерлердің, күй­ші­лер­­дің ноталары да топтастырылып отыр екен. Антологиялық жинақ жастарды патриотизмге, отансүйгіштікке тәрбиелейді. Кітап көпшілік оқырманға арналғанымен, әсіресе, оның мектеп оқушыларына да берері мол. Қазақстан мен Елбасы егіз ұғым болып кеткендіктен, аға ұрпақтың көрнекті өкілдері­нің пікірлері де қоса беріліпті. Жинақ екі тараудан тұрады. «Жүрек­жар­ды жыр» деген бірінші тарауға, аты айтып тұрғандай, жыр мен өлеңдер және поэмалар топтастырылса, «Әуелеген ән – күмбірлеген күй» атты екінші тарауда Елбасының көркем келбеті әсем ән мен күмбірлеген күй арқылы әрленген. Жинақ осынысымен де құнды саналады. Мұны жастардың ел Тәуел­сіз­дігінің 20 жылдығына сыйлаған тартуы деп те қарауға болар. «Жас Отан» жастар қанатының атқару­шы хатшысы Нұрлан Өтешев тұсаукесер рә­сімінде өзінің өзекжарды пікірін ортаға сал­ды. «Біз Елбасын мақтамаймыз, біз онымен мақтанамыз. Қазіргі кезде осындай кітаптар ауадай қажет. Тек жастарға ғана емес, мектеп оқушыларына да ірі тарихи тұлға тура­лы көптеген мағлұматтар беруіміз қажет», деді Н.Өтешев. Кітаптың тұсаукесеріне арнайы келіп қа­тысқан жастар жағы бұл лебізге кәдімгідей желпініп қалды. Осы ретте Нұрлан Өтешев дипломмен ауылға кеткен жастардың Астанада басын қосып, арнайы марапатта­ған­да­рын айтты. Ол сол жастардың 90 пайызынан астамы мұғалім екенін, егер осы кітапты оларға әдісдемелік құрал ретінде тапсырса орынды болар деген тілегін де ескерте кетті. Аталған шараның өтуіне Журналистер одағының Астана қалалық бөлімшесі мен «Жас Отан» жастар қанаты мұрындық бол­ған­дығын айта кету керек. 300 беттен тұ­ра­тын кітаптың жалпы таралымы 5 мың дана. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.