13 Желтоқсан, 2011

Мемлекет мерейі – мақтанышымыз!

469 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
10 желтоқсан Қазақ мемлекетінің тарихында ерекше күн ретінде қалатыны анық. Өйткені, бұл күні Парламент Сенаты Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Тәуел­сіздігінің 20 жылдығы декларациясын қабылдады. Бұл сондай-ақ қазақстандықтардың ел үшін, ел бастаған ер үшін мақтаныш сезімін туғызған күн болғаны да күмәнсіз. Төменде күні кеше қабылданған бұл құжат туралы  сол үдерістің тікелей куәгерлері болған бір топ Сенат депутатының лебіздерін жариялағанды жөн көріп отырмыз.   Еліміздің даму символы Людмила ПОЛТОРАБАТЬКО, Парламент Сенатының депутаты. – Бұл құжат – еліміздің даму символы. Елі­міз­­дің тәуел­сі­­­з­дік жыл­­дарында жүріп өткен жо­лына берілген ба­ға. Осыдан 20 жыл бұрын Тә­уел­­сіздік декла­рациясы қабылданған күн кеше ғана көз алдымызда өткендей болып кө­рінеді. Ал бүгін, міне, сол Тәуел­сіздіктің 20 жыл­дығына арналған декларацияны қа­былдап отырмыз. Алдыңғы құжат еліміздің көптен бері аңсаған ар­манын, болашаққа деген бағыт-бағ­дарын, жақсылық­қа ұмтылысын көр­сетсе, осы жолғы Декларация мемлекеті­міз­­дің қалыптасып, оның 20 жыл­­дағы жетістіктерін, даму дең­гейін көрсететін құжатқа айналып отыр. Бұл құжат­тың ерекшелігі, ол заң жүзінде елі­міздің бар­лық жетістіктерін бе­кі­тіп, өс­­ке­лең ұр­пақ ал­­­дын­да ат­қарыл­ған қы­руар істерге өз баға­сын берді. Енді келер ұр­пақ ал­дыңғы толқын ағалары­ның, біз­дің буынның тәуел­сіздік жыл­да­рында атқарған істерінен үлгі алып, елімізді дамытуда батыл шешім қа­былдау арқылы Қазақ­стан­ды одан әрі өркендете­тініне сенімім мол. Ол үшін бізде бар­лық жағдай жа­салған. Оған әуелі халық арасын­да­ғы бірлікті, дос­тықты айтуға болады. Қазақ халқы табиғатынан бітімгершіл, ешқандай алауыздық­қа бар­май­тын, бейбітсүйгіш ха­лық екенін жақсы білеміз. Қазақ елінің осы қасиеттері еліміздегі көптеген этнос өкілдеріне тату-тәтті өмір сүруге жағдай жасап отыр. Бұл ту­ралы Декларацияда жақсы айтыл­ған. Сон­дық­тан өз­ге ұлттардың қазақ халқы­ның осындай жақсы қасиет­терін тү­сініп, оны бағалай білуі керек деп ойлаймын. Біздің Тұңғыш Президен­тіміздің 20 жылдан бері жүргізіп келе жат­қан саяса­тының мәні осында жатқа­нын жүрегі Отаным деп соға­тын кез келген азамат білсе деймін. Ал Мемлекет басшысының елі­мізде бірлікті, халықтар ара­сын­да ынтымақтастықты нығай­туда сіңірген еңбегін бүкіл әлем кө­ріп, біліп отыр. Оны дәлел­деудің өзі артық. Соған сәйкес 1 жел­тоқсан, яғни Тұңғыш Президент сайлан­ған күн жалпыха­лықтық мереке күні деп белгіленді. Бұл – біздің Елбасымызға берілген биік баға.   Табыстарымызды танытар құжат Қуаныш АЙТАХАНОВ, Парламент Сенатының депутаты. – Біз 1990 жылы 25 қазанда Қазақстан Респуб­ликасының Егемендігі туралы декларация қабылда­ғанбыз. Сонда тәуелсіз мемлекет боламыз, өз ал­ды­мызға жеке ел боламыз деп талпынғанбыз. Бір жылдан кейін, 16 желтоқсанда ел тәуелсіздігін жария­лаған тарихи құжат өмірге келді. Содан бері 20 жыл өтті. Еліміз Елбасының бастауымен 20 жылда керемет табыстарға жетті. Алмағайып заманнан аман өттік. Және бізді бүгін әлем таныды, эконо­ми­калық, саяси тұрғыдан, халқымыздың әл-ауқа­тының артуынан алға шығудамыз. Міне, осы 20 жылдық мерекенің алдында жүріп өткен жолда­рымызды саяси-құқықтық құжатқа жинақ­тап отырмыз. Біз ешкім білмейтін елден әлемдік саясатта белді ойыншыға айналдық, жеткен жетістіктеріміз бар деп оны сараптап отырмыз. Бұл – тек бүгін­гілерге ғана емес, ертеңгі ұрпаққа да қажет құжат. Еліміздің табыстарын бағалай отырып, біз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың көшбасшылығы арқасында осы биікке көтеріл­генімізді де құ­жатта бекемдедік. Ал бүкіл ел бо­лып қазақ тари­хында тұңғыш рет Президент сай­лаған күн де ел шежіресінде ойып тұрып жа­зылатын күн бо­латын болды. Сол себептен 1 жел­тоқ­сан­ды мем­лекеттік мереке етіп белгілеуге бірауыздан дауыс бердік. Қазақ тәубешіл халық. Тәубе­міз­ден жаңылмай, ауызбіршілігі­мізге көлеңке түсір­мей, сол баяғы ата-бабадан келе жақтан асыл қасиет­терімізді келер күнге жеткізсек, Қазақ елінің ертеңі жарқын бола­тынына шүбә жоқ. Тәуелсіздік – ұлы ұғым. Халқымыз үшін оның ор­ны ерекше. Мәселе, осы тәуелсіздігімізді жыл өткен сайын нықтап, әлем сахнасында өз биігімізден көріне білу – біздің елдігімізге сын. Өйткені, бізден саны көп болға­нымен, өз алдына мемлекеті жоқ елдер бар екендігі белгілі. Бұл – біздің бағы­мыз, ата-бабалар арманының жү­зеге асқандығы, осы жолда көз жұмған асыл ерлері­міздің қанының босқа төгілмегені.   Төгілген тердің төлеуі Михаил БОРТНИК, Парламент Сенатының депутаты. – Декларация қабыл­дануы­ның тарихи тұрғыдан заңды­лығы бар деп санаймын. Біздің та­бысты да жемісті қадамда­ры­мыз, Қазақ елі атқарған жұмыс­тардың нәтижесі осы Декларацияда кө­рініс тауып отыр. Оның әрбір жолына мән беріп оқысақ, әр жол­дың ар­тында өзіміз куә бол­ған қандай еңбектің жат­қанын көреміз. Өйткені, Декларацияда көрсетіл­ген әрбір та­быста қазақ­стан­дық­тардың маң­дай тері бар. 20 жыл ішінде біз қандай қиын­дық­тармен күресіп, жеңіп шық­тық, онымен қоса, та­быстарға кенелдік – бәрі қам­тылған. Декларацияда келер ұр­паққа біз сіздерге қан­дай мұ­­ра қал­дырып отыр­мыз, сіздер енді соны есе­леңіз­дер деген үміт арты­ла­ды. Олар да ер­тең тарих­ты па­рақтап, біз­бен бір­ге тә­уелсіз­ді­гін жа­рия­лаған ел­дермен біздің табыс­тары­мыз­ды салмақтап бай­қар, сонда әке­ле­рінің, аталары­ның 20 жылдық та­быста­ры­на көз­дерін жеткізеді деген ойда­мын. Өйт­кені, Қазақстандағы­дай мүм­кін­дік солардың барлы­ғында да бол­ды, бірақ дәл біздей пай­даланған жоқ. Сондықтан Дек­ларацияда біз­дің экономика, саясат, әлеумет­тік са­лалардағы табыста­ры­мыз нақ­­ты­ланып, оның нәтижелері жан-жақты атап көр­сетілді. Ал та­быстар дегенде Елба­сы – Қа­зақ­стан Республи­ка­сының Тұңғыш Президенті Нұрсұл­тан Назарбаев   есімі­нің ата­луы та­биғи жағдай. Біз Еуразия кеңістігінің қақ ортасында – Батыс пен Шы­ғыс­тың, мәдениеттер мен эт­нос­тар­дың, діндер мен ділдер­дің тоғыс­қан жерінде тұрмыз. Біз осы ұс­танған саясаты­мыз­бен, бейбіт бастамалары­мыз­бен алға қойған биік мақ­саттарымызға бүгінгі қал­­пы­мыздан айнымай жете берсек, кім-кіммен де терезесі тең ел болатынымыз анық. Ал бұған алғышарттар жеткілікті. Біріншіден, Нұрсұлтан Назарбаевтай сара Мемлекет басшымыз бар. Бірлігі жарас­қан тату-тәтті халқымыз бар. Осының өзі екі елдің бірінің басына қонбаған бақ. Мұны қазақстандықтар жақсы түсін­ген­діктен де, айналасы жиырма жылдың ішінде ғасырға белгісіз жетістіктерге қол жеткізе алдық.   Әркімнің өз үлесі бар Самат ЕСКЕНДІРОВ, Парламент Сенатының депутаты. – Қазақстан Республикасы Мемлекеттік тәуел­сіздігінің 20 жылдығы декларациясы аса маңызды саяси құжаттардың бірі болып табылады. Ол – бүгінгі заман адамдарына ғана емес, келер ұрпақ үшін де салмақты, сабақ аларлық дүние. Адамның рухын көтеретін, патриоттық сезімін селк еткізетін Декларацияның тарихи құндылығы күн өткен сайын айшықтала түсетіні тағы анық. Менің пайымымша, Қазақстанның жиырма жыл­да жүріп өткен жолы, еліміздің осы аз уақыт ішінде орын алған екі қаржы-экономикалық дағда­рыстардан еңсе түсірмей шығып қана қоймай, табыстарын еселей түсуі – қалай айтсақ та жарасатын жетістіктер. Бұған қоса, Отанымыздың бейбіт те өміршең бастамалары мен интеграцияға ұмтылысы, әлемді руханият төріне қарай жетелеп, бір үстел басына қатар отырмай келген дінба­сыларының басын қосып, бірнеше қайтара съезд өткізуі әлемдік келісім үдерісіне қосқан үлкен үлесі екені айтпаса да түсінікті. Қазақстанның жиырма жылда қол жеткізген, бүкіл дүние жүзі танып мойындаған үлкен табыс­тарына ядролық қаруынан өз еркімен бас тартып, әлемдегі аса ірі ядролық сынақ поли­гон­дарының бірі – Семей поли­гонын жабуын, ЕҚЫҰ сияқ­ты халықаралық беделді ұйым­дардағы табысты төрағалығын жатқызуға да әбден болады. Бұ­ған елімізді мекендейтін санда­ған ұлт өкілдерінің татулығын, конфессиялардың келісімін қос­қан­ның да еш артықтығы жоқ. Өйткені, дана халқымыз «Бірлік бар жерде тірлік бар» деп кейінгі ұрпағына ұла­ғатты сөз қалдырған. Олар бұл ұлағатқа адалдық танытып келсе, бұдан тек ұтысқа шығып отырмыз. Декларацияда еліміздің барлық саладағы жетістіктері жан-жақты атап көрсетілді. Маған ауыл шаруашылығы саласы жақын болған­дықтан, тарихи құнды құжатта агроөнеркәсіп кешеніне бай­ланысты айтылған жәйттер аса орынды көрінді. Себебі, мұнда менің де үлесім бар. Тұтастай алған­да, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік тәуел­сіздігінің 20 жылдығы декларациясынан әрбір қазақстандық өз үлесін көреді ғой деп ойлаймын.