Теннис • 10 Маусым, 2018

Рафаэль Надаль «Ролан Гаррос» турнирінің чемпионы атанды

429 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Ролан Гаррос» турнирінің ерлер арасындағы финалында испаниялық Рафаэль Надаль мен австриялық Доминик Тим күш сынасты.

Рафаэль Надаль «Ролан Гаррос» турнирінің чемпионы атанды

Бірінші партияда Надаль брейк жасап, 2:0 есебімен алға шыққанымен, көп ұзамай Тим таразы басын теңестірді. Дегенмен есеп 5:4 болып тұрған кезде испаниялық спортшы тағы бір брейк жасап, сетті сәтті аяқтай білді.

Екінші сетті де испаниялық теннисші қарқынды бастап, 3:0 есебімен алға кетті. Содан кейін де басымдықты уысынан шығарған жоқ - 6:3.

Үшінші партияда австриялық өз геймін әупіріммен алып, 1:0 есебімен алға шыққан, бірақ ары қарай сол қарқынын жалғастыра алмады. Надаль бұл сетте де қарсыласына еш мүмкіндік бермей, 6:2 есебімен ұтты.

Матч 2 сағат 42 минутқа созылды. Осылайша Рафаэль Надаль «Ролан Гаррос» турнирін 11 мәрте ұтты. Ол осы жеңісімен 2,2 млн доллар табыс тауып, рейтингтегі көшбасшылық орнын да сақтап қалды.

Бұл - Рафаэль Надальдың «Үлкен дулыға» турнирлеріндегі 17-інші жеңісі. Ол «Ролан Гарростан» басқа US Open турнирін - 3, Уимблдонды - 2, Australian Open жарысын 1 рет ұтқан еді.