Қазақстан • 11 Маусым, 2018

Қытай-Қазақстан мәдени-білім беру орталығы ашылды

474 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қытай Халық Республикасының Southwest университетінде Қытай-Қазақстан мәдени-білім беру орталығы ресми түрде ашылды. Орта­лықтың салтанатты ашылуы осы іске ұйытқы болған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде онлайн жүйесі арқылы көрсетіліп, оған аталған университет және Southwest университетінің мамандары қатысты. 

Биыл наурыз айында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов пен филология факультетінің деканы Шолпан Жарқынбекова Southwest университетіне арнайы барып, келісімшарт жасасқан болатын. Міне, үш ай өткен соң Қытай-Қазақстан мәдени-білім беру орталығы салтанатты түрде ашылып, өз жұмысын бастап кетті. Болашақта екі университет арасындағы академиялық ұтқырлық, ғылыми-зерттеу қызметі, профессор-оқытушылар алмасу, қос диплом бағдарламасы осы орталық арқылы жүзеге аспақ. 

Шара барысында филология факультетінің басшысы Шолпан Жарқынбекова наурыз айын­да талқыланған барлық жоспарлардың сәтті жүзеге асып жатқандығын жеткізді. Бұл орталық екі университет арасында ғана емес, екі ел арасындағы достық қарым-қатынастың айқын дәлелі екені және биылдан бастап бұл орталықта Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың қазақ тілі кафедрасының оқытушылары қазақ тілінен сабақ беретінін айтты. Ал Southwest университеті шет тілдер факультетінің деканы Лю Чэню тікелей эфир барысында алдағы уақытта екі университет арасында оқу, білім және ғылым саласын дамытып, сондай-ақ мәде­ни іс-шаралар ұйымдастырылып, жастар үшін қызмет жасайтынын жеткізді. Оның айтуынша, университетпен арадағы келісімшарт негізінде құрылған орталық екі ел арасында алтын көпір болмақ. Бұл орталық Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың бастамасымен ашылған алғашқы орталық емес. Бұған дейін Минск пен Иранда ашылса, таяу болашақта Түркия мен Үндістанда да ашылады деп жоспарланып отыр. 

Жансая ЖҰМАШ,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика және саясаттану факультетінің 1-курс студенті

Соңғы жаңалықтар